Өткен жылғы бюджеттің атқарылуы талқыланды  жүзеге асқан істер сараланды

 

   Жуырда аудандық мәслихатта алтыншы шақырылған «Жергілікті өзін-өзі басқару, қаржы және бюджет, экономикалық саясат, инновациялық даму, кәсіпкерлік, туризм, аграрлық мәселелер, экологоия, табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі» және «Әлеуметтік мәдени даму, құқық, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі» тұрақты комиссиялары мен Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы болды.

  Қоғамдық кеңес пен мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарын бірлесіп өткізуге ұсыныс қабылданып, мәслихаттың тұрақты  7 депутаты, 17    Қоғамдық кеңестің мүшелері қатынасты.

  Бірлескен отырыс ашық деп жарияланып, шақырылған ауданның Қаржы бөлімінің басшысы Н.Аманжолов, ауылдық округтердің әкімдері, тиісті бюджет әкімгерлері өз баяндамаларын жасады.

  Алдымен отырыстың қарауына ұсынылған мәселелер бойынша ауданның 2018 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы ауданның қаржы бөлімінің басшысы Нұрлан Жандыбайұлының баяндамасы тыңдалды.

  Ауданның кіріс, шығыстары толығымен сараланып, қандай қаржы қандай  бағыттар бойынша жұмсалғаны жік-жігімен түсіндірілді. Тұрақты комиссиялар мен Қоғамдық кеңестің мүшелері  баяндамаға баға бермес бұрын  сұрақтарын қойды. Басқа-басқа алдымен аудан көлемінде жұмсалған қаржының игерілмеген бөлігі  алғашқы сұраққа арқау болды. Жыл аяғында  игерілмеген 53 миллион тоғыз жүз мың теңге түрлі себептермен байланыстырылды. Оның ішінде мекемелерге бөлінген қаржы уақытылы тиімді пайдаланылмағаны басты себеп деп табылды. Бұл мәселе бойынша жан-жақты талқылау болып,  алдағы кезеңдерде жас маман есепшілермен бірлескен тәжірибелі экономист мамандардың әріптестік семинарлары тұрақты өткізіліп тұруы ұсыныс ретінде ортаға тасталды.

  Бұдан кейін, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша 2018 жылғы бюджеттің орындалу турасында ауылдық округ әкімдерінің есептік талқылау баяндамаларына кезек берілді.

  Ә   дегеннен аудан орталығы орналасқан Нарынқол ауылының жай-күйімен таныс болу үшін ауыл әкімі Ж.Әділбековтың баяндамасы тыңдалып, ондағы бірқатар шаруаларға назар қойылды. Аудан орталығы болған соң мұндағы атқарылып жатқан қыруар шаруаның қажырлы еңбекті, тынымды тірлікті талап ететіні  түсінікті-ақ. Қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрақты комиссия аудан орталығындағы көшелерді жарықтандыруға бөлінген төрт миллион теңгенің неліктен жартылай  жұмсалғаны жөнінде сұрады. Бұған бірден бір себеп,  салықтың түсімінің болмауы, уақытылы орындалмауы тілге тиек болды. Алайда баяндамада белгіленгендей мүлік, табыс салықтарының  пайыздық көрсеткіші жоғары болғанымен көлік салығы көздеген межеге жетпегендігі көп кедергі келтіретіні айтылды.

  Елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға байланысты да тиісті сұрақтарға да дәлелді жауаптар берілді. Жаңа қоқыс төгетін  орынның  жоспарланған жері жайлы сөз қозғалып, барлық талапқа сай екені ескерілді.   Тұрақты комиссия мен Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдастық жиынның міндетті өтіп тұруы керектігін шегелеп айтты. Бұл  жоғарыда атап өткен салыққа қатысты көп кедергілердің алдын алуға, халыққа түсіндірме жұмыстарын тиянақты жүргізуге жол ашатын айшықты іс екені ескерілді.

   Жамбыл мен Сарыжаз ауылдық округтерінің әкімдері Р.Қойлыбаев пен М.Азанбаевтың да баяндамасы тыңдалып тұрақты комиссия мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына алынды. Қос ауылдың әкімдеріне сын-ескертпелер де орынды көтерілді.

