Жарты жылдың жарқын жетістіктері кезекті  LVI  сессияның өн бойына өрнек болды

                

      Жуырда  аудандық  мәдениет  үйінде  аудандық мәслихаттың  кезекті елу  алтыншы  сессиясы өткізілді. Сессия  жұмысына аудандық  мәслихат  депутаттары,  аудан  әкімі, әудан  әкімінің  орынбасарлары, аулдық  округ әкімдері,бөлім, мекеме, құқық  қорғау  орындарының  басшылары, мектеп директорлары  және  қоғамдық  ұйымдардың, бұқаралық  ақпарат  құралдарының  өкілдері  қатысты. Сессияны  аудандық  мәслихаттың  хатшысы  Ерлан  ҚҰДАБАЕВ  жүргізіп  отырды.

     күн  тәртібіне: 1.Қазақстан  Республикасы Президентінің  2006 жылғы 18 қаңтардағы № 19 Жарлығына сәйкес Райымбек  ауданының  әкімі Жолан Омаровтың өз құзыреті шегінде аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттері мен іс-жоспарының  орындалуы  туралы есебі;

  1. Райымбек аудандық мәслихатының жергілікті өзін-өзі басқару,қаржы және бюджет, экономикалық саясат,инновацияық даму, кәсіпкерлік, туризм, аграрлық мәселелер, экология, табиғатты пайдалану  мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі;
  2. Райымбек ауданының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекіту туралы;
  3. Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын  сайлау  туралы мәселелер  қойылды.

    Күн тәртібіне қойылған бірінші  мәселе  бойынша аудан әкімі Жолан Омаров есепті баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінің өн бойына ауданның 2019 жылдың 1-жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының барысын арқау етті. Шешеннің айтуынша 2019 жылдың 1-жартыжылдығында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына  төмендегідей жұмыстар  негіз болып қаланған.

    Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 940,6 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 80,5 пайызға орындалған. Бұл көрсеткішті жіліктеп,жікке бөлер болсақ,өңдеу өнеркәсібі 57,4 пайыз,яғни 761,0 млн. теңге; кен өндіру 76,2 пайыз-172,1 млн теңге; жерасты суын өндіру 84,3 пайыз-7,5 млн теңге көрсеткішін құраған.

   Баяндамашы бұдан өңіріміздің дамуына басы бүтін арқау болатын ауылшаруашылығы саласына кеңінен тоқталды. Айтуына қарағанда 1-жартыжылдықта ауылшаруашылық өнімінің көлемі 3,7 пайызға өсіп, 6 млрд.593 млн.теңгені құрапты. Бұл дегеніңіз өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тірі салмақтағы мал мен қүс етін өндіру 7 749 тоннаға жетіп, жоспар 6,9 пайызға артығымен орындалғанын көрсетсе керек. Сондай-ақ,11 402 тонна сүт сауылып,бұл салада белгіленген болжам да межедегіден асып түскен. Аудан бойынша 44844 гектар егістік жер бар.Оның күздік бидайға арналғаны 2000 гектар,жаздық бидай 1450 гектар,жаздық арпа 6427 гектар,көкөніс 260 гектар.Ағымдағы жылы 6000 гектар жерге картоп себілген болатын.Таулы өңірдің  осынау дархан дақылынан 123 тонна өнім алу межеленген.Картоптың элиталы тұқымын өсірумен айналысатын «Өркен» тұқым шаруашылығы аудандағы шаруа қожалықтары мен тұрғындарды жоғарғы сортты картоп тұқымымен қамтамасыз етуі картоп  өнімінің берекелігін арттырудың алғы шарты бола алуы ауданның экономикалық тұрғыдағы  дамуына негіз қалайтыны анық. Тағы бір астын сызып тұрып түлге тиек етер мәселе – 2018 жылы 2 сервистік-дайындау орталығы құрылып, 21 бірлік техникаға қол жекізсе, биыл құрылған тағы бір сервистік-дайындау орталығы 317 млн.теңгеге 87 бірлік ауылшаруашылық техникаларын алыпты. Мұның өзі де ауылшаруашылығындағы табысты еселеуге айтарлықтай септігін тигізетіні  шүбәсіз.Әкім баяндамасына мал шаруашылығындағы толайым көрсеткіштер де өз кезегінде тұздық бола білді. Нақты деректерге сүйенсек, ауданда мал шаруашылығымен, оның ішінде ірі қараны және қойды асылдандыру жұмыстарымен 84 шаруа қожалығы айналысып отыр. Осы мақсатпен 82 бас асыл тұқымды бұқалар сатып алынса, мұның сыртында 32 бас асыл тұқымды бұқа жалға алыныпты.Сөйтіп, асылдандыру жұмысына ірі қараның 2722 аналық басы жіберіліпті. Бордақылау алаңдарына 647 бас бұқашық өткізіліп, жоспар 103  пайыз орындалған. Аудан әкімі осы мәселелерге нақты цифрларға жүгіне отырып дәлелдер келтірді.Жекелеген ауылдық округтерде мал тұқымын асылдандыру бағытында жүргізіліп,жемісін беріп отырған игілікті істерді көпшіліктің алдына тартты.

