Үнің кетпес құлақтан

  Гүлдерге толы омырау,
Өмірде жоқ қой тоқырау.
Қимастық сезім оятып,
Соғылсын соңғы қоңырау!  Бұл – мереке ата-аналар үшін қуанышты күн болса, оқушылар үшін қимас балалық шақпен қоштасу күні, сағыныш сезімін ұялатып, өткенге қайта оралтатын ертеңгі күнге сенімді серік етіп, үкілеген үмітті арқау ететін күн. Ұлы даланың барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау үнімен тебіреніп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя – мектептерімен қимай қоштасар сәт.  Білімнің ордасы, жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектердің жадында мәңгі жатталатын шақ. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қағады. Оқушылар үшін соңғы қоңырау рәсімінің маңызы айрықша. Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас.

Тaлaй қырaнды қaнaттaндырып, тaлaй ұлaнды ұясынaн ұшырғaн аудан орталығындағы  Б.Соқпақбаев орта мектебінде соңғы қоңырау салтанаты ерекше өтті. Жылдағы дәстүр бойынша таңмен таласа соңғы қоңырауға дайындық ерекше. Бірі алтын ұя мектеппен қоштасса, енді бірі бірінші сыныпты тәмамдап тұр. Бірінің жүзінен қимастық байқалса, бірінің жүзінен қуаныштың хабары қылаң береді. Осынау айтулы күнде алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұрған он үш түлектің жүрек тебіреністері де ерекше. Ұстаздарының қас-қабағын бағып, қиыла қараған жайдарлы жанарларына жас толғандай.

Мектеп директоры Төлегенова Гүлмира мектептің тарихынан сыр шертіп, түлектерге сәт-сапар тілеп, салтанатты шараның шымылдығын ашты. Мерекелік кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Жолан Омаров өз кезегінде сөз алып, ауданның білім деңгейін тілге тиек етті. Өткен жылдың жетістіктерін жеткізіп, бітіруші түлектерге үміт арттатынын айтып, ақ жол тіледі.

Сонымен қатар, Б.Соқпақпаев мектебінің ұлағатты ұстаздары, ширек ғасыр қызмет етіп артына өшпес із қалдырған ардақты азаматтар сурет пәнінің мұғалімі Нұрболат Искаков пен тарих пәнінің мұғалімі Дәулет Шакеновтың зейнеткерлікке шығуына байланысты, ұзақ жылдардағы ерен еңбектері ескеріліп, «Қамқор -2» кәсіподағының басшысы Лұқпан Әбековтың арнайы алғыс хатымен, сыйлығымен марапатталды.

Бітіруші түлектердің атынан сөз алған Аяулым Нұрмұрат білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының асыл қасиеттерін суреттей келе, зейнетінен бейнеті көп маман иелеріне алғыс білдірді.

Шарапатты шара  бітіруші түлектердің қоштасу вальсімен жалғасып, құлақтан үні кетпес күміс қоңыраудың сыңғырмен сәндене түсті.

Сондай-ақ, атаулы мектепті осыдан 20 жыл бұрын тәмәмдап, бүгінде бір- бір шаңырақтың ұйытқысы болып отырған түлектер ұшқан ұяларына қонаққа келіп, арнайы сый құрметтерін көрсетті. Көп жыл көріспеген ұстаздарымен қауышып, көзайым болды. Осы күнде араларында жоқ замандастарымен ұстаздарын еске алып, көптің көңілін толқытты. Арнайы дайындалған концерттік бағдарламада шырқалған бітіруші түлектермен мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың шырқаған әндері жанға шуақ сыйлап, жабырқап қалған жандардың жан жарасын ұмыттырды.

Өзіңің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білетін, өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан талмайтын аяулы ұстаздардың ұзақ жылдық еңбектерін ақтап, абройларын асқақтатып, беделін көрер  деген үмітпен бізде түлектердің қадамдарына құт тіледік.

Айнаш Әлдибек,

«Хантәңірі».

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password