 Қақпақ ауылдық округінің әкімі А.Шенебековке көгалдандыру жұмыстарына көп күш салу керектігі тапсырылды. Кесілген кез келген ағаштың орнына жаңадан тал-теректер отырғызуды ұмыт қалдырмау ұлағатты іс екенін білдірді. Бұл бағыттар бойынша алдағы уақытта Нарынқол орман шаруашылығымен байланыс жасап, кеткен кемшіліктердің орнын толтыруды қолға алмақшы. Сонымен қатар, абаттандыру түрлі әрлеу-әсемдеу, билборттар ілу көп жағдайда кешіктірілетінін әкім әдіптеп түсіндірді. Аталған шаруаның мәнісін көбіне-көп жол ұзақтығымен ұштастырды. Алайда, түрлі-түсті плакаттар жасауды алыстан іздемей-ақ, аудан орталықтарынан ашылған орындардан жасату  уақытты тиімді пайдаланудың бірден бір шешімді жол екені сөз болды.

  Жол бойында орналасқан Қайнар ауылдық округінің жай-күйімен таныстыру үшін ауыл әкімі С.Шаловтың баяндамасы тыңдалып, ауыл көлемінде атқарылатын шаруаларға бөлінген қаржының қалай, қайда жұмсалғандығы жөнінде сұрақтар туындады. Бір ғана Қайнарға қатысты емес, кез келген ауылдық округтердің әкімдеріне қарата айтылған тұрақты комиссия мен Қоғамдық мүшелерінің ой-пікірлері орынды көтерілді. Онда  қажетті қаржыны  жыл соңында  емес, басында желтоқсан айында үш жылдық бюджетте белгілеп, бекіттіріп  алмауларын  округ әкімдерінің кемшілігіне балады.

  Қарасаз ауылының да мән-жайы назардан тыс қалған жоқ. Ауылдық округ әкімі Д.Мұхаметжанов өзі басшылыққа келген тамыз айыннан бергі жасалынған жұмыстарына тоқталды. Сырттан келген адамдар мен саяхатшылардың ауданға келген қонақтардың көп тоқтап, көзбен, көңілмен тамашалап көретін мәдени орнына айналған Қарасаз ауылының  көгалдандыру жұмысына баса назар аударылды.  Тал-теректерді отырғызу үшін орман шаруашылығымен келісімшарт жасасып, алдағы уақытта тиянақты жұмыстар жүргізілетіні сөз болды. Мұнымен бірге, ауылдың іші-сыртындағы санитарлық тазалығына қатысты да қолға алатын шуаруаларға ширақтық қажеттігі міндеттелді. Әсіресе, күл-қоқыстар жиналатын орындардың жинақылығына, тазалығына үлкен мән берілсе деген талап-тілектер толастамады. Сондай-ақ,  салық мәселесі оның ішінде көлік салығына реттілік керектігі ескертілді. Сүмбе ауылдық округінің әкімі Ж.Қозыбақовтың да баяндамасында көгалдандыру жұмыстарына, сантитарлық тазалықтарына бөлінген қаржының аздық ететіні айтылып, алдағы уақытта нақты жұмыс көлеміне қарай қаржы қаралуын  округ әкімінің өз қадағалауына қалдырды.

   Бұдан басқа салықты  жинауға жайбасарлыққа жол бермеу керектігі   Текес ауылдық округінің әкімі Д.Чапаевқа, Ұзақ батыр ауылдық округінің әкімі Ш.Әлдибековке,  Шалкөде ауылдық округінің әкімі Т.Иманбаевқа да ескертіле айтылды.

    Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 11 сәуірдегі «Райымбек ауданында жиналыстар, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы» №3-17 шешіміне өзгерістер енгізу жобасын аудандық ішкі саясаттың бас маманы Г.Кекілбекова баяндады.

   Бас қосу жиынды қорытындылай келе қаулының жобасы ұсынылды. Ұсынылған жоба тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына және аудандық Қоғамдық кеңестің қарауына енгізіліп, күн тәртібіндегі мәселелерге бірлескен қаулы қабылданды.

 С.Мурасилов,

«Хантәңірі».

Суреттерді түсірген Е.Ахметжан.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password