  Әкім сөзіне арқау болған тағы бір өзекті мәселе – шағын және орта бизнестің аудандағы даму барысы болды. Баяндамада көрсетілгендей ауданда 2786 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Олардың 2646-сы нақты жұмыс істеп, 3087 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.Бұл жұмыс орындары бюджетке бүгінге дейін 49,3 млн.теңгенің салығын  құйған екен. Ол жергілікті бюджет түсімінің 17,3 пайызын құрайды екен.Бірақ бұл салық саласындағы басты міндетті орындауда негізгі тұлғаға айнала алмай отырғандығын жасыруға болмайды. Алдағы уақытта бұл жұмысты ширатып,тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ауданға инвестиция тартуда да қол жеткен сүбелі табыстар жоқ емес. 6 айда 2млрд.488 млн. теңгенің инвестициясы тартылыпты.  Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4 млрд. Теңгеге жеткізу көзделінуде. Аудан әкімінің баяндамасында аудан көлемінде, әсіресе аудан орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары да жан-жақты арқау болып, көпшіліктің ықыласын тудырды.Бұл саладағы жұмыс теңгеге шаққанда ағымдағы жылдың алғашқы жартысында 839,8 млн.болып,нақты көлем индексі 170,4 пайызға орындалған. Қос қолды жоғары көтере қуана айтатын жайт–аудан орталығы Нарынқолдан салынатын жоба құны 1млрд 960 млн теңгеге тұрған 83 коммуналдық тұрғын үй құрылысының мемлекеттік сараптамасы аяқталып,құрылыс жұмыстарына ашық конкурс жарияланыпты. Сондай-ақ, Нарынқол ауылынан салынатын ауылдық әкімшілік ғимаратына,мұрағат ғимаратына жасалынған ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мұның сыртында жоба құны 153,7 млн теңгені құрайтын мемлекеттік қызметкерлерге салынатын 4 қызметтік тұрғын үйдің құрылысына, арнайы органдардың қызметкерлеріне арналған жоба құны 106,8 млн. болатын төрт тұрғын үйдің құрылысына ашық конкурс жарияланыпты. Текес,Ұзақ батыр, Шалкөде, Жамбыл ауылдық округтеріне әкімшілік ғимараттарын салуға ЖСҚ жасату үшін бөлінген 35 млн теңгеге ашық конкурс жарияланып,ұтып алған «КАПРЕМПРОЕКТ» ЖШС-мен келісім шарт жасалуда.Аудан әкімдігі ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары да іркіліссіз жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында толығымен аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.

