Маңызды  мәселеге  мардымды  баға  берілді

 

 

 

 Жуырда  аудан  әкімдігінде  қылмыстық  жазаны  және  қылмыстық-құқықтық  ықпал  ету  шараларын  орныдайтын  органдар  мен  мекемелер  қызметіне  жәрдемдесу  жөніндегі,сондай-ақ, қылмыстық  жазаларын  өтеген  адамдарға  әлеуметтік  және  өзге  де  көмекті  ұйымдастыру  жөніндегі  консультативтік  кеңесші  органның  кезекті  отырысы  өткізілді. Комиссия  мүшелері  бас  біріктірген  жиынды  аудан  әкімінің  орынбысары  Нұрбол  Сағатбекұлы  ашып, жүргізіп  отырды.         

     Маңызды  шараның  күн  тәртібіне: 1. Пробация  қызметі  бойынша  бірінші  тоқсандағы  атқарылған  жұмыстар жайлы  мәлімет.

  1. Райымбек ауданы  бойынша  пробация  қызметінің  есебінде  тұрған  азаматтарға  әлеуметтік-құқықтық  көмек  көрсету  бойынша жүргізіліп  жатқан  жұмыстардың  барысы  жайлы   екі  мәселе  қойылды.

    Қаралған  алғашқы  мәселе  бойынша  пробация  есебінде  тұрған  азаматтардың  аудандық  жұмыспен  қамту  бөлімі  арқылы  жұмысқа  тартылуы  жайында  осы  бөлімнің  басшысы  Талғат  Малтақбаев  хабарлама  жасады. Хабарламашының  айтуынша  аудан  көлемінде  пробация  қызметінің  есебіне  42  азамат  тіркелген. Ағымдағы  жылдың  алғашқы  тоқсанында  олардың  18-і  түрлі  салалар  бойынша  жұмыспен  қамтылған. Сол  сияқты  6  азамат  басқа  аудандарға   қоныс  аударылып, пробация есебінен  шығарылған. Қазіргі   таңда  жұмыспен  қамтылғандардың  тәртібі, отбастарының  күнкөрісі,  әлеуметтік  жағдайы   пробация  қызметі  мен  жұмыспен  қамту  бөлімінің, басқа  да  бақылаушы  органдардың  тұрақты  назарында. Әрине, бүгінгідей  жұмыссыздық  деңгейі  айрықша  сипат  алып  тұрған  шақта  қылмыстық  жазасын  өтеп  келушілердің  жұмысқа  тартылу  саны  арта  түсіп  отырғаны  көңіл  қуантарлық  жайт. Мұндай  жетістікке  қол  жеткізу  пробация  қызметі  мен  жұмыспен  қамту  бөлімі  арасындағы  байланыстың  нығайып, бірлесе  жұмыс  істеуінің  нәтижесі  екені  анық. Уақыт  талабынан  туындап, орындалуды  міндетті  түрде  қажет  ететін  өзекті  мәселені  алдағы  уақытта  одан  әрі  ширата отырып,пробация  есебінде  тұратын  басқа  да  азаматтарды  жұмыспен  қамтудың  маңызы  зор. Комиссия  мүшелері  екі  тараптың  да  жұмыстарына   баға  бере  отырып,  осылайша  ортақ  тұжырым  жасады. Маңызды  шараның  жүзеге  асырылуы  барысында  туындап  отырған  өзіндік  кедергілердің  жай- жапсарын  да  әңгіме  өзегіне  айналдырды.

