Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі

 

 «Рухани керуен» жобасы Сарыжазға келді

  Өткен аптаның жұмасы күні Сарыжаз орта мектебінде келелі кездесу болды. Мәні мен маңызы зор  жүздесу,  2017 жылдан бастау алған «Рухани керуен» жобасы аясында өрнек тапты.

  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жер жерлерде  кең құлаш жайып, миссиялық міндетін мінсіз атқарып жүр. Ел-жұрттың  қалауымен қолдауға ие қомақты жоба  облыс әкімі мен Дін істері басқармасының  ұйымдастыруымен жүзеге асады.  

  Жоба аясында, атқарылған жұмыстар сараланып, ел ертеңі, болашақ бастамашылары – жастар бойындағы рухани құндылықтарды арттыру мақсатында түрлі тақырыптар сарапқа салынады. Дін мен салт-дәстүріміз егіз ұғым екені және оның жаңғыру жолы бесіктен басталатыны терең түсіндіріледі. Бұл бағыттар бойынша, рухани мәдениетті ілгерілету, дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын қалыптастыру, жастардың  патриоттық сезімдерін арттыру жобаның басты бағыты болып табылады.

  «Рухани керуен» жобасын кемелдендіріп оның маңыздылығын жеткізу мақсатында облысымыздың шекаралы аймақтарында (Алакөл, Сарқан, Ақсу, Текелі қаласы, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Панфилов, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандары) жоспарға сәйкес 6 бағыт бойынша іс-шара өткізілген. Тереңдете түсіндіре кетсек, әскери сарбаздармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ерікті, маргиналды жастармен Face to Face форматында сұхбаттар, Open Air форматында сурет және кітап көрмелері, құқық қорғау органдарының және шекара отрядтарының қызметкерлерімен ашық алаң форматында кездесулер, деструктивті діни ағым ықпалына түскен азаматтармен оңалту жұмыстары, ауыл тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары сондай-ақ, «Рухани қазына» атты концерттік бағдарлама жобаның артар  жүгі десек артық айтқандық емес.

  Осы бағдарлы бағыттар бойынша, ауданымызға атбасын тіреген «Рухани керуен» тобы жобалы жұмыстарын мектептен бастады. Келелі кездесуге көзайым бола келген ауыл тұрғындары, әр округтердегі мектеп директорлары, сала, мекеме басшылары толықтай тартылды. Күні кеше құрылған  жаңа ауданымызға арнайы жол салған жоба ұйымдастырушыларын бір жыл бұрын да  аудан жұртшылы жылы шыраймен қарсы алып еді. Міне, ұлт жолындағы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде  ірілі істерімен танылған «Рухани керуеншілер» тағы да төрімізден табылды.

  Келелі кездесудің көркін кіргізген жобаның құрамында Кино және театр әртісі, Қазақ КСР Халық әртісі, Алматы облысының Құрметті азаматы, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының жоғары санатты әртісі, жерлесіміз Алмахан Кенжебекова, Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Айгүл Әлі, Шет тілдер және іскерлік краьера университеті дінтану мамандығы бойынша гуманитарлы ғылымдарының магистрі Самат Сапарғали, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мәди Алжанбай сынды азаматтар болды.

   Сөз тізгінін қолына алған аудан әкімінің орынбасары Н.Сағатбекұлы қонақтарды жеке-жеке таныстыра келе, тақырып төңірегінде аз тоқталып өтті.

 –Діни ұстанымдар мен ұлттық дәстүрлер жүйесін жаңғырту арқылы ғана кез келген халық өзінің рухани мәдениеті мен өзіндік дүниетанымын қалыптастыра алады. Ал мәдени мұраны қастерлеу, сақтау және оны байыту жалпы адамзат пен әлемдік мәдениетке қосылған үлесі болып табылады, – деді өз сөзінде.

  Иә, дін тек діни ілімнен немесе құлшылық рәсімдерінен ғана тұрмайды, ол отбасылық мәдениетті, заңдылықты, ұлттық діни дәстүрлерді, ұлттық рухани мәдениетті, білімді, ұлттық тілдегі діни уағызды қоса қамтиды. Сондықтан дін оны ұстанған ұлттардың, қоғамның рухани мәдениетімен ажырамас байланыста дамитыны уақыт көзеңінен көрініс береді.

  Осы және бұдан да басқа сұрыпты сұрақтар бойынша «Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» тақырыбында  Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Айгүл Манапқызы жұғымды жауабын берді. Көп ұлтты еліміз үшін қоғамдық саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің мәнді маңызға ие екенін ерекшелеп айтты. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім еліміздің Мәңгілік елге айналу жолындағы басты игіліктерінің бірі болып саналады. Ол жөнінде маман: «Әртүрлі этникалық және көп конфессиялық көрсеткіштер елдің демократиялық бағыттарының дамуына ықпал етуде. Мемлекетімізде 18 конфеция тірлкелген. Оның он екі конфессиясы Алматы облысында жұмыс жасайды. 1-уі Исламдық бағытта,  он бірі христиандық бағытта» – деді, баяндамасында.

  Заман өзгерген сайын қоғам талаптары да өзгереді. Кез келген қоғамның тыныс-тіршілігіндегі діннің алатын орны ерекше екені анық. Бұл тұрғыда, Елбасы Н.Назарбаев: «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады» деп, діннің алатын орнын даралап көрсеткен болатын.

