Жақсының аты өлмейді…

Дана халқымыздың көрегендікпен айтқан осы бір ұлағатты тәнсілі қай кезең, қандай дәуірде өзінің мәні мен мағнасын жоғалтқан емес. Әрине халқы үшін адал қызмет етіп барында, нарында сол халқының болашағына арнайтын  біртуар  перзенттері  осынау аталы сөзге лайық екенін заман талабы тудырған уақыт ағымы қажет еткен өмір көші оның болмыс бітімі дәлелдеп келе жатқаны белгілі. Осы бір ұлағатты ұғымға өзім туып өскен аспантау аясында да лайықты азаматтар бар екенін көзіммен көріп, олардың қоғам алдындағы қалтқысыз қызметіне куә болғасында солар жайлы ой пікірімді білдіріп қойғанды жөн санадым. 

Сондай туған жеріне туын тігіп қажыр қайратын сол ата жұрт, атамекенінің жақсылығына, көгеріп көктеуімен әлеуметтік тұрғыдағы өсіп өркендеуі жолына жұмсаған аяулы жанның бірі, тіпті бірегейі десе де артық болмайтын ардақты азамат Орынбаев Нұрбатыр Жұмашұлы еді. Ол кісі Нарынқол аудандық білім бөлімін басқарғанда өзімде осы салада қызмет атқарған едім. Сол кезеңдерде Нұрбатыр Жұмашұлының басшылығымен аудандық  білім саласында  жүзеге  асырылған көптеген айтулы шаралар мен игілікті істер арқылы білікті басшы, білгір маман ретінде жақсы таныдым.

  Мен 1989 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының кітапханатану және библиография  факультетін  бітіріп, Нарынқол  аудандық білім бөліміне  жұмыс сұрап  келдім. Кабинетке кіргенде орта бойлы, жылы жүзді, қарапайым  бөлім бастығы Нұрбатыр Жұмашұлы қарсы  алды. Мамандығымды сұрағаннан кейін тәжірибемнің аздығына  қарамастан  «Кітап қорын сақтау жөніндегі әдіскер» етіп  жұмысқа қабылдады. Мектеп кітапханаларына бақылау басшылық жасауды, оқушыларды  кітаппен қамтамасыз етуді және кітапханашыларға әдістемелік көмек көрсету міндеттерін  сеніп тапсырды.  Жас маман, еңбек  жолын жаңа бастағандықтан  көп оқып үйреніп, тәжірибе жинақтау керек болды. Осы тұрғыда білгір басшы үнемі  жол көрсетіп бағыт бағдар беруден, өзінің білгенін  үйретуден еш жалыққан емес. Нұрбатыр Жұмашұлы кітапхана жұмысына көп көңіл бөлетін. Өйткені сол кездерде мектеп директорлары кітапханашыларды үнемі мектептің ішкі жұмыстарына пайдаланатын. Кітапханаларға көп көңіл бөлінбейтін. Нұрбатыр Жұмашұлы мектеп кітапханаларының әлеуетін көтеріп қана қоймай, кітапханашылардың да жағдайын жасайтын.  Басқа ауданның кітапханашыларымен тәжірибе алмастыратын.  Кітап, кітапханаға қатысты мәселе болса жиналыстарға мені  бірге ертіп алатын. Өйткені сенен артық  кітапхана жұмысын  мен білмеймін ғой дейтін күліп. Жиналыстарда үнемі менің сөзімді сөйлейтін кітап пен кітапхана бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп алдыңғы орынға қоятында, директорларға тапсырманы өзі беретін. Мен кітаппен тығыз байланысты болғандықтан үнемі мектеп мұғалімдерін  газет журналдарға  жаздыру, облыстық  білім  бөлімінің тапсырмасымен сатылатын  методикалық  кітаптарды  сату менің  мойнымда еді. Сол кездерде  мұғалімдерде  ақша жоқ, нанға ақша жеткізе алмайтын қиын кездер еді. Ақша жинай алмай мен Нұрбатыр Жұмашұлынан көмектесуін сұрайтын едім. Сонда мектеп директорларына  айтатыны  «сендер мені қолдамасаңдар кім қолдайды» деп  үнемі қиындықтан жол тауып шығатын жақсы қасиеттеріде бар еді. Ол кісінің бойынан шексіз қуат, мейірім мен даналық төгіліп тұратын.

        Нұрбатыр Жұмашұлының ұжымды басқару әдісі де ерекше еді. Қарамағындағы қызметкерлерге жөні жоқ айқайлап дауыс көтеріп ұрыспайтын. Жұмсақ  жағымды дауысымен  ғана мына істеріңнің «қаймағыда  бұзылмапты ғой» деп  айтқанда өзің сол жұмысты істемегеніңді біліп іштей ұялып тұратын едік. Содан кейін берілетін әр тапсырмаларды аса ұқыпты жауапкершілікпен орындауды, талап қоя білуді үйрендік. Нұрбатыр  Жұмашұлы өзіміз шеше алмайтын ғана проблемаларға араласатын. Әр іске сеніммен қарайтын.  Қарамағына келген біздер сияқты жастарды  білікті жақсы маман болып  қалыптасуымызға да зор ықпал етті. Үнемі біздерге айтатын сендер мұғалімдерден бір саты жоғары болуларың керек. Өйткені аудандық білім бөлімінің қызметкерлерісіңдер деп  мәртебемізді көтеретін.

         1989-1996 жылдардағы Нарынқол аудандық білім бөлімінің ұжымы ұйымшыл, өте керемет еді. Бәрі өз істерінің шебері, білікті білгір мамандар еді. Атап айтсам: Оразбақова Гулзада, Исенбаева Нургул, Ахметов Қанат, Сәдірмекова Люба, Умбетжанова Бағира, Елгезекова Боташ, Тәкебаева Раушан, Төлегенова Гулмира, Шантиев Асқар, Ібітанов Тұман,  Ақаев  Мурат,  Бақбаев Тұражан, Сулейменова Айгул, Нұрхатова Уміт, Жумағулова Нургул, Шерилдаев Мурат, Сайраш «Адамның адамшылдығы…жақсы ұстаздан болады» деп, дана Абай айтқандай  Нұрбатыр Жұмашұлы  білікті білгір басшы ғана емес, ұстаз ретінде ізін басып келе жатқан кейінгі әріптестеріне де үлгі бола білді. Мен әлі күнге дейін  Нұрбатыр Жұмашұлының сөздерін еске алып ой түзеймін, адамдармен жұмыс істеу тәсілін өз іс- тәжірибемде қолданамын. Себебі, ол кісі еңбекте ғана емес,  білікті маман тәрбиелеуде өнеге алатындай ұстаз екенін бәріміз білеміз.

 Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған  білікті  маман, білгір басшы, ұстаздардың ұстазы Нұрбатыр Жұмашұлы туралы естелік жазу әрине әріптестеріне  оңай болған  жоқ. Нұрбатыр  Жұмашұлының ұстаздық ғұмыры  кімге де болса, үлгі тұтарлықтай өнегелі. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген халқымыздың даналығын бойына сыйдырған салмақты мінез, салиқалы ой иесі  Нұрбатыр Жұмашұлының кісілік келбеті де қоғамдық тұлғасына сай ер азамат еді. Оның жарқын бейнесі мәңгі есімізге сақталады.

  Биттибаева Ултуар Баубекқызы,

 Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар   колледжінің кітапхана меңгерушісі.

                                     Қазақстан Республикасы білім беру ісінің

           Құрметті қызметкері.

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password