Мәдениет  үйі жазушы атында

                              

 

       Қасиетті  Аспантаудың  топырағы  еліне  елеулі, халқына  қалаулы  біртуар  перзенттерден  кенде  болмаған. Найзаның  ұшы,білектің  күшімен елі  мен  жерін  қорғаған  бахадүр  батыр да, халқының  болашағына  алаңдаған  қоғам  қайраткері  де, ел  дәулетін  еселеу  жолында  шүмектете тер  төккен  қарапайым  еңбек  адамдары  да, қара  сөздің  құдыретін  қарымды  қаламымен, дара  дарынымен  танытып, талантымен  тамсантқан, сөйтіп, кіндік  қаны  тамған  аспантауының  ғана  емес, халқының  абыройын  аспандата  бүкіл  әлемге  паш  еткен  азаматтардың  осы  бір  Тәңіртау  етегіндегі қиыр  жайлап, шет  қонған  қарапайым  ел-жұрттың  арасынан  шыққаны  көңілге  қуаныш  ұялатады.   Туған  халқы  да  өзінің  өзегін  жарып  шыққан  төл  перзенттерінің  есімін  ескеріп, ұлағатын  ұрпақтар  алдында  ұлықтай  білуден  жаңылған  емес. Соның  айқын  дәлелі, аудандық  мәдениет  үйіне  жерлесіміз, жазушы-драматург, Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты  Баққожа  Мұқайдың  атын  беру  құрметіне  арналған  салтанатты  шарада  тағы  бір  көрініс  тауып, көптің көңілін  көркейтті.

      Аудан  орталығындағы  мәдениет  үйін  Баққожа  Мұқайдың  атымен атау  жөніндегі  әңгіме  осыдан  бірнеше  жыл  бұрын  қозғалып, жоғары орындарға  сұрау  салу  жөнінде  әдеби  орта  мен   жазушы  шығармаларын  мият  тұтатын  жұртшылық  ортақ  бір  шешімге  келген болатын. Өткен  жылы  дәл  осы  ми  қайнатқан  сарша  тамыз  күндерінің бірінде  ойдан-қырдан  құралған  бастамашыл  топ  аудан  орталығы  мәртебесін  қайта  алған  Нарынқол  ауылындағы  мәдениет  үйінде  тағы  да  бас  қосып,  әңгімені  пісіріп  алған  еді. Міне, енді  сондағы  көптің  тілеуі  қабыл  болды. Республикалық  ономастикалық  комиссиядан  қолдау  тауып, ҚР  Үкіметінің  2019  жылғы  29  мамырдағы № 330  қаулысымен  аудандық  мәдениет  үйіне  Баққожа  Мұқайдың  есімі  беріліп  отыр. Арысы  Елордадан, берісі  Алматыдан,  басқа  да  алыс-жақыннан  ақ  ниет  арқалап  келген  қадірлі  меймандар  мен   осы  аймақтың  ел-жұрты, тілек-армандарының  Үкімет  қаулысы  арқылы  қабыл  болған  көзайым  қуаныштың  куәгері атануда.

     Жақсы  мен  жайсаң  бас  қосқан  шараның «біссімілләсі» мәдениет  үйінің  алдындағы  аумақты  алаңнан  бастау  алды. Талас  ауылындағы  ақсақалдар  алқасының  төрағасы, ауданның  Құрметті  азаматы  Нұрлан  Әкімбайұлы  айтулы  шараны  ақ  батасымен  алқаса, сүмбелік  жырау Серік Сүйіндік    домбырасының  құлақ  күйін  келтіре  көмекейінен  төгілген   жыр  шашуымен  беташар  жасады. Келесі  кезекте  көрнекті  ақын, мемлекет  және  қоғам  қайраткері, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері Нұрлан  Оразалин, жазушы-киносценарист, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері  Смағұл  Елубай, Нарынқол, Райымбек  аудандарының  алғашқы әкімі, ел  ағасы  Ызғарбек  Бектұрсынов, ҚР  Білім  беру  ісінің  үздігі, педагогика  саласындағы  Ы. Алтынсарин  атындағы  алтын  медалінің  иегері  Орынша  Қарабалиналар  болып, жаңа  атауға  ие  болып отырған  өнер  ошағының  лентасын  қиды. Зиялы  қауым  бұдан  кейін  Мәдениет  үйінің  маңдайшасындағы  керілген  ақ  матаны  түсіріп, «Баққожа  Мұқай  атындағы  аудандық  мәдениет  үйі» деген  латын  харпіндегі  атауды  көпшілік  назарына  ұсынды. Мәдениет  үйінің  кіре  берісінде  аудандық  кітапханашылар  ұйымдастырған  жазушы  шығармаларына  арналған  бұрыштың  да  келушілер  үшін  берер  мағлұматы  мазмұндылығымен  көңіл  көкжиегін  көріктендіре  берді.

