«…Тәтті әнге қанар құлақ құрышы, Сөз бен өлең  адамзаттың тынысы…»

 

Алдыңғы аптаның жұмысында жолымыз Текеске түсті. Аспантаудың етегін жаз жайлап, қыс қыстаған жұртшылықтың көңіл сарайын әнмен әрлеп, жырмен жұлдыздаған, күймен көркемдеп, өлеңмен өрген тау тұлғалы Мәкен Әлиасқарұлының 80 жылдық мерейтойы ұрпақтары, жерлестері ортасында ойдағыдай аталып өтті.

  Текестің төрінде, аспандай ашық көңілде мәдениет үйінде ән сүйер, жыр сүйер қауым бас қосты. Сахнаны сәндеген мерейтой иесінің алып кескінді келбеті төрден тұрақты орын алды. «Әнші арманы» тақырыбы  Мәкеннің әнді, мәнді ғұмырын айшықтап көрсеткендей.

Дара тұлға  өлшеулі өмірінде қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген  сөзіне лайықта ғұмыр кешкенін кеш қонақтары көріктеп айтты. Рас-ау! Бір бойына әншілікті, сазгерлікті, ақындықты адал сыйдыра білу және оны зәу көкке кемелді көтеру кім көрінгенге дарыпты дейсіз? Жарық дүниені жанарымен емес, жүрек көзімен кескіндеген жанның жүрегінде жалынды жыр жатқанын нота тілінен, үрия үнінен анық аңғарасыз.

Толқынды тағдыр иесін иектеген музыка мен қара сөз – Мәкенді биікке көтерсе, Мәкен өнерді өрге өрлетті. Бір арнаға тоғысқан пікірлерден, тілектерден осыны жазбай таныдық.

Өлеңге-жырға сусаған халық өнерге қол соқты. Сахнада мерейтой иесінің көзі тірісінде түсірген кино лентасы ұсынылды. Жүрек жарды тілектері, сырлары айтылды. Жарқын жүзін көрген көпшілік ішінде көз жасына ерік бергендер болды. Тұғырлы жердің әруағын алты алашқа асырған жерлестеріне көлдей  көңіл танытқандар да табылды.

Аудан әкімінің орынбасары Н.Сағатбекұлы Мәкен Әлиасқарұлының өміріне аз тоқталып:

–Бір бойына бірнеше өнерді сыйғызған азамат 1939 жылы Тегістік ауылында дүниеге келген. Үш жасында жанарынан айырылып, кембағал болған оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен қатар келген еді. Әкесі қан майданда қаза тауып, бар ауыртпалық мойнына түскен. Анасы Талжібек тұрмыстың тауқыметін тарта жүріп бір ұлы мен екі қызын бағып-қағып ешкімнен кем қылмай жеткізген. Әсіресе, жалғыз ұлы Мәкеннің денсаулығына қатты алаңдап, қос жанарына сәуле сыйлауға барын салған екен. Бала Мәкеннің зеректігі мен өнерге құштарлығы оны жасытқан емес. Өмірден кетсе де көңілден кетпеген жанның асыл мұрасын бәз қалпында сақтау біздерге парыз,– деді өз сөзінде.

Зағиптық өмірдің тауқыметін тартса да сынына мойымай, жігерін жанып, қайсарлықпен, еңбекқорлықпен талай биіктерді бағындырды. Бұл бұралаңы көп жолда анасы мен жары Бүбіжанның кең қолдауы көп. Шаттыққа толы шаңырақ астында үш қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие беріп қатарға қосты. Бүгінде сол Назгүл мен Жанар әке жолын қуып, бірі қобызшы, бір қазақ радиосында музыкалық редактор болып жұмыс жасайды.

Жүзге жуық әні бар

Қазақ радиосының «Алтын қорына» жүзге жуық әндер жазған. Олардың ішінде халық әндері мен халық композиторларының әндері, қазіргі заманғы авторлардың әндері бар. Мәкен Әлиасқарұлы орындаған әуезді әндер қазақ радиосы мен теледидар арқылы қазақ даласына шарықтап, тыңдармандардың құлағына жетіп жатты. Әншінің дауысымен күйтабақтар да жазылған. Бойына бірнеше өнерді ұштастырған өнер иесінің өзі де туындыларды дүниеге әкелген. «Қаратау кеші», «Ару қалам – Астанам» сияқты әндері жезтаңдай әншілер – Бақыт Әшімова, Ескендір Хасенғалиев, Зейнеп Қойшыбаевалардың орындауында әнсүйер қауымның көңіл көкжиегінен орын алып келді.

