«Қасиетті Қазақстан жобасы аясында Алматы облысының қасиетті нысандары бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енген 17 макрообъектілер қатарында Хантәңірі шыңы да бар  

  

   Аспантау деп аталатын шырақты мекенді бабамыз Райымбек бастаған батырлар білек күшімен, найза ұшымен қорғаған қасиетті жерде қазақтың дөй даласына мәшһүр болған, қасиетті Хантәңірі деп аталатын шыңның барын мұқым қазақ біледі десек артық айтқандық емес. Биіктіктің символына айналған, шыңның қадірін біліп, қасиетін түсінген ата-бабамыз қашанда Хантәңірін қорғанына балаған. Біз жақта туған алып тұлғалардың  азаматтық келбетін Хантәңірімен өлшеп, өрелеп қарауымыздың орны да содан шығар. Шыңның шырқау биігі адам аяғы жете бермейтін аспанмен таласқан зәу биікте екенін мен-мен деген альпинистер мойындап, әлемдегі аса қауіпті шыңдар қатарына кіргізді. Біле білсек, алғашқы таңның шапағы алдымен Хантәңірінің басын шалып, содан кейін ғана бүкіл қазақ даласына тарыдай таралады екен. Бұл да болса, Хантәңірінің биіктігін  мың мәрте әйгілей аңғартса керек.      

   Хантәңірі –  Шығыс Тянь-Шаньдағы шың, Қырғызстан мен Қазақстан (Алматы облысына таудың солтүстік-батыс бөлігі қарайды) және Қытай шекарасында. Солтүстік жер шарындағы ең биік нүкте. Жергілікті қазақ пен қырғыздар бұл тауды кешке күн батарда қызарып кететін өңіне қарап «Қантау», «қантоо» деп те атаған екен.

   Құзар шың негізінен мәрмәрленген әк тастан түзілген. Теңіз деңгейінен 6995 м (мұз жамылғысын қоса есептегенде 7010м) зәу биіктікте орналасқан. Хантәңірі – Тянь-Шаньның ең ірі мұздану орталығы, мұздықтарының жалпы ауданы 2500 км2. Шыңға Оңтүстік және Солтүстік Иныльчек мұздықтары арқалы көтерілуге болады. Хан Тәңірін бірінші рет ғылыми түрде сипаттап жазғандар И. Семенов пен Семенов Тянь-Шанскийлер. Шыңға оннан аса маршруттар жасалып, бір маусымда 2000-ға дейін альпинистер мен тау туристерін қабылдайтын халықаралық Хантәңірі альпинистік лагері жұмыс істейді.

 Атақты шың туралы өлеңіне қоспаған өңірде ақын жоқ шығар. Тектілігін, биіктігін, тәккапарлығын жүрек жырына жібіткен аузы дуалы, арқалы ақындар шығармасына шырақ етіп, Хантәңірін қашанда бедел биігінен  түсірмеген. Мұқағалидың, Еркіннің, Оразалын, Бердібектің, Баққожаның кітаптарында Тәңіртаудың ұлылығы сан-мәрте суреттеледі. Осынау алып тұлғалардың қатарында қасқайып тұратын жерлес жазушымыз Тұрлыбек Мәмесейіттің «Хантәңірі баурайында жалғыз шырша» атты хикаяты Әулиешоқы туралы тарихи дерекке толы кереметін ұсынады.  Иә, сол бізге дейін, бізге дейінгіге дейін Әулиешоқы деп аталап келген шыңның қалай Хантәңірі болғанын жазушы шығармасынан там-тұмдап тарата кетсек. «… Баяғыда қалмақтың ханы Саранжап бұл өлкені алғаш көргенде таңдай қаға тамсанып тұрып қалыпты дейді. «Шіркін-ай, мынау кең аңғары сай-саланы, анау заңғар шың-құздарды жеке билесем! Бұл өлке жұт дегенді білмейтін шығар тіпті. Нағыз түгін тартса, майы шығатын жер ғой бұл. Мыңғыртып мал өсіріп, ойын-тоймен таң атырып, сал-серілікпен, саятшылықпен қызықты өмір кешер едім-ау!» Талай жорықта жеңіске жетіп, атағы көпке жайылған өзі хан, өзі батыр Саранжап көз құртына айналған бұл өңірге талай рет шабуыл жасап, ойлаған мақсатына жете алмапты. Тау жайлаған бұл елдің Ботабай деген жас батыры оқ дарымас, қақпанға түспес бөрінің өзі. Мұндай жүрек жұтқан болар ма?!