     Бұл  күні  Мәдениет  үйінің  жиын  залында  ине  шаншар  орын  болған  жоқ. Осыдан-ақ, көзі  қарақты, көкірегі  ояу  ел-жұрттың  жазушыға  деген  қадір-құрметінінің  шексіз  екенін  айқын  аңғаруға  болатындай.

   Аудандық  мәдениет  үйінің  Баққожа  Мұқайға  берілуіне  арналған  салтанатты  жиынды  көрнекті  ақын, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері  Нұрлан  Оразалин  ашып, бастан-аяқ  жүргізіп  отырды. Алғаш  сөз  тізгінін  ұстаған  аудан  әкімінің  орынбасары  Нұрбол  Сағатбекұлы  орны  бөлек, еншісі  ерек  осынау  шарапатты  шараға  алыс-жақыннан  келген  көпшілікке  аудан  жұртшылығының  атынан  ізгі  тілегін  былайша  жеткізді.

      — Ардақты  ағайын, бүгін  міне, туған  жерінің  туын  көкке  көтерген, есімі  таулы  өлкемізге  ғана  емес, қалың  жұртшылықты шарлап  кеткен  біртуар перзенттеріңіз, белгілі  жазушы-драматург,Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері Баққожа  Мұқайдың  есімін  мәңгі  есте  қалдыруға  арналған  тағылымы  мол  мәдени  шарада  бас  қосып  отырмыз. Олай  болса, жазушының  есімін  ұлықтау  мақсатындағы  шара бәрімізге  ортақ  деп  білемін.  Мерекелеріңіз  құтты  болсын,- деген  Нұрбол  Сағатбекұлы  сөзін  жазушы  шығармаларымен  сабақтап, өркенді өмір  жолын  арқау  ете,жеткен  жетістіктерімен  түйіндеді. Сонымен  қатар, жазушының  ардақтап  өткен  өлкесі  Райымбек  ауданында, кіндік  қаны  тамған  Нарынқолда  ауқымды  жұмыстар  қолға  алынып, жарасымды  жалғасып жатқанын  да  сөзіне  тұздық  жасады. Жаңа  атауға  ие  болған  аудандық  мәдениет  үйі  көпшілік  үшін, жастар үшін  тағылымы  мол  ауқымды  республикалық, облыстық, аудандық  деңгейдегі  мәдени  шаралардың  бола  беретініне, көрнекті  жазушының  көркем  шығармалары  ұрпақ  санасында  сақталып, жадында жаңғыра, жасай  беретініне  сенімді  екенін  білдірді.

  Жазушы  Смағұл  Елубай  шығармашылық  жолдағы  үзеңгілесі  Баққожа жайлы  мәнді  де  дәмді  әңгіме  өрбітті. Қарымды  қаламгердің  пайымды парасаты  мен  ізгілікке  толы  ізденісін, өмірдегі  көрген  түйгенін  шығармаларына  арқау  етуді  өмірлік  ұстанымына  айналдырудағы  сүрлеу  соқпақтарынан  өзі  көзбен  көріп, көңілге  түйген  жайларды  сөзіне  арқау  етті. Қазақстан  Жазушылар  одағы  төрағасының  орынбасары, ақын Бақыт  Беделхан  Қазақстан  Жазушылар  одағының  аудан  тұрғындарының  қуанышына  ортақтастығын  білдіретін, мазмұны  ақ  тілек, ізгі  ниетке  толы  құрмет  хатын  көпшілік  алдында  оқып  берді.

