Ұрпаққа үлгілі үлкен жиын

Бүгін бақытты да бақуатты заман. Ата-бабамыздың аянбай еткен еңбегімен біз жастар ерекше кезеңнің, берекелі де бейбіт уақыттың ұрпақтары атандық. Міне, сондықтан ұл-қызының келешегін қамдап, бар өмірін бала-шағасына арнаған қарттарға құрмет қылу басты міндетіміз. Осыны ескерген Текес ауылдық балабақшасында берері мол берекелі, маңызы басым мерекелі шара шымылдығын ашты. Әдетте өзге мекемелерде, басқа орындарда көп ескеріле бермес мұндай жиынның бөбекжай орталығында ұйымдастырылуы көңіл қуантып, жанды шаттандырды. Балабақша тәрбиеленушілеріне ел үшін еселі еңбек еткен ата-апаларын арнайы танытып, өнегеге толы өмір иелерін қонақ ретінде шақырған. «Қызғалдақ» бөбекжайындағы тағылымды шара ойын балаларының ойына өсиетпен өрнек салды. Барлық бүлдіршіндер тағдырын тіршілікпен тербеп, тыным таппай кең маңдайы терлеп, елі үшін еңбек еткен ерлеп, өмір сүріп келе жатқан ел деп Кеңесбай Байқанов аталарын ерекше қуанышпен қарсы алды.

Әдетте ән мен сәнге толы жиындарда шуылдап қоя беретін балдырғандар шараның шарапатын сезгендей тыныштық сақтап, үлкендердің әр сөзін терең ұғыммен жаттап отырды десек еш қателеспегеніміз. Ортаға жүргізуші шығып, ел мен жердің өркендеуіне өмірін арнаған, туған жердің кһгеріп-көктеуіне еңбегін жалғаған, адами құндылық пен адалдық жолынан қалмаған қадірі биік кеш қонақтарын таныстырды. Төрден орын алып, бүлдіршіндердің ниет-пейілін сыйлап, жақсылығын жинап келген Кеңесбей Байқанов атамыз бен Жамбылхан Әбілешова апамыз, сондай-ақ кезінде бірге қызметте болған қариялар ұрпаққа үлгі боларлық үлкен әңгіме тиегін ағытты. Балабақша директоры аталмыш шараға дайындығы да көз қуантып, көңіл шаттандырады. Ата-апамыздың тіршілікке толы тағдырынан арнайы бейнеролик даярлап, ерекше сыр шертер ескі суреттерді жинақтап, тіпті балабақшаның бір бұрышынан Кеңесбай атамызға арнайы мұражай жасағанын айтпай кетуге болмас. Қарияларға деген құрметтің жоғарғы белгісін көрсетіп, жас буын мен үлкен буынның үндестігі үшін елім деп еміренген ердің еңбегін  еңбектеген бүлдіршіндерге көрсетуге деген ықыласына қатты риза болдық. 

         Сеңгірлі жас сексеннен аса бастаған Аспантаудың ардақты азаматы Кеңесбай Байқанов кім? Біз алдымен атамыздың өмірінен аз-кем ақпарат беріп, ел үшін еткен еселі еңбегіне сәл кідірсек…  Кеңесбай ата атқарған еңбегі тау теңіз, ұлттың ұлылығы үшін туылған ұлағатты жан. Асыл жары Жамбылхан апамызбен бірге сал-дәстүрді жаңғыртқан берекелі жанұяның тізгін ұстаушысы, бала қызығына бөленіп, немере мен шөберенің бал тілі мен сыңғыр күлкісіне қанып отырған қарапайым қария. Ол халқының адал еңбегіне мақтана білетін, надандық пен арамдық жолынан сақтана білетін, ел үшін елеулі дүние атқара білетін, ұрпақ үшін ұлағатты сырын ақтара білетін қазыналы сарқырама. Атамыз бір кездері ел тізгінін ұстап,шаруашылық басқарып, ел-жұрттың жағдайына алаңдап, еңбек адамдарын ұйыстырып үлкен іс тындырған  тағылымды тарих. Адамдығы мен адалдығы, тіршілігі мен сыншылығы үшін көпшілік  сый-құрметке бөлеп, Алматы облысымен Райымбек ауданының Құрметті азаматы деген мәртебелі айдар таққан болатын. Бүгінде бір ауылдың, бір ауданның ғана емес республиканың ардақ тұтар атасы саналып, қадірменді қариясы атанып отыр. Құдай қосқан қосағы Жамбылхан апамыздың да саналы ғұмырын білім саласына арнағандығы айрықша еленіп, «Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен құрметтелген. Бейнетінің зейнетін көріп отырған ерлі-зайыпты қарияларға қашандахалықтың құрметі басым, ықыласы жоғары. Кеңесбай атамыз 1974 жылы Шелек ауданының «Қорам» темекі совхозында бас агроном болып қызмет атқарып жүргенінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құсайын Бижановтың Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігіне бас агроном болып бару ұсынысынан бас тартып, туған