  …Бүгінде Саранжап шау тартқан. Арғы-бергіні саралап келіп, осы Ботабайға тоқтағанда, өзегін өрт шалғандай жан таппай кетеді. Жиырма жыл ат үстінен түспей, талай шайқасты бастан өткеріп, небір батыр дегендерді жер жастандырған көзелің Ботабайға келгенде, тұмсығы тасқа тиіп, тауы шағылғаны-ай!.. Ойға алғаны жүзеге асқан Саранжап әбден асқақтады. Неше түрлі ойындар көрсетілді. Батыр ханды мадақтаған өлең-жыр да, былай деп Жарлық шығарды: «Кімде-кім мына найзадай шаншылған Мұзарт шыңның ұшар басына шығып, менің әрі батыр, әрі хан Саранжаптың қайқы қылышын апарып қадаса және оған шыққандығын әйгілеп, от жағып, алаулатса, қазір менің қолымда тұтқында отырған, Ботабай батырдың қызы Айбүбі сұлуды иеленеді!» … Саранжаптың алдына жиырма шақты сайыпқыран жігіт жүгіре келіп, жүгіне-жүгіне отырысты. Солардың ішінен Тасқараны көріп танығанда, Айбүбі не болғанын білмей толқып кетті. Айбүбі жігіт әрекетінің бәрін түсінді. Тасқараның тілеуін тіледі. Сөйтіп, келесі күні таң бозынан  жиырма жігіт атақты шыңға аттанды. Арада он шақты күн өткенде, арып-ашып, азып-тозып жеті қалмақ жігіті қайтып келді. Жасқаншақтай хан алдына жүгінді. – Жарлығыңызды орындай алмадық, тақсыр! Талайымыз мерт болды. Жалтыр мұздың үсті азынаған боран. Ұшып кетіп, мұз әңгегіне құлады, мұзға жабысып, үсіп өлді. Бұл жағдайлардан Айбүбі көңілі нілдей бұзылды. Аман қалғандары қайта қайтты. Саранжап бұлардың да жандарын жаҺанәмға аттандырды… Мұзартқа қарай көзі талып, құр сүлдері қалған Айбүбіге бұл хабар мүлде қиын тиді. «Ол – кім? Тасқара ма? басқа ма?! Әй, қайдам…»  …Үш-төрт күн өткен соң арып-ашып, үсті-басының дал-дұлы шыққан Тасқара Саранжаптың алдына келді.

 – Мен сөзімде тұрамын, батырым! Бірақ қыздың жағдайы мынадай болды. Есінен аусып кетті. Енді мына тұтқындағы сұлулардың ішінен таңдағаныңды ал!– деді хан көптің алдында. Бұл сөзді естігенде Тасқара  шамырқанып кетті. Жаңа ғана қу жаны отырған арықша бозбала дүр сілкініп, көзінің оты жарқ-жұрқ етіп, садақша тартылып, бойын жиып алды:

 – Жоқ! – деп жүгініп отырған жерінен қарғып тұрды, – Айбүбіден басқа ешкімнің керегі жоқ! – Жұрт тына қалған, – Оны бұл күйге түсірген сенсің Саранжап! Қанішер, жауыз! Қорлап, мазақ қылғың келді. Мен сенің мазақ әміріңді орындау үшін шыққаным жоқ шыңның басына! Мен Айбүбіге деген адал да, асқақ  махаббатымды көк тәңірге жеткізіп, биікке алып шыққым келді. Сол кіршіксіз таза, мәңгілік махаббат мені алға жетелеп, көкке өрлетіп, шыңға шығарған. Мұзарт енді сенің ойлағаныңдай емес, біздің Айбүбі екеуіміздің маздақ махаббатымызға қойылған биік белгідей боп, мәңгілік асқақатап тұрады!

  Тасқара осылай дегенде шыдай алмай қалшылдап кеткен хан қылышын суырып, сілдеп қалғанда жігіт басы домалап алдына түсті… осы оқиғадан кейін Мұзарт шыңы – Хантәңірі деп аталыпты дейді.»

  Міне, кереметтей оқиға желісімен сіз бен біз Хантәңірі атап жүрген биік шоқының әруағы алты қырдан осылай асып та, тасып та тұр.

   Албан еліне мекен болған тектіліктің тұғыры Хантәңірі етегін жайлаған қазақтығы мен ғажаптығы тел жарасқан,  сүрлі салты мен дәстүрін сақа сақтаған, моп-момақан елдің кешегісі – керім, бүгіні – бүтін, ертеңі – ерекше шалқыма шаттықты күнде ғұмыр кешуде.

   «Мен таулықпын» деп дабыра дақпырттап жырлап өткен ақиық ақын Мұқағалидың мөрлі өлеңін мұндағы әрбір жас әнұрандай әспеттеп айтуының себебі осыда болар. Мұның сыры да, жыры да таудай таза тектіліктің тұма бұлағынан бастау алып, баспалап, кең қолтық, кең етек жырыла жайылып, ғасыр тауса ғасырға жалғасары  әманда шындық. Тауың бар да тау жайлаған қауым бар. Мұндайда толқындай толқыған тау тарихы, ұрпақтан-ұрпаққа мирас та, мұра жалғаса бермекші.

                                                                                                                                                                            С.Нұрбақытұлы

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password