 — Мінбердегі  сөзін – 70-ші  жылдары  әдебиетке  үркердей  боп  бір  шоғыр таланттар келді,-деп  бастаған  жерлесіміз, президент сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері, халықаралық  «Алаш» әдеби  сыйлығының  иегері  Жанболат  Ауыпбаев  — Бұл  соның  алдындағы 60-жылдардың  «жылымығымен» дүр  ете  түскен  арынды  топтың  ізін  басқан  дарынды  буын  өкілдері  еді. Солардың  сапында  ҚазГУ-дің  студенті  Баққожа  Мұқайда  бар  болатын. Келе-келе  ол  ой  өрнегімен, сыршыл  суреткерлігімен  даралана  бастады. Сөйтіп, өзінің  творчестволық  әлеуеті  арқылы  қалық  оқырманның  үмітін  ақтай  алу  мүмкіндігін  танытты. Солай  болды  да,- дей  келе,  жазушының  көркем  прозаның, драматургияның  кемелденуі  жолындағы  жемісті  еңбектеріне  тоқталды. «Қош  бол, менің  ертегім», «Иірім», «Тоят  түні», «Заманақыр», «Тойы  көп үй», «Өмірзая»  секілді  пьесалары  ТМД  елдерінің  көптеген  театрларында  сахналанып, көкөрменнен  жоғары  баға  алғанын  аса  бір  ыстық  ықыласпен  айтып  өтті. Сонымен  қатар «Жаңбыр  жауып  тұр», «Өмір арнасы», «Аққу  сазы», «Мазасыз  маусым», «Дүние  кезек»  сияқты әңгімелер  мен  повестер  жинағы  ұлтының  рухани  қажетін  өтегенін, Ал, «Жалғыз  жаяу», «Өмірзая»  романдары  оқиғасының  қоюлығымен, ақиқатты  ашып  көрсетіп, мәселені  өткір  көтеруімен  ерекшеленетінін, талантын  халқы  таныған  қарымды  қаламгердің  еңбектері  1982  жылы  Қазақстан  Ленин  комсомолы  сыйлығының, 2000  жылы  Республика  Мемлекеттік  сыйлығының  иегері  атандырғанын, «Құрмет» орденін  өңіріне  таққанын  көпшіліктің  есіне  салды. «Білім  және  еңбек», «Жұлдыз»  журналдарындағы, Қазақстан  Жазушылар  одағы  мен республика  Мәдениет  министрлігіндегі  елеулі  еңбектері, «Парасат» журналына  басшылық  жасаған  кезеңдердегі  жаңашыл  бастамалары  да  сөз  барысына  арқау  болды.

    Жанболат  Ауыпбаев  өз  сөзінде  сонымен  қатар  бастамашыл  топтың  атқарған  жұмысы  бүгін  өзінің  алғашқы  жемісін  беріп  отырса, алдағы  кезеңде  олар  көтерген  тағы  бір  игі  іс, атап  айтқанда, Қарасаз  ауылындағы  мәдениет  үйіне  елінің  ерке  ақыны  Еркін  Ібітановтың  атын  беру  туралы  бастамалары  да  Үкімет  тарапынан  қолдау  тапқалы отырғанын, қазіргі  таңда жоспарлы  шаралары  қолға  алынып  жатқанын хабарлады.

   Салтанатты  жиында  айтылар  сөздің  шегі  болған  жоқ. Мінбеге  көтерілген  ұлағатты  ұстаз  Орынша  Қарабалина  жазушының  айрықша  қасиеттеріне  тоқталса, Ызғарбек  Бектұрсынов  Райымбек  ауданының  кейбір  мәселелерін  тілге  тиек  жасады. Жазушы  есімін  иеленген  өнер  ошағының  алдағы  жұмыстарына   сәттіліктер  тіледі. Жазушының  замандасы, бір  ауылда  бірге  оқып, қатар  ержеткен  ақын  Айтақын  Әбдіқалов, «Ана  тілі» газетінің  бас  редакторы  Жанарбек  Әшімжан, «Жетісу» газеті  бас  редакторының  орынбасары  Жұматай  Әміреев  арнау  өлеңдерін  оқыды. Тағы  бір  жерлесіміз, сахнадағы  сатира   саңлағы  Асқар  Наймантаев,  жазушының  туған  інісі  Ақылжан  Сатаев  пен  асыл  жары  Нұржамал  Ахметова  алыс-жақыннан  бүгінгі  шараға  жазушы  талантын  мият  тұтып  келген  зиялы  қауым  өкілдері  мен  аудан  халқына  риясыз  көңілден  туған  ыстық  ықыластарын, жүрек  жарды  алғыстарын  жеткізді. Аспантау  аясынан  түлеп  ұшып, өнер  өлкесінде  қанатын  кеңге  жая  білген  әнші  Сұлушаш  Нұрмағанбетованың  асқақтата  шырқаған  әні  де  әсем  әуезімен  көпшілікті  желпіндіріп  тастады.

    Иә, исі  қазақ  даласына  атақ-абыройы  көркі  көз  тойдырар  сұлулығымен, талантын  тасқа  жаныған  қарымды  қалам  иелерімен, елінің  болашағы  жолында барын  да, нарында  аямаған  біртуар  перзенттері  арқылы  жайылған  Тәңіртау  етегінде  елге – мұра, ұрпаққа –ұран, өркеніне  өнеге  болар  тағы  бір  айтулы  шара  өмір  есігін  ашты. Маңызы  зор, мәні  терең, ақпейіл  жұртың  жүрегіне  жол  салып, көзайымына  айнала, көңілінен  орын  алған  игілікті  істің  ғұмыры  мәңгілік  болсын  дейміз!

                                                                 Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                        Райымбек  ауданы,

                                                                   Нарынқол  ауылы.

    

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password