Шебердің қолы ортақ

Мұнаралы әр жерде  Мешіт болған бұл ағаш, Шеберлердің қолында, Кәсіп болған бұл ағаш, — деп жыр дүлділі Қашаған кезінде сонау бір Есқали сұпының «бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!» дегеніне қарсы ағаштың қадір-қасиетін айтып осылайша жыр төккені бар еді. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың осы бір өнерін дамытып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер шеберлері қазіргі күнде аз емес.

Сол ерекше қолөнер ісмерінің бірі, біздің жерлесіміз шәлкөделік Айбол Мұқамеджанов Нұрбақытұлы. Ол 1994 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында , Шалкөде ауылында дүниеге келген. Сол ауылда 9 — сыныпты тәмәмдап, Алматы қаласындағы №7 кәсіптік лицейге оқуға түседі. Ағаш бұйымдары оның ішінде  домбыра жасау бөлімінде білім алған. Одан бөлек, сурет өнерінен де білім жетілдіріп, өнердің қыр-сырын меңгереді. Оқып жүрген жылдары он саусағынан өнер тамған шебер Әбдікәрім Мәметұлынан әдістемелік тәжірибеден өтіп, оқу бітіретін жылдың соңында «Шертер» фирмасына жұмысқа тұрып, еңбек жолын бастайды. Одан кейін өзінің ауылдас ағасы ағаш шебері, қолөнерші Ердос Рақымбердиевтің жеке шеберханасына жұмысқа орналасып, қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан сол шеберханада еңбек етіп жатқанына алтыншы жыл. Домбыра жасаудың қыр сырын сол кісіден үйреніп, қазіргі таңда өз бетіммен  тапсырыс қабылдап аспаптар, жиһаздар, кәдесыйлар сияқты бұйымдар жасайды.

«Болашақта осы өнерді тастамай, атадан қалған асыл мұраларымыздың мирас болып қалуына өз еңбегімді қосамын. Тек қана домбыра жасаумен шектеліп қалмай басқа да саз аспаптарды, оркестерлік аспаптармен қатар, тұрмыстық бұйымдарды да жасап,  халықтың қажеттілігін қамтамасыз етсем.Ұлттық қолөнерімізді өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдыру мақсатында болашақта шәкірт тәрбиелеп, жеке шеберхана ашсам» — деп жас шебер асқақ арманын да жасырып қалмады.

Жалпы, Айболдың бойында ұлттық намыс, ұлттық рух атойлап тұр. Ұлтының мерейі әр уақытта үстем болсын дейтін азамат. Технологиялық идеяларын, ойларын ірікпейді. Мұқағалиды пір тұтады. Өлеңдерін жатқа біледі. Онда айтылған ойларды өзінің биік мұрат-мақсатына айналдырған. Ән мен терме, қазақтың қоңыр күйі де оған жат емес. Домбыраларының бағасы қалта, сапасы сын көтерерлік. Пайданылған материалына байланысты бағалайды. Полисандра, Тянь-Шань шыршасы сияқты шет елдерден тасымалданатын ағаштардан жасалған домбыралардың бағасы қымбаттау болса, өз елімізде өсетін жаңғақ қарағаш  қайың секілді ағаштардан жасалатын аспаптардың бағасы орташа. «Шыдамы жеткен шебер болар» демекші, ағаштан бұйым жасағанда  әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі сияқты қасиеттерін басты назарда ұстайды.

Айбол Нұрбақытұлы се  кілді шеберлердің қайталанбас дүниелеріне қарап, мұндай өнімдердің тұтынушысын табарына шүбә келтірмейсіз. Оның үстіне қазір ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қолданыстағы ыдыстың өзі экологиялық жағынан таза болып келеді. Ұлтымыздың ұлылығын паш ететін туындыларға сұраныс едәуір артуда. Шеберлер де үздіксіз ізденістен жалықпақ емес.

Қазақ халқының ағаш өнері ғасырлар бойы дамып келе жатқан халық мəдениетінің айнасы. Иә,қазақ даласында ұлы өркениеттердің болғаны тарихтан мәлім. Сол өркениеттердің өріс алып, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан өнердің бір түрі бұл – қазақтың зергерлік, ұсталық, ағаш өңдеу сияқты қолөнері екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Қай халықтың болмасын ұлттық колөнер бұйымдарына қарап сол халықтың мәдениеті мен дәстүрін байқауға болады.

Алайда ауданымызда үлкен шеберхана не цех ашу мәселесі әлі де қолға алынбағаны өкінішті. Бұл бір жағынан колөнершілерге шәкірт тәрбиелеуге жәрдемін тигізер еді. Ұлттық болмыс пен дүниетанымы көрініс тапқан дүниелерді келер ұрпаққа аманат ету үшін шәкірт тәрбиелеудің маңызы зор екені анық. Тіпті қазақтың кез келген баласы бала күнінен қолөнерге жақын болып, қамшы өріп, тері илеп, зергерліктің қыр-сырын түсіне білу керек. Сондықтан, осынау асыл өнерді жастарға дәріптеу жағын қолға алу керек-ақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық рухты, патриоттық сезімді атадан балаға мұра болып қалған өнер арқылы сіңіре білетінімізді ұғынғанымыз жөн.

Айнаш Әлдибек,

Нарынқол ауылы.

 

 

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password