Айгүл Әлі,

Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының орынбасары:

– Елімізде дін саласы 2011 жылы 11 қазанда шыққан діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заң және Қазақстан Республикасында дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамамен экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл 2018-22 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде қарастырылады. Аталған құжаттардың бірі – Деструктивті діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтармен түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізу. Және түрлі теріс діни ағымдардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын үйлестіру болып табылады.  

  Осы орайда, кездесу барысында бейне баянда ұсынылған Алматы облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жобасының мақсат-міндеті ұсынылды. Аталған жоба ұлағатты істерге бастамашы бола 12 бағытта түрлі шаралар шаттық тапқан. Оның ішінде, жер-жерлерде кездесулер жасап, жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын қарастыру мен деструктивке шалдыққан отбасылармен жеке оңалту жұмыстары жасалса, діни себептермен екпе мен қан құюдан бас тартқандармен жүздесулер ұйымдастырылған.

  Мұндай маңызды жұмыстар кездесу форматында қалып қоймау үшін түрлі сурет, кітап көрмелері де таныстырылды. Кең көлемде түсіндіру бағытында кітаптың рөлі жоғары екені айтпаса да ұғынықты. Онда министрліктің діни сараптамасынан өтіп, оң қорытыныдысына ие болған түрлі ақпаратты оқулықтармен кез-келген азамат таныса алады. Сондай-ақ, қазақ халқының сүт бетіндегі қаймақтары, ағарту жолында жанын жалдап еңбек еткен – ғалымдар мен әдебиетшілердің, ақын-жазушылардың, кемеңгерлердің қанатты сөздері топтасқан тақталар тамашаланды.

  Жоба 2019 жылы мақсатты түрде шекаралы аймақтарға жоспарланған сапарларында Алакөл, Сарқант, Ақсу, Текелі, Ұйғыр, Кеген аудандарында діни сауаттылықты арттыруда үлкен басқосулар жүргізді. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының шекаралы аймақты дамыту жоспарлы тапсырмасында шекараны шегендеу, халық санын арттыру, тұрғылықты мекендердің жағдайын жасау сияқты жұмыстармен қатар, ондағы тұрғындарды  рухани байыту, тәрбиелеу сияқты кезек күттірмес келелі мәселелер жобада көрініс табады.

  Алмахан Кенжебекова,

Кино және театр әртісі, Қазақ КСР Халық әртісі, Алматы облысының Құрметті азаматы, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының жоғары санатты әртісі:

– Жақсы адамдардың қатарына қосылу, жақсылардың сөзін тыңдап өсу – біздің басты мақсатымыз еді. Дұрыс жолға түсуге, дұрыс әңгіме тыңдауға асық едік. Соның барлығы үлкен өмірге деген дара дайындық екенін енді түсінгендейміз. Бүгінде өмір өзгерді. Бір үйде бес бала болса бесеуі бес жаққа тартады. Біріне көлік керек, біріне ұялы телефон, енді біріне жаңа киім қажет. Табыстың қайдан келіп, қайта кетіп жатқанымен шаруасы шамалы. Компьютерленген заманда бала да робаттанып кеткендей. Телфон – тілден, теледидар – ділден айырған заман болды ғой. Шақ еткенге, шап еткен мінез қалыптасты. Ұстазын көрсе именіп, иіліп тұратын бала бүгінде жоқ-ау. Мұның бәрі әрине, рухани жұтаңдығымыздан, тәрбиеде – тайыздығымыздан деп білемін. Жоқшылық бізді ерте есейтті. Біз сыртымызға емес, ішімізге үңілдік. Ішкі жандүниемізді дамытуға, байытуға тырыстық. Рухани жаңғыру жай ғана сөз сияқты. Бірақ оның мәні тым тереңде. Алтай мен Атыраудың арасындай кең даламызды  батыр халқымыз немен алып қалды дейсіздер… әрине, рухының күштілігінен, намысының мықтылығынан, тектілігінен. Сондай ұлттық кодымыз мықты кезде ғана біз өзгенің өзегіне жұтылып кетпейміз. Тарихтың тарғыл беттерінде  ұлттығымызды жою жолында нендей кесапатты жағдайлар болмады дейсіздер? Бәрі болды. Ол сұрқай саясат әлі жалғасып жатыр. Қазір  қару қолданбай-ақ жаулап алу жүйесі күшейді. Сондықтан да ата-баба жолын ұстанған дәстүрлі дінімізді жаңғыртып, етек-жеңімізді жинау керекпіз. Ол біздің болашағымыз. Ал болашақты құраушы – жастар. «Рухани керуен» жобасы ұлтымыздың ұлылығын ұлықтауға бастамашы сондай бірден-бір жоба деп түсінем.

  Екі сағатқа созылған кездесудің екінші бөлігі Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінде жалғасты. Онда колледж студенттерімен  Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының дінтанушысы Медет Әшімжан, Жастарға қызмет көрсету орталығының бас маманы Әйгерім Серікқызы кездесу жасап, діндегі теріс ағымдар турасында тілдесті. Жастар да өз тарапынан жоба мүшелеріне осындай  кездесулерді жиі ұйымдастырып тұруын сұрап, келген қонақтарға алғыстарын жаудырды.

 Қорытынды сәтте, Сарыжаз орта мектебінің мәжіліс залында әнші-сазгер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері  Бақберген Асқарбеков пен облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі Эльмира Дәуренбекова әннен шашу шашты. Сондай-ақ, кездесуге жиналған жұртшылық кітап көрмесіне көзайым болды.

Серікжан Мурасилов,

Сарыжаз ауылы.

     

     

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password