     Аудан елдімекендеріндегі ауыз су мәселесі де оңтайлы шешімін табады деп күтілуде. Бұл салаға бөлінген қаражат та орнымен жұмсалып, жоспарлы істің толығымен жүзеге асуына мүмкіндік тудыруда. Мәселен, Қақпақ ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына биылғы жылға 197,5 млн. теңге бөлініп,бүгінге дейін бұл қаражаттың 118,4 млны.игерілді. 17 шақырымға су құбыры жіргізілді. Сонымен қатар, Жаңа Текес, Тегістік,Көкбел,Тұзкөл ауылдарының ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту үшін ЖСҚ жасауға мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланған еді.Қазір жеңімпаз мердігермен келісім шарт жасалынып,жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс 1 желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Қызылшекара, Жамбыл, Қарасаз, Шалкөде ауылдарының ауыз су жүйелеріне қатысты да жанды жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл шаралардың да жемісін татар күн алыс болмаса керек. Нарынқол, Текес, Жаңа Текес, Қайнар, Сарыжаз, Тұзкөл ауылдарына көше жарық шамдарын орнатуға жасалынған ЖСҚ-ны мемлекеттік сараптамадан өткізуге 1,8 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жариялауға құжаттары дайындалу үстінде.Аудан әкімі бұдан басқа тағы бір мәселені ерекше айтып өтті. Жуырда көп балалы, аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлер және аудан тұрғындарының көмегімен 20 баспана сатып алынып берілген. Нарынқолда 4,Жамбылда 1,Сарыжазда 2, Сүмбеде 1, Қайнарда 1, Қақпақта 2,Тегістікте 1, Текесте 1, Сарыбастауда 3, Қарасазда 1, Тұзкөлде 1 , Шалкөдеде 1, Таласта 1 тұрғын үй өз иелерін тауып, бір-бір отбасыларына қоныс тойын тойлатты. Әкім осы оқиғаға ерекше тоқталып,ел дегенде еміреніп,жүрегі елжірейтін Атымтайдай азаматтарға алғысын білдірді.

   Баяндама барысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына қатыстыц мәселелерге де айрықша мән берілді. Аудан аумағында 66 шақырым републикалық, 240 шақырым облыстық маңызы бар,282 шақырым ауыл ішіндегі болып,барлығы 588 шақырым жол бар екен. Осы жолдардың үстіне жолаушылар үшін 15 аялдама орнатылған. Оларға 20,0 млн. қаржы бөлініп, бұл жұмыс толығымен жүзеге асырылған. Нарынқол ауылының ішкі жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 551,0 млн. теңге бөлініп, жеңімпаз мердігер серіктестік 5 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстарын аяқтап шықты. Сол сияқты Талас, Текес, Сарыжаз, Қайнар, Сарыбастау, сүмбе, Қарасаз елдімекендерінің барлығы 31 шақырым ішкі жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 4,0 млн.қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Кеген-Нарынқол тас жолынан Байынқол шекара бекетіне дейірнгі облыстық маңызы бар 28 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмыстарына «Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» арқылы 2,5 млрд.теңге қаралды. Бұл қаражаттың биылға 1,7 млрды бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынып отыр.Баяндамасында Ж.Омаров жол мәселесіне қатысты бұдан басқа да шешімін күтіп тұрған түйінді мәселелерге тоқталды.

    Аудан әкімінің баяндамасына тұздық болған тағы бір ең өзекті жайт – аудан бюджетінің орындалуының жай-жапсары туралы болды. Оның орындалуы аудан көлемінде 294,4 млн. деп болжанса, ол 345,8 млн. теңгеге орындалып,117,4 пайызды құрап отыр екен. Жыл басында қаралға республикалық бюджет те, облыстық бюджет те орындалған. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына көшуіне байланысты ауданда АӘК алушылар саны 2 есеге немесе 211 отбасына (1254 отбасы мүшесі), 514 отбасына (3084 отбасы мүшесі) дейін, ал тағайындалатын көмек сомасы 64,1 млн. теңгеден, 289,9 млн. теңгеге дейін өскен. Отбасына төленетін әлеуметтік көмектің орташа мөлшері айына 19320 теңгеден 94600 теңгеге жетті.Бір айтуға тұратын мәселе – Президенттің әлеуметтік көмекке шынымен мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетудің нақты және ашық рәсімдерін белгілеуді, оны бөлуге бақылауды ұйымдастыруды,алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерін қатаң жазалауды тапсырғанынан жұртшылық хабардар.Бұл бізге де қатысты. Сондықтан мұндай фактілердің жолын кесуіміз қает деген Жолан Ыбрайақынұлы келеңсіз құбылыстың орын алмауына әркім-ақ мүдделі екенін көптің есіне салды.