Өзі бала күнінде радидан әндерін үзбей тыңдаған Жүсіпбек Елебековтен мол тәлім алып, Арқаның әндерін үйренген. Жанары жарықты көрмегенімен естіп, қабылдауы мен есте сақтау қабілеті өте мықты болған-ды. Көңіл түйсігімен талпынып газет-журнал беттеріне өлең шумақтары мен көптеген мақалаларын жариялап тұрған. 1990 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданған. Сазгер Садық Кәрібаев туралы «Әншіл жүрек», жазықсыз жапа шеккен азамат жайлы «Замана зардабы», «Сезім – тіршілік тынысым» атты ғұмырнамалық кітабы жарық көрген. Әуесқой композитор ретінде «Нарынқол жастарының жыры», «Кегендіктер әуені», «Аңыз ата», «Менің өлкем – Жетісу» сынды әндер бүгінде өз тыңдарманын тауып, үлкен сахналарда орындалып жүр.

Әнші-сазгер Мәкен Әлиасқарұлының өмірі мен шығармашылығы жайында көптеген хабарлар түсіріліп, ел назарына ұсынылған. «Абай әндері», «Саз самалы», «Сыры терең өнерпаз», «Ақтолқын әуендері» тақырыптарында хабарлар, сазгермен болған сыр-сұхбат-концерттер де қазақ радиосының толқынында  ұсынылған болатын. Әуе толқынында талай мәрте аты аталып, әуелеген ән шырқалып тұрған өнер иесінің шығармашылығымен осылай тамсандырған.

 

Ауданымызда әнші-сазгер атамыздың сексен жылдық мерей тойына  орай мәдени іс-шаралар басталып кетті. Республикалық «Ана тілі» газеті Мәкен Әлиасқарұлы туралы көлемді мақала жарияласа, облыстық «Жетісу» газеті сазгер туралы жан-жақты зерттеп басты. Сондай-ақ, республикалық «Шалқар» радиосында арнайы әзірленген «Тоғыз тарау» бағдарламасында бір туар азамат жайында дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, ақын Айтақын Әбдіқал, Еркін Шұрайов секілді өнер майталмандары салиқалы сөз сөйледі. Алдағы апта да Мәкен атамыз туралы «Қазақ» радиосы жеке шығармасына арнап, хабар дайындамақшы.

Кешке жиналған қонақтар ішінде Мәкен Әлиасқарұлының көзін көрген, бірге жүрген үзеңгілес болған замандас бауырлары көптеп есті естеліктер айтты. Ерекше жанның ерекше жаратылысы, өнерге деген  жанашырлығы, бір басынан асқан мәдениеттілігі тілге тиек болды.

 

 

 Зипа бойынан мін таппаушы едік

Ерлан Үсенов,      

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор:

– Мәкен атамыздың бойындағы өнерді дара бағалаған жан ретінде ол кісіні жақсы білемін десем артық емес. Басқа-басқа өнер өлкесіне аяқ басқан кез-келген жан ол кісінің шығармашылығымен таныс қой деп ойлаймын. Өнердің қазанында қайнап шыққан тұлғалармен шығармашылық байланыста болды. Әсіресе, жастарды өнерге баулуда ол кісінің еңбегі ерен. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі зипа бойынан бір мін таппаушы едік. Басынан аяғына дейін киімін ұқыпты киетін. Нағыз музыкантқа тән мінезді Мәкен атамыздан көруші едік. Кешегі сол шәкірттері бүгінде өнер майталмандары болып отыр. Жақсының шапағатын көру деген осы да болар.

 

 Қазақтың қанынан толқып шыққан

Жұмабай Шаштайұлы,

 жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері:

–Нарынқол өңірі өте қасиетті жер. Қазақ халқының маңдайына біткен бір туар азаматтарды тудырған топырақтан әлі де талантты жандар көптеп  шығады. Музыканы мәуелеген алып бәйтерекке теңесек Мәкен атамыз соның сом бұтағы іспетті көрінеді. Қазақтың қанынан толқып шыққан сазы бар да, әні бар да жаһанның жылтырағына жығыла кетпесіміз шындық. Рухы биік, өрлі, өрелі сазгерлік шығармашылығынан осыны байқауға болады. Бастама ретінде көтеріп отырған бүгінгі шара уақытылы қолға алынып отыр ғой деп ойлаймын.

 

  Әнмен  өрілген өмір

Кеңесбай Байқанов,

Алматы облысының Құрметті азаматы:

 –«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» –дейді. Өте ақылды, көркем мінезді азамат еді. Әнді нақышына келтіріп айтатын. Оның өмірі қысқа болды дей алмаймын, әнмен өрілген өрелі ғұмыры баянды жалғаса түсуде. Бүгінгі жастарға Мәкен атасының жүріп өткен жолы үлгі болады ғой деп сенемін. Ең бастысы еңбек ете білу керек. Мәкен атамыз қос жанары көрмесе де  еңбексүйгіш болатын. Өзіне емес, өзін бағалаған еліне еңбек сіңірді. Бүгін сазгердің  сексен жылдығын мерекелеп жатсақ, ертең 100 жылдығын республикалық деңгейде атап өтейік.

