Ауылым ­– алтын бесігім

Жыр тұлпарға шабыт – шана жексем де,

Ақ бұлттарға ақ сұңқар боп жетсем де.

Ақ түтіні бұрқыраған Ауылым,

Сарқылмаған сағынышым тек сенде.

    

           Иә, Ауыл әр азамат үшін орны бөлек, жөні ерек жұмақ мекен. Жан-жағы берекелі, әр күні мерекелі құтты өлке де осы. Әр атқан таңы мен батқан күнінде де айрықша қасиет бер қастерлі ен дала, адамдықтың бастауы болған кең дала ауыл екені әлімсақтан белгілі. Бүгінгі таңда осынау алтын бесікке деген үкімет тарапынан қолдау да, көмек те, қажырлы еңбек те ерекше. Шын мәнісінде жыл санап  ауылға ден қойылып, аса үлкен көңіл бөлініп, қуаныш көкжиегі кеңейіп келеді. Осы орайда республика бойынша арнайы шаралар ұйымдастырылып, ауыл беделі мен, ауыл мерейінің мәнді болуына түрлі жиындар өткізілуде. Сөзімізге тұздық болатын біздің облыста та орайын тапқан талай жұмыстар төрге озып, ауылдың асқақтауы жолында жаңа рәуіштегі жөнді істер ілгері шығуда. Соның бірі де бірегейі үшінші жыл қатарынан дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан «Ауылым ­– алтын бесігім» облыстық байқауы.

       Облыс аумағындағы ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтары арасында ұйымдастырылған аталмыш байқау биыл 15 сәуірде бастау алған. Облыстық Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының және облыстық халық шығармашылығы орталығы қолға алған шапағатты шара 18 мамырда аяқталып, қортындыланбақ.  Байқаудың басты мақсаты — Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің жұмыстарын жандандыру, ауыл өнерпаздарына қолдау таныту. Мәдениет дегенде ең алдымен еске түсетін ауыл екені баршаға мәлім. Мәдениеттің қайнар бұлағы, білікті бастауы, тұнық та мөлдір шығармашылық орда ауыл екені айдан анық. Салт-дәстүрге сақ қарап, өнерді өрге оздырып, рухани құндылықты қазынасындай құлыптап қараған ауыл қашан да қаймағы бұзылмай келеді. Сондықтан да алтын бесік үнемі тазалық пен тұнықтық, адалдық пен адамдықтың түбірі болып саналмақ. Осыны бағдар етіп Жетісу орталығынан жеткен  облыстық Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров бастаған қонақтар алғашқы болып Қайнар ауылдық округіне ат басын бұрды.  Айта кетерлігі аталмыш байқауда ауданымыздан Қайнар ауылдық округі мен Текес ауылдық округінің Мәдениет ошақтары бақ сынап көрмек. Қайнар ауылдық Мәдениет үйін аралап, арнайы көрмеге көз тоқтатып, кеңсе құжаттарына қанық болған қонақтар ауыл өнерпаздарының ұйымдастырған концертіне куә болды. «Тойлы ауыл» көрінісімен шымылдығын ашқан концерт «Ғұмыр дәрия», «Жарық жұлдыз» байқауларының жүлдегерлері орындаған әсем әуендермен жалғасын тапты. Ауыл өнерпаздары жұмыла жасаған жұмыстың жемісі жақсы пікір мен оң бағаға жеткізді. Әрине осыған ұйытқы болған ауыл әкіміне де шексіз алғыстар айтылып, ауыл көркінің тамашалығы мен Мәдениет үйінің мәнділігі тілге тиек болды. Артынша Текес ауылдық округіне аттанған қонақтар ол тұстағы концерттік бағдарламаға да ризашылығын білдіріп, арнайы қойылған көрмеге оң бағасын берді. Сондай-ақ өнерпаздардың дарынына тәнті болып, әлі талай биікті бағындыруларына тілектестік білдірді. Қос ауылда да арнайы тігшілген киіз үйлерген бас сұққан қонақтар ауыл берекесін қашырмай,  ырысы шашылмай отырған тұрғындарға  оң баға берді.

         Байқау шартына сай тек бағдарламаға ғана көңіл бөлінбей, қазылар алқасы мәдениет үйлерінің материалдық жағдайын, ондағы көркем өнерпаздары үйірмелерінің жұмысын, мәдени шараларды өткізу деңгейін, тұрғындардың қамтылуын және жас мамандардың жұмысқа тартылуын назарға ала отырып, жеңімпаздарды анықтамақ. Сондай-ақ ауылдың босағасынан бастап, төріне дейінгі тұрмыс-тіршілігі, ел-жұрттың қарым-қатынасы, өсім деңгейі, тұрғындардың денсаулық жайы және жергілікті билік орындарының жұртшылықпен қарым-қатынасы, ауыл әкімімен халықтың байланысы жеңіске жол ашар жәйттар болмақ. Ауылдық мереке соңында Төлеужан Нүсіпжанұлы ауылға келгендегі ниет пен ойдың 100 пайызға орындалғанын жеткізіп, 1991 жылы облыста 1500 ден аса мәдениет ошақтары болса бүгінгі таңда небарі 566 ақ нысанның қалғанын айтып өтті.

Міне, сондықтан да жыл сайын есігін ашып жатқан мәдениет үйлерін ұқыпты да тиянақты ұстау қажеттігін тілге тиек қып, қос ауылдың да тыныс-тіршілігі ұнағандығын сөзіне қосты. Облыс қонақтарынан «Басы бар, аяғы бар, Қариясы бар, ақылдың дариясы бар, Артында ерген ботасы бар, көңілді нотасы бар ауыл екен» деген айрықша баға алған қос ауыл  мәдениеті мәңгі мәнді болсын дедік.

Ай САНА

Қайнар, Текес ауылдары.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password