АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

Сарғайса да тарихтың ақ парағы,

Сол күндер мәңгі есте сақталады. Міне! Биыл Ұлы Жеңіске 74 жыл! Сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн! Соғыс салған жараның орны әлі жазылған жоқ. Оның мәңгілікке санамызда қала берері анық. Ата- бабаларымыздың қанымен, терімен келген жеңіс – ең ұлы жеңіс, киелі жеңіс, қадірлі жеңіс. Ұлы Отан соғысы жылдары ер азаматтармен бірге майдан шебінде ерлік көрсеткен қазақ ұл-қыздары да аз болған жоқ. От пен оқтың ортасында жүріп жаралыларды өлімнен құтқарды. Алайда, сұрапыл құнды қырғында, жас өмірлерін сарп еткен қазақ ұл-қыздарына мың алғыс айту аз. Олардың жасаған ерліктері мен есімдері мәңгі ұмытылмайды. Дүниені дүр сілкіндірген соғыс жер бетінде орасан дақ, халықта жарасы жазылмайтын қайғы болып қалғаны ақиқат. Тылда жанкешті еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатқан аналарымыз бен балаларымыздың ерлігін үлгі тұтуымыз керек.

Сол ерліктердің жемісі болған Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесі қарсаңында  аудан әкімі Жолан Омаров бастап, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев, аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, БАҚ өкілдерімен бірге ауданымыздағы ардагерлердің шаңырақтарына бас сұғып, айтулы мерекемен құттықтап қайтты. Иықтарына шапан жауып, ақсақалдардың ақ батасын алды. Жамбыл ауылында тұратын  103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғали Жансерікұлы мен Сүмбе ауылының тұрғыны 99 жастағы Тұрған Оласановтың тұрмыс жағдайымен танысып, әлеуметтік көмек көрсетілетінін жеткізді.

Жыл сайын Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғы сының ардагерлеріне 250 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек берілген болса, биыл бұл көмек Алматы қаласы әкімінің ұсынысымен 500 мың теңгеге ұлғайды. Аталмыш көмектің біздің ардақты ардагерлерімізге де берілетінін естігенге ақсақалдардың жүздерінен қуаныштың сезімі байқалды.

Сұрапыл соғыс жылдары бұл азаматтар біздің Отанымыздың белсенді қорғаушылары сапында болған. Ұлы Отан соғысындағы олардың ұрпаққа үлгі етерліктей  ерлігі тарихта өшпестей із қалдырып, халқымыздың жадында мәңгілік сақталады. Өйткені, қатарлары тым сиреп қалған соғыс ардагерлеріне қандай сый-құрмет көрсетсе де артық емес. Олардың алдында бас ию, ерлікке тағзым ету – бүгінгі қауымның, әсіресе, жас ұрпақтың ең қастерлі борышы болмақ.

Айнаш Әлдибекова,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password