Жазықсыз жапа шеккендер ұрпақ жадында

 

Тарихшылардың бағалауынша, 1927-1953 жылдары Кеңес Одағы бойынша 60 миллионға жуық адам қуғын сүргінге ұшыраған. Өткен ғасырда Алаштың басына түскен зобалаңның естіген адамның жанын түршіктіретіні сөзсіз. Солардың ішінде ең сорақысы да сұмдығы да 1930-1932 жылдары халқымыздың шаңырағын ортасына түсіріп кеткен ашаршылық пен 1937 жылы бастау алған сталиндік саяси қуғын — сүргін екені даусыз.
Сол заманғы ашаршылық құрбандарын қосқанда Алаш жұрты 42 пайызға кеміген кезең еді. Олардың қатарында Райымбек, Кеген аудандары бойынша 208 адамның тізімі анықталған болатын.
Бүгінгі уақыттың биігінен қарасақ, жоғарыдағы айтылған оқиғалар мүмкін еместей көрінеді. Бұл халықты азап шектіріп, тамырына балта шабуға бағытталған ұлы ашаршылық. Біз бүгінгі ұрпақ ақиқатты білуіміз керек және қасірет шегіп, азаппен көз жұмған жазықсыз жандарды есте сақтауымыз керек.
Қазақ зиялылары әрқашанда ұлт мүддесін қорғай білді. Сондықтан да, олар сталиндік саяси қуғын-сүргін құрығына жаппай ілікті. Нақақтан –нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп –«ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп – «халық жауы» деген жала жабылып, оққа ұшты. Қазақ зиялыларының көрген қасіретін, рухани жан азабын жеткізу өте ауыр.
Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралып отыр. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Өткен күннің өшпес ізі қалған ашаршылық пен қуғын-сүргін боздақтарын еске алып, ерен ерліктерін ертеңгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында аудан орталығы Нарынқол ауылының мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. 
Қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үзіліспен еске алып, бейнебаян арқылы тарихқа шолу жасап, қиын-қыстау кезеңнің қысқаша көрінісі халық назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ауданның бас имамы Манап Исабол қыршыннан қиылған құрбандардың рухына құран бағыштады. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Жолан Омаров ел үшін, жер үшін жапа шеккен боздақтардың ерліктерін еске алып, ер есімі – ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
Аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев, «Адамзат баласы өз өткенін, тарихын ешқашан ұмытпауы керек. Бүгінде тәуелсіз ел ұрпақтары АЛЖИР, КарЛаг, Степлаг тұтқындары мен қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды мәңгі есімізде сақтап, құрметтейміз. Біз оларды 31 мамырда ғана еске алып қоймауымыз керек, тарихты оқыған сайын, осы тақырыптағы фильмдерді көрген сайын немес жай күндерде де оларды еске алып отырған жөн. Біз әрқашан Тәуелсіз Қазақстанның арқасында қаншалықты бақытты өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек» — деп бүгінгі бейбіт күннің ұландарына үндеу тастады.
Сондай-ақ, аудан жастарының атынан сөз алған О.Жандосов атындағы орта мектептің мұғалімі Жанар Әміреева «Саяси қуғын – сүргін мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Әкімшілік –жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жерде борышымыз — осы қаңқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі еске сақтау» — деп сол жылдары шейіт болған қазақ зиялыларын насихаттаудан жалықпайтынын жеткізді.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының патриоттық сазды концертімен жалғасып, көрермендердің көңіл қылын тербеді.

Айнаш Әлдибекова,
«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password