ҚҰРБАН   АЙТ   ҚҰРМЕТТЕЛДІ

                                    

      Исі  мұсылман  қауымының  ұлық  мерекесі  Құрбан  айтқа  деген  қадір-құрмет  қай  кезде  де  өзінің  мәні  мен  маңызын  жоғалтпайтыны  белгілі. Ана  тілімізге  аударғанда «жақындасу» деген  ұғымды  білдіретін  осынау айт  мерекесінің  тәлімі  мен  тәрбиесі   кеудесіне  иман  ұялаған  әрбір  жан  үшін  зор  ықылас  тудыруда. Оның  айқын  дәлелін  Тәуелсіз  ел  атанғалы  бергі  қайта  түлеп, елімізде  жоғары  дәрежеде  аталып  келе  жатқан  Ораза, Құрбан айт сияқты  діни  мерекелерден  анық  аңғаруға  болады.

      Биылғы  Құрбан  айт  мерекесі  Нарынқол  ауылының  тұрғындары  үшін ерекше  салтанатымен, ұтымды  ұйымдастырушылығымен  көптің  көкірегіне  жол  тауып, берік  орын  алды  десе  болады. Айт  мейрамын  қастер  тұтқан  ауыл  тұрғындары  бұл  күні  ала  таңнан  Алла  үйі  мешітте  бас  түйістіріп, ұлық  мерекеге  құрмет  көрсетті. Аудан  имамы  Манап  Исабол  айт  намазы басталар  алдында  уағыз  айтып, Құрбан  айттың  қадір-қасиеті  мен  ерекшелігі, дін  саласындағы  алатын  орны  жайлы  түсіндірді. Намазға  жиналған  жамағатты   асыл  дінімізді  құрметтеуге, имандылыққа, татулыққа, береке-бірлікке  шақырды. Айт  намазын  құрмет  тұтып  келген  аудан  әкімі Жолан  Омаров  та  сөз  алып, жамағатты  ұлық  мерекемен  құттықтады. Ұрпаққа  үлгі-өнегенің  ұрқын  себетін, тәлімді  жолға  бағыт  сілтейтін  қарттарымыз  аман  болсын. Бейбіт  заманымыз  баянды, еліміз  бақытты, өңір  тұрғындары  алаңсыз  ғұмыр  кешіп, көгеріп-көктей  берсін,  деген  ақжарма  тілегін  жеткізді.

     Ұлық  мереке  құрметі  үшін  осы  жолы  мешіт  қызметкерлері  ата-дәстүрге  лайық  спорттық  шаралар  ұйымдастырыпты. Айт  намазынан  кейін  көпшілік  мешіттің   алдында  өткізілген  қол  күресі  мен  қошқар  көтеру  ойынын  тамашалады. Қол  күресіне  жастары  70  асып, 80-ге  таяп  қалған  қариялардан  бастап, жігіт  ағалары  да, қолының  қары  бұла  күшке  толы, білекті  жігіттер  де  қатысып, бабы  мен  бақтарын  сынасты. Жарыс  қорытындысы  бойынша  қарсылас  шақ  келтірмеген  Еркебұлан  Сыдықов  бірінші  орынды  жеңіп  алса, Айбек  Сағатбек, Берік  Мамыраев  сынды  палуандар  екінші, үшінші  орындарға  тігілген  жүлделерді  қанжығаларына байланды. Қол  күресінен  кейін  іле-шала  жалғасқан  қошқар  көтеруден  күштерін  сынауға  шыққан  белді  жігіттер  салмағы  60  килограмнан  кем  тартпайтын  қошқарды  көтеріп, көрерменнің  таңдайын  қақтырды. Нәтижесінде  қошқарды  мойнына  салып  алып  120  рет  отырып-тұрған   Ерсін  Оразбек   бірінші  орынды  жеңіп  алды. Сөйтіп, жүлделі  табысын   сол  жерден  арқалаған  күйі  үйіне  алып  кетті. Осы  күні  айт  намазына  келіп, сәждеге  бас  қойған  жас  балалар  да  сый-сияпат  алып, жүректері  қуанды. Мешіт  тағайындаған  тегін  балмұздақтың   тіл  үйірген  тәтті  дәміне  тұшынып, мерейлері  тасыды. Сондай-ақ, құрбандыққа  екі  ірі  қара  малы шалынып, тұрғындарға   тегін  таратылды.

    Құрбан  айт  мерекесі  мұнымен  ғана  шектеліп  қалған  жоқ. Уақыт  түске тармасқан  шамада  Нарынқол  мен  Текестің  бел  ортасы  саналатын  Өрнек өңірінде  атшабар  ұйымдастырылды. Жиналған  қауым  осы  жерде  тай, құнан  жарыстарын, аламан  бәйгелерді  тамашалады. Бір  жарым  шақырымдық  жарыс  жолында  сарыбастаулық  Бекарыс  атты  шабандоз тізгіндеген  Мақсат  Әшімбаевтың  «Үміт» атты  көк  тайы  мәре  сызығын  бірінші  болып  кесті. Кегеннен  келген  Жұмабек  Бірімтаевтың  «Айшуақ» атты  күреңқарасы  екінші  болып  келді. 9 шақырымдық  құнан  жарысында Қарасай  ауданынан  келген  Жанқойлықов  Сәбит  атты  азаматтың  «Адмирал» дейтін  жүйрігі  шашасына  шаң  жуытпай  басқалардан  көш  бойы  алда  келді. Бабы  мен  бағы  келіскен  сүмбелік  «Хантәңірі» аталған  жүйрік  екінші  орынды  қанағат  тұтты. Қашандағысындай  Аламан бәйгенің бұл  жолы  да  бағы  жанып,көрерменнің  делебесін  қоздырды. 21  шақырымдық  жарыс жолында  сүмбе  ауылынан  келген  Нұрбол  Сағатбектің  «Айман», «Баянсұлу» атты  қос  тұлпары  алдына  жан  салмай  мәреге  бірінші  жетіп, жұлдыздары  жарқырады. Жеңімпаздарға  иеленген  орындарына  қарай мешіт  жамағаты  тағайындаған  малдай, заттай, ақшалай  сыйлықтар  табыс етілді.  Бір  сөзбен  айтқанда, мұсылман  қауымының  қасиетті  мерекесі —   Құрбан  айтына  осылайша  құрмет  көрсетілді.Шараны  қызықтап,көңілдері  көпсіген  жамағат  «ұлық  мереке  қабыл  болсын»  деген  тілекпен  тарқасты.

                                                                               Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                    Нарынқол  ауылы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password