     Жиынның  күн  тәртібіндегі  екінші  мәселе  бойынша  біріншіі  болып  сөз  алған  «Райымбек  аудандық  дене  шынықтыру  және  спорт  бөлімі» ММ  басшысы  Талғат  Ақылов  қысқаша  баяндап  берді. Баяндамашы  айтқандай,Райымбек  аудандық  пробация  қызметінің  2019  жыл бойынша  есепте  тұрған  азаматтарымен  аталған  бөлім  бекітілген жоспар бойынша  әлеуметтік  тиімді  механизмдерін  ендіру  үшін  жүйелі  жұмыстар  жүргізуде. Есепте  тұрған  азаматтар  мен  азаматшалардың  салауатты  өмір  салтын  ұстануға,өздері  қалаған  спорт  түрлерімен  шұғылдануға, аудандық  және  ауылдық  спорттық  іс-шараларға  қатысуға  толықтай  мүмкіндік жасалуда. Кешкі  уақытта  сағат  20.00-ден  22.00- ге  дейін  ауылдық  округтердегі  мектептердің  спорт  залында  волейбол, баскетбол,үстел  теннисі,шахмат,дойбы,тоғызқұмалақ  сияқты  спорт  түрлерімен  айналысу  үшін  мектеп  директороары, ауыл  әкім, ауылдық  спорт  әдіскері  арасында  үш  жақты  келісім  жасалып, үйірме  кестелері  бекітілген. Нәтижесінде  пробация  пробация  есебінде  тұрған  азаматтар  ауылдық,аудандық  түрлі  деңгейлердегі  спорттық  жарыстарға  қатысып, команданың, ауылдың  намысын  қорғауда.

  Баяндамашы  сөз  арасында  аудандық  жарыстарға  қатысып, шеберлік  танытып  жүрген  азаматтардың  аты-жөндерін  де  атай  келе,оларды  ынталандыру  шараларының  жолдары  жөнінде  ойын  ортаға  салды.

Күн  тәртібіндегі  бұл  мәселе  бойынша  баяндаған  аудандық  білім  бөлімінің  басшысы  Саят  Үмбетәлиев  те  маңызды  мәселеге  байланысты  жұмыстардың  білім  саласындағы  атқарылуынан  хабардар  етті. «Райымбек аудандық  білім  бөлімі» ММ «Райымбек  аудандық  жұмыспен  қамту  орталығы» ММ арасында ,  2019  жылға  арналған  бірлескен  кешенді  іс-шаралар  жоспары  жасалынған. Соған  сәйкес  пробация  есебінде  тұрған  азаматтардың  тізімдері  алынған. Сөйтіп, оларға  мектептегі  бос  жұмыс  орындары  ұсынылған. Жұмысқа  орналасқандар  мен  ауыл  әкімдігі, мектеп  басшылығы  арасында  келісім  шарт  жасалынып, олармен  мектеп  психологтары  бейімдеу  жұмыстарын  ұдайы  жүргізіп  отырады.Сонымен  қатар  олар  мектепте  құқықбұзушылыққа  байланысты  өтетін  тәрбие  сағаттары,сынып  сағаттарына  шақырылып, 9-11  сынып  оқушыларымен  құқық  бұзушылық,оның  зияны,қылмыстың  алдын  алу  бағыттары  бойынша  белгіленген  шараларға  қатыстырып  отыру  тұрақты  жолға  қойылған. Баяндамашы  пробация  қызметіне  байланысты  білім  ошақтарында  қолға  алынып  жатқан  басқа  да  жұмыстарды  тілге  тиек  жасап,оның  жетістіктерін  жіпке  тізді.

      Жиналыс  барысында  пробация  қызметінің  басты  мақсаты – жазасын  өтеп  келгендердің  қайтадан  қылмыс  жасауға  ұмтылу  әрекеттерінің  алдын  алу, қылмысқа  итермелейтін  себептерге  жол  бермеу  және  қоғамдық  өмірге  тезірек  бейімделіп  кетуіне  жағдай  жасаудың  бағыт-бағдары  тағы  бір  пысықталды. Осы  мәселемен  тұрақты  айналысатын  құзырлы  орындардың  басшылары  мен  мамандарына  алдағы  атқарылар  жұмыстарына  жаңашы  міндеттер  жүктелінді.

                                                                          Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                              арнаулы  тілшіміз.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password