Өмірін өнерімен өрнектеген

Көп ескеріле, елене берілмейтін саланың бірі мәдениет саласы екендігін дүйім жұрт біледі. Мәдениет негізі – еңбек. Еңбек неғұрлым күрделі болған сайын, мәдениетте жаңа сипат алып отырады. Алғашқы еңбек бөлінісінен қазіргі кезеңге дейін еңбек материалдық өндіріс мәдениетін жетілдірудің негізі болып келеді. Мәдениет адамсыз жасалмайды. Адам дамуы мәдениетке байланысты. Тек осы өзара тәуелдікті анықтай алғанда ғана мәдениеттің адамзат тарихында, адам өмірінде алатын орын түсінуге болады. Сондай-ақ, мəдениет адамды тұлға деңгейіне дейін көтеретін негізгі құрал болып саналады.
Сондай тұлғаның бірі — мәдениет саласына 40 жылға жуық маңдай терін төгіп еселі еңбек сіңірген жақсы ұйымдастырушы, қасиетті қара домбыраны серік еткен жезтаңдай әнші Құдярбекқызы Советай Мекебаева.
Советай Құдиярбекқызы 1959 жылдың қазан айының сегізі күні Алматы облысы, Райымбек ауданы (Бұрынғы Нарынқол ) Шәлкөде ауылында дүниеге келген. 1976жылы орта мектепті бітірген соң оқудан жолы болмады. Ауылға келіп еңбек жолын бастап кетті.1978жылға дейін Киров атындағы колхоздан құрылған комсомол жастар бригадасымен шопан болып еңбек етті. Советай өзінің еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көптің ықыласына бөленді. Бойындағы табиғатпен ата-анадан дарыған өнерімен 1978 жылдан бері қарай мәдениет саласында жұмыс атқарды. Көп жылдар мәдениет үйінің меңгерушісі (ол кездерде осылай аталатын ) мәдениет үйінің директоры, көркемдік жетекшісі болып істеді. Қазіргі таңда Қайнар ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі. Көптеген игілікті шаралардың басы -қасында жүріп, түрлі шараларды жан-тәнімен беріле жоғары деңгейде өткізетін өзіндік ерекшелігі бар тұлға. Өз жұмысын тыңғылықты да, тиянақты атқарып, көпшілікпен тіл табыса білетін, мінезі ұстамды, жүрген ортасында беделді, қайырымды жан. Ауыл тұрғындарына да жайдары мінезімен, жақсы жұмысымен бағалы. Әріптестерімен адамгершілік тұрғысында араласатын Советай әпкемнің іскерлігі мен қайраттылығына мен де сүйсіне қараймын. Ол кісінің қасиеті жазба өнерінде де бар екенін, әріптестерімен достық әзілдер, мектеп оқушыларының түрлі сайыстарына арнаулар,таныстырулар жазуынан байқаған болатынмын. Мәдениет пен әдебиетті қатар меңгеріп, қыл қаламның қасиетін бір кісідей түсінетін талантты жан деп айтсақ артық болмас. Советай Құдиярбекқызы халыққа көрсеткен мәдени қызметінде еңбегі еленіп, бірнеше рет ауданның, ауылдың алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен , 2017 жылы қалалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Құрмет белгісі» медалін, жуырда ғана «Қазақ Мәдениетінің Қайраткері» атағымен төсбелгісін иеленді. Қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшесі. Ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы. «Ақ-Қайнар» әжелер ансамблінің жетекшісі. Өнер атты өміршең саланың тамырын басқан Советай Құдиярбекқызы 40 жыл табан аудармай мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Қоңыр домбырасымен әуезді әнін өмірінің өзегі етіп келе жатқан жан жұрты үшін еңбек етуден жалыққан емес. Бұл күндері ұлағатты ұл-қыздарын, тәтті немерелерін тәрбиелеп отырған ардақты ана. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор, көпшіл жанның келешектегі кемел жолы зейнеткерлік демалысқа ұласпақ.
Осы орайда Советай Құдиярбекқызымен өмір өткелдерінде бірге жүріп, қызметтес болған әріптестерінің пікірлерін ескермесек бізге сын болмақ.
— Мекебаева Советай мәдениет саласына 40 жылға жуық маңдай, терін төгіп еселі еңбек сіңірген жақсы ұйымдастырушы, қасиетті қара домбыраны серік еткен жезтаңдай әнші. Сәбетай тәтемізбен сонау кеңес дәуірінде Қайнар ауылдық мәдениет үйінде бірге алғашқы еңбек жолында басталғалы бері бұл кісінің маңдайалды еңбектері көз алдымда. Аудандық облыстық шаралармен бірге Республикалық сахналарды бағындырғанын халық біледі. Ең негізгісі еңбекқорлығы ешқандай білім алмай ақ, қазіргі заманғы технологияны меңгеруі, әрбір іске жауапкершілігі, адам мен қарым-қатынасы, кішіпейілділігін мен айтпасамда аудандағы барша мәдениет қызметкерлеріне аян. Өнер мәңгілік демекші осы өлмес мұраны әлі де алға сүйреп келе жатқан Советайды қандай құрметке лайық көрсек те артық емес» — дейді көпжылғы әріптесі Қайнарбек Уалиханұлы.
— Сонау 1984 жылдары Қайнар ауылындағы Омар Өскенбайұлы көшесі «Әртістер көшесі» деп аталған болатын, себебі сол жылы бір көшенің бойында аудан, облысқа, тіпті республикаға танымал болып қалған өнерде бірге жүрген үш қыз бірдей келін болып түстік. Советай тәте мен Алма Байтөлекова бір үйге, ал мен аталас ағайындарына. Советай тәтені сол кездерден жақсы білемін. Ол кісі адамгершілігі жоғары, биязы мінезді асыл ана, аяулы ене, ардақты әже. Ауыл-аймағына, абысын-ажынына қадірлі жан. Домбырамен орындайтын жүрек тербетер әндері, өзіндік әдемі, әуезділігімен тыңдаған жанды еріксіз баурайды. Жауапкершілігі өте жоғары, Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы. «Аққайнар» әжелер ансамблінің көркемдік жетекшісі. Қысқасы, Советай тәте мінезге де, сөзге де рухани бай адам — деген пікірімен абысыны әрі, өнердегі жолдасы Гүлшат Базарбекова бөлісті.
Мәдениет – адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Мәдениет майданында мойымай қызмет етіп келе жатқан Советай тәтемізге бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қызарының көз қуанышы болып, өнерімен өмірін өрнектеп жүре беруіне тілектестік білдіреміз.

Айнаш Әлдибекова,
журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password