Жанға жайлы демалыс

 Жайлау қандай, жаз қандай!             

Жазғы үлкен үзіліс ұзақ оқу жылынан кейін мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту, денесін шынықтыруы, күш жинауы үшін беріледі. Бұл — олардың рухани баю, өз күштерін тексеру және байқап көру, қоршаған ортаны игеру және түсіну уақыты. Балалардың белсенді демалысы әдеттегідей мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде өтетіні белгілі. Биылда жылдық дәстүрден ауытқымай Райымбек ауданының оқушылары жаздық лагердің алғашқы шымылдығын ашты.             

Таудың бөктерінде орналасқан «Ақкөл» спорттық сауықтыру лагеріне ауданымыздан 150 оқушы жолдама алып, жазғы демалыстарын бастады. Лагерде демалушы балалардың басым бөлігі тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасы, толық және  жартылай жетім, көпбалалы отбасынан шыққан  балалар. Лагердің  ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы мен білім бөлімінің басшысы Саят Ерсайынұлы, БАҚ өкілдерінің шығармашылық ұжымы арнайы  қатысты. Алғашқы сөз тізгінін алған аудан әкімінің орынбасары бүлдіршіндерге жайлы демалыс тілеп, уақыттарын ұтымды пайдаланып, жаңа көзқараспен оқу ордасына оралуларына тілектестік білдірсе, Саят Ерсайынұлы балалардың болашағынан зор үміт күтіп, келешегі кемел елдің ұлағатты ұрпағы болатынына зор сенім білдіріп, кезекті демалыстарымен құттықтады. Лагерь оқушыларының арнайы дайындаған концерттік бағдарламалары мен көріністері шуақты күннің шырайын кіргізіп, көпшілікті қуанышқа бөледі.

 Лагерьдің жұмысына тоқталсақ, онда жазғы демалыс маусымында балалар екі ауысыммен қабылданады. Жалпы, 24 маусым — 13 шілде аралығында 150 бала демалыспен қамтылады.

Балалар лагерьде демалыстарын белсенді өткізеді, түрлі ойындар ойнап, дене шынықтыру, сауықтыру шараларына қатысады. Табиғатты қорғау және экологиялық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, қоғамдық ортада өзін өзі ұстау, өзін өзі қорғау сияқты жауапкершілікті сезінеді. Бұл оқушының өз-өзіне деген сенімін арттырып, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді. Өңірімізде бұдан өзге де балаларды сауықтыруға арналған демалыс орындары көбейсе, экономикамыздың, мәдениетіміздің дамуына сеп болар еді.

Айнаш Әлдибек,

Нарынқол ауылы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password