  Ауданда 5775 оқушы бар. 2018-2019 оқу жылын 19 мектептен 238 оқушы бітірді. Олардың 200-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. ҰБТ қорытындысы 64,4 балл нәтиже көрсетті.1-10 сыныптар аралығындағы 5518 оқушы жазғы сауықтырумен қамтылады. Осыған дейін міндетті білім беру қорынан бөлінген 4,5 млн. теңгеге 190 оқушы сауықтыру лагерлерінде десалды.2018-2019 оқу жылында жаңа бағдарлама бойынша оқулықтармен қамтамасыз теуге 74 млн.теңге бөлініп,13 баспамен 39697 дана әдістемелік құралдар мен оқулықтар сатып алуға келісім шарттар жасалынды.Жәмеңке,М.Мақатаев атындағы мектептерге күрделі жөндеулер жүргізіліп жатса, Б.Соқпақбаев, Т.Жанұзақов орта мектептерінің сыртқы келбетіне ағымдағы жөндеу жұмыстарына конкурс жарияланып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен келісім шарттар жасалынды. Бұл құрылыс ұйымдары жұмыстарын енді бастамақ. Сол сияқты Қ.Шорманов, Ш.Уәлиханов мектептерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып, сараптамадан өткізілуде. Бұл жұмыс та жуық арада өз нәтижесін көрсететін болады.

   Аудан әкімі өзінің есепті осынау баяндамасында сонымен қатар аудандағы денсаулық  сақтау, ветеринария,мәдениет салаларының жұмыстарын да жіпке тізді. Жетістік,кемшіліктерін саралады.Жетістікті одан әрі де жетілдіре беруге, кемшіліктердің жолын кесудің жолын іздестіруге аталған құзырлы орындардың басшыларын шақырды. Тәртіп бар жерде табыс та тасқындайтынын баса айтты. Сонымен қатар, жартыжылдықта аудан көлемінде орын алған қылмыстарға дәлелдер келтіріп, өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырды. Ара-тұра бой көрсетіп жүрген аса ауыр қылмыстардың жолын кесу мен қоғам дертіне айналып,көпшілігі ашылмай қалып жататын ұрлық-қарлық, ұсақ бұзақылық сияқты келеңсіз құбылыстарды мейлінше азайтудың маңызы зор екенін,қылмыс азайса, аудан тұрғындарының алаңсыз болуына, әлеуметтік жағдайларының жақсара түсуіне жол ашылатынын нақты дәлелдермен айтып өтті. Аудан әкімінің аудандық мәслихаттың кезекті сесиясындағы жасаған баяндамасында жер мен ел өміріне қатысты, тұрғындардың хал-тұрмысы,жастар мәселесі,басқа да маңызды мәселелерге айрықша мән берілді.Көпшіліктің көкейіндегі жүрген дүниелердің әкім сөзінің өзегіне айналуы қанағатшылық сезім тудырды.

    Баяндама желісімен мінбеге көтерілген облыстық мәслихаттың депутаты,аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев –Баршаңызға белгілі,ҚР Тәуелсіздігінің тарихы мен шежіресі,қол жеткен биігі – еркіндік аңсаған Ұлы қазақ халқы мен елбасының ерен еңбегінің жеміс және қажырлы да қайтпас қайсарлықтың зор жеңісі. Міне бүгін аудан әкімі Жолан Ыбрайақынұлының өз құзыреті шегінде аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есебін тыңдадық. Баяндамада айтылған мәселелердің бәрі де орынды. Ауданымызды құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілііп жатыр. Сонымен қатар Жолан Ыбырайақынұлының игі бастамасымен ауданымыздағы қалталы азаматтарымыз демеушілік жасап,көп балалы,мүмкіндігі шектеулі отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етті.Осындай игі бастамалардың қашанда басы-қасынан табылып, көшбасшысына  айналып  жүрген,ауданның өсіп-өркендеуіне, бұдан басқа да көңіл көркейтер шарапатты шаралардың орынды жүзеге асырылуына қажыр-қайратыңызды жұмсап келе жатқан Сізге аудан  ақсақалдары,ел-жұрты әрдайым сеніммен қарайды,–дей келе әкім баяндамасына қанағаттанарлық баға беретінін  жеткізді.

  Өз кезегінде сөз алған аудандық мәслихат депутаты,ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК директоры Алмас Тлеулиев аудан көлеміндегі емдеу орындарының тыныс-тіршілінен хабардар етті.

