Саналы ұрпақ –  жарқын  болашақ

                        

       Биылғы  білім  күні  мерекесі  Қақпақ  ауылының  кәрі-жасының  санасында  сақталып, ойына   оралып  жүретіні  анық. Олай  деуімізге себеп  жоқ  емес. Осыдан  40  жыл  бұрын  жаңа  мектеп  аталып, алғаш  шәкірттеріне  есігін  айқара  ашқан,бүгінге  дейін  сан-мыңдаған  шәкіртті түлетіп  ұшырған   үш  қабатты  білім  шаңырағы    сыны  кетпесе  де  сыры  кетіп, о  бастағы  ажарынан ажырап, күрделі  жөндеу  күтіп  тұрғаны  айқын  еді. Сөйтіп, көкейтесті  мәселе  ауыл  тұрғындарының  да, ұстаздар  мен  шәкірттердің  де  қол  жетпейтін арманына  айналғандай  болған. Арман  да  орындалатын, көкейтесті  мәселе  де  жүзеге  асатын  сәт  болады  екен. Оның  жарқын  көрінісін  ел-мен  жердің  тіршілік-тынысына  бей-жай  қарай  алмайтын, халықтың  көз  қуанышын  өзінің  қуанышы  деп  сезінетін  аудан  басшылары  мен  бірегей  азаматтардың  тындырымды  істері  дәлелдеді. Аптал  азаматтардың  ізгі  істерін көз  көрді, көңіл  қуанды.

    1 қыркүйек  күні  мектеп  ауласына  ертелеп  жеткен  әрбір  адам  мұндағы  ерекшелікті  айқын  сезінер  еді. Өйткені, жаз  бойы  күрделі  жөндеу  жүргізіліп, инеден  жаңа  шыққан  киімдей  көз  тартар  қалыпқа  енген  білім  шаңырағы  осынау  көрінісімен-ақ  әр  көңілді  көк  төріне  самғатқаны  анық. Содан  болар  бір  қасиетті  шаңырақтың «байырғы  тұрғындары»  саналатын  әр  сыныптың  оқушылары  мен  мектеп  табалдырығын  тұңғыш  аттап  отырған  балғын  шәкірттердің  де, ұлағат  иелері  ұстаздар  мен  бір  киерлерін  үстіне  іліп  мектеп  ауласынан  табылған  ата-аналардың  да  жүздеріндегі  шаттықты  айтып  жеткізуге  болмайтындай. Оған, жаңа  оқу  жылдарымен  ақ  ниет  арқалап,көркі  көз  тойдырар  дәрежеге  жеткен  алтын  ұяға  құтты  болсын  айта  келген  аудан  әкімі  мен  білім  бөлімінің  басшылары,    қоғамдық  ұйым  өкілдерінің  ыстық  ықыластары  қосылып, мереке  мерейлене  түскен.

      Алғашқы  қоңырау  салтанаты  мерекеге  жиналған  көпшіліктің  мемлекеттік  Әнұранға  құрмет  көрсетумен  басталды. Келесі  кезекте биыл  мектеп  табалдырығын  тұңғыш  аттап  отырған  балғын  шәкірттер  өздерінің  су  жаңа  сынып  жетекшілеріне  ілесіп, жүздері  жарқыраған  кейіпте  ортадан  орын  алды. Алғаш  болып  мінбеге  көтерілген  Жәмеңке  орта мектебінің  директоры  Клара  Берікбаева  мәнді  де  нәрлі  баяндама  жасады.