 

Жарасымды жалғасын тапқан тілектер толас таппады. Жақсылардың жалғасындай болған шырақты өмірдің жыршылары – көз көрген азаматтар лек-легімен сахнаға шықты. Мәкен өлген жоқ, әлі тірі, әлі ортамызда десті. Ардақтайтын арда елі барда сазгердің өмірі жалғаса бермек. Музыканың өміршеңдігіне, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне тағы да көз жеткіздік. Куә болдық. Бүтін  елдің бір тарихы музыканың өн бойына өрнекті жараса кеткені,  қария-тарихтан қазақтың қоңыр тірлігін елестеткендей болды.

Көпшіліктің көңіл көкжиегін кеңіткен жақсылардың жан жылытар сөздерінен қаймақтай қарпып ап айтсақ таңды-таңға ұрармыз. Ән-ғұмыр, жыр-ғұмыр Мәкен Әлиасқарұлының кеші өзінің өрнекті шығармасымен шырайлы жалғас тапты.  Әуелеген әндер, шертілген күйлер саба толы қымыздай сапрыла берді.  Әрбір жүрек төрінен тұрақты орын алған, әрлі әуендер өміршең екеніне еріксіз сендірді.

Құшағында баян, қолында домбыра

Біз Мәкен ағаны 1970 жылы Нарынқол ауданының жаңа Текес ауылынан кездестірдік. Жаңа Текесте кәсіптік-техникалық училище бар еді. біз 5-6 қыз Қарасаз ауылынан курсант болып қабылдандық. Сол кезде көзінде қара көзілдірігі, қолында домбыра, құшағында баян өзі ақын өнер адамы екен. Бізге тәрбиеші әрі мұғалім болды. Сабақтан тыс уақытта бізге  домбыра үйірмесін жүргізеді.

Бір күні «Туысқан партия» деген күй шығардым деді.  келесі сабақтарда Ахмет Жұбановтың «Би» күйін, Түркештің «Қара басын» өзінің  «Туысқан партиясын» үйретті. 1972 жылы сәуір айында Алматыға облыстық көркем өнерпаздар байқауына алып барды. Бізді ГПТУ-3-ке орналастырып, өзі жалғыз таяғын тықылдатып кетіп қалды. Бәріміз Мәкен аға адасып кеткен шығар, машина қағып кетер ме екен деп уайымдасақ ертеңгі сағат тоғызда қайтып келді. Байқауда өзі шығарған «Нарынқол жастардың жырын» баянмен орындады. Бірде Мәкен аға «Сезбесем көктемді» деген өзінің шығарған әнін маған жаздырды. «Сен Күлшақан Ұзақбаева домбыраны шебер тартады екенсің» деді. Мен ылғи осы әнді концерттерде «Сезбесем көктемді» деп орындап жүрдім. Бала-шағаларыма әркезде үлгі етіп айтып отырамын. Кейінірек Жанатгүлдің жинақтаған деректерінен ол әннің «Көктем» әні екенін білдік. Ауылда наурыз мерекесіне осы күні «Көктем» әні деп орындап жүрмін.

Күлшақан  ҰЗАҚБАЕВА.  

 

Менің тынысым

Ой, түйсікті мазалайды сұрақтар,

Әркімде де көздеген бір мұрат бар.

Барлық дене балбыраса демалып,

Күндіз-түні ұйықтамайды құлақтар.

 

Өлең десе құлағымды түремін,

Тәуіріне лүпіл қағар жүрегім.

Бойымдағы қасиетті мүшені,

Жырға қосу борышым деп білемін.

 

Құлақтарым тірліктегі серігім,

Қара бастан сылып тастар сені кім?

Өздеріңмен егіз туған қызыл тіл,

Ар-ожданның қыздырады көрігін.

 

Сол екеуі үй ішінде, далада,

Ем табатын жан күйдірер жараға.

Шанақтағы күмбірлеген күй сазын,

Сары майдай сіңіреді санаға.

 

Жүйрік құлақ бар ғаламды көздеді,

Ыссыға да, ызғарға да төзеді.

Жанарынан айырылған адамдар,

Төңірегін құлағымен сезеді.

 

Сол сезімнен табылғандай керегі,

Талпынады талаптысы зерегі.

Естігенін жоғалтпайды зағиптар,

Бар қызығын құлағымен «көреді».

 

Кейде құлақ қытықтаса арыңды,

Жоқты қазып, жазғырасың жарыңды.

Отбасыңды араласа сумаң тіл,

Ұмыттырар дүниеде барыңды.

 

Тәтті әнге қанар құлақ құрышы,

Сөз бен өлең адамзаттың тынысы.

Зағиптардың құлақтары ауырса,

Соры қайнап, сарқылады ырысы.

 

Өрге сүйреп, өрмелеткен өзімді,

Тыңдаушыға жеткізе алған сезімді.

Ауырсынбай арқалаған батпан жүк,

Құлақтарым жоқтатпайды көзімді.

Мәкен Әлиасқарұлының шығармашылығынан.

Серікжан Мурасилов,

Текес ауылы.

 

 

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password