   -2019 жылдың 6 айында аудандағы көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Нақтылыққа жүгінсек, 1000 тұрғынға шаққанда жалпы өлім-жітім 2,4(91 адам)-ден 2,1(73 адам)-ге төмендеді. Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ.Туберклез ауруына шалдыққандар саны 2018 жылдың 6 айының көрсеткішіне қарағанда 162,9-дан 101,7-ге дейін төмендеп,қатерлі ісіктері бар науқастардың 5 жылдық өміршеңдігі артқаны байқалуда. Аудан халқының саны 42477 болса, РПН базасына тіркелген 31802 адамның 30755-нің статусы анықталған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шеңберінде Райымбек аудандық әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» қызметшілерімен,ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп,түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Емдеу мекемелеріндегі 76 дәрігерлік 52 дәрігер еңбек етеді.1000 тұрғынға шаққанда 238 орта буын медицина қызметкерлері,82 кіші буын, 49 әртүрлі дәрежедегі мамандар жұмыс істейді.Жоғары буын кадрлар жетіспеушілігі әлі де сақталып отыр.Қазіргі таңда 11 дәрігерге қажеттілік туындап отыр.Сол себепті жетіспейтін мамандардың орнын толтыру мақсатында медициналық жоғары оқу орындарында өткізіліп жүрген бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып,нәтижесінде 2016 жылы 5 жас маман, 2017 жылы 5 жас маман,2018 жылы 8 маман жұмысқа тартылды. 2019 жылдың 6 айында 4 жас маман дәрігер жұмысқа қабылданды.2019 жылы медициналық оқу орындарын интернатура мамандығы бойынша бітірген 25 жас маманмен портал арқылы жұмысқа қабылдауға келісім шарт жасалынды.резидентураға түспеген мамандар 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысқа тартылады. Хабарламашы сөзінің тоқетерін емдеу орындарының қатты,сұйық отындармен қамтылуы және кейбір ауруханалардың ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарының барысымен түйіндеді.

 Сессияның күн тәртібіне ұсынылған екінші  мәселе бойынша мінбеден орын алған аудандық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия мүшесі Талғат Нүсіпқожаев жергілікті өзін-өзі басқару,қаржы,бюджет,экономикалық саясат,инновациялық даму, кәсіпкерлік, туризм, аграрлық мәселелер, экология, табиғатты  пайдалану жөніндегі  тұрақты комиссияның  есебін  берді.

     -Ауданымыз негізінен ауылшаруашылығы саласымен айналысады.Өндіріс орындары жоқ.Аудан бюджетінің 96,7 пайызы облыстық бюджеттен алынатын ресми трансферттер. Өз кірісіміз 2-3 пайызды ғана құрап отыр.Аудан бөлінгеннен бергі бір жарым жылдың ішінде аудан экономикасында өсіп-өркендеу, алға жылжу бар. 2019 жылдың 1-жартысына жасалған қорытынды бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінде өсім 3,7 пайызды құраған.Құрылыс жұмыстарының көлемі 70 пайызға өскен. 2,4 млрд.теңгеге инвестиция тартылып,4,9 есе өсіп отыр.Ауылшаруашылығында өндірілген өнімнің көлемі 6 млрд.593 млн.теңгеге жеткен. Биылғы жылы репродукциялы «Санте» және «Агрия» тұқымдары 700 га жерге себіліп,одан 16800 тонна өнім алу жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл көлемді 4500 гектарға жеткізу жөнінде алдағы уақытқа жоспар белгіленіп отыр. Картоп тұқымдарын сақтауға сиымдылығы 10 мың тонна болатын картоп қоймасын салуға голландияның «Агрика» компаниясымен жұмыстар жүргізілуде. Тұрақты комиссияның есебі бойынша депутат бұдан басқа да өзекті деген біршама мәселелерге тоқталып, оның жүзеге асырылу жолдарын ұсынды.Бюджетті тиімді,өз мақсатына жұмсау әрбір басшыға жауапкершілік жүктейтінін айтты. Ауданның кіріс көзін молайту бағытында агроөнеркәсіп секторын жандандыру,инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу,туризмді дамыту бағытында жұмыстар ұйымдастырудың қажеттігін алдыға тартты.

    Сессияның күн тәртібіндегі «Райымбек ауданының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекіту туралы» аудан әкімі аппаратының басшысы Гуля Кенебаеваның хабарламасы бірауыздан мақұлданды.

    Сессияда сондай-ақ,аудандық мәслихаттың алдағы уақытқа белгіленер кезекті сессиясының төрағасы сайланды.Сессия төрағалығына аудандық мәслихат депутаты Самат Мүсірбаев көпшілік дауыспен бекітілді.

  Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Осымен  аудандық мәслихаттың кезекті елу алтыншы сессиясы өз жұмысын аяқтады.

                                                                                                                                                             Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                               

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password