     Баяндамадан  ұққанымыздай,  жаңа  оқу  жылында  мектеп  есігін  ашып  отырған  274  оқушы  16  сынып  комплексіне  бөлініпті. Оларға  жоғарысы, орта  буындысы  болып – барлығы  37  мұғалім  саналы  тәрбие  сапалы  білім  беру  ісімен  шұғылданбақ.  Сонымен  қатар  ұстаздар  қатары  жоғары  оқу  орнын  жаңа  бітіріп  келген  жас  мамандармен  де  толыға  түсіпті. 1-ден  11-сыныпқа  дейінгі  оқушылардың  бәрі  де  қажетті  оқу  құралдарымен  толық  қамтамасыз  етілген. Ендігі  міндет  жаңа  оқу  жылында  күрделі  жөндеуден  өтіп  жас  буынның  игілігіне  айналғалы  отырған  білім  ошағындағы  еңбек  сапасын  жоғары  деңгейге  жеткізу. Болашақтың  иелері – саналы  ұрпақ  тәрбиелеу. Баяндамасына  осылайша  рең  берген  мектеп  басшысы  ұстаздар  мен  оқушыларды  мерекелерімен құттықтап, дендеріне  саулық, білім  мен  тәрбие  жолында  табыстар  тіледі. Сонымен  қатар,осынау  көп  тілегінің  орынды  жүзеге  асуына барынша  мүдделілік  танытып,ұдайы  басы –қасынан  табылған  аудан  әкіміне  көпшіліктің  жүрек  жарды  алғысын  жеткізді.Өз  кезегінде  сөз  алған  аудан  әкімі  Жолан  Омаров  мерекеге  келген  көпшілікке  өзінің  ізгі  тілегін  жеткізді. Күрделі  жөндеуден  өтіп, жаңа  мектеп  дәрежесіне  жетіп  отырған  білім  ошағының  алдағы  тыныс-тіршілігіне  сәттілік, зор  жетістік, ізгілікке  толы  лебізін  жеткізді. Сондай-ақ,аудандық  ақсақалдар  кеңесінің  төрағасы  Бекболат  Бірбаев, ауылдық  ақсақалдар  алқасының  төрағасы  Нүсіп  Сүйіндіков, жас  ұстаз  Жазира  Тілеуберді  сөз  алып, осынау  жөні  бөлек, еншісі  ерек  қуанышқа  ортақтастығын  білдірді. Озат  оқушы  Дәуен  Нұрдәулеттің  әуелете  шырқаған  әсем  әні  де  мерекенің  абыройын  асқақтатса, 11-сынып  оқушысы  Рима  Дәукен  мен  1-сынып  оқушысы  Қуан  Ділмұхамбет  жаңа  оқу  жылының  басталғанын  айшықтайтын  алғашқы  қоңырауды  сыңғырлата  соғып, ұлкен-кішіні  желпіндірді.

    Бір  айта  кететін  мәселе, мектептегі  күрделі  жөндеу  жұмыстары  «Нью-Контракшн» аталатын  фирманың  құрылысшыларының  қолымен  атқарылыпты.

-Жұмысты  15  маусымда  бастаған  едік. 1-қыркүйекке  мектептің  үш  қабатын асты-үстімен толық  жөндеп  бітірдік. Барлық  сынып  бөлмелері  мен  басқа  да  қызметтік  бөлмелер  эвро  үлгідегі  жөндеуден  өтті. Есік-терезелері  де  жаңа  үлгіде қойылды.Ауласына бүгінгі  заман  талабымен  тас(брушатка), асфальт төселді.  Қысқасы, өзгеше  күйге  енген  мектеп  оқушылардың  да, ұстаздар  мен ата-аналардың  да  көңілінен  шығады  дейді,-құрылыс  прорабы  Совет  Серғазин. Рас, жұмысы  250  млн. теңгеге  тоқтаған  күрделі  жөндеу  жұмысы  әлі  жалғасуда. Бұл  жұмыстар  ары  кеткенде  бір  айдың  көлемінде  толық  аяқталмақ.

    Алғашқы  қоңырау  салтанатынан  кейін  аудан  әкімі  өзі  бастап  жөндеу  жұмысынан  өткізілген  мектептің  ішін  аралап, әр  сынып  бөлмесін, қызметтік бөлмелерді, шағын  орталыққа  арналған  орындарды көзбен көріп,көңіл  таразысынан  өткізді. Атқарылған  жұмыстарға  қанағаттанарлық  білдірді. Әлі  де  кемшін  тартып  тұрған  кей  жұмыстарға  айрықша  назар  аударып, оның  тиісті  дәрежеде  орындалуы  жөнінде  мектеп  директоры  мен  құрылыс  мамандарына  тапсырмалар  жүктеді.

     Бұл  күні  Білім  күні  мерекесі  ауданның  барлық  білім  шаңырақтарында зор  мереймен  аталып  өтті.  Мектептің  іші-сырты Алғашқы  қоңыраудың  сыңғырымен әспеттеліп, жас  буындардың  сыңғыр  күлкіге  толы, көңіл  көркемдігімен  айшықталды.

                                                           Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                 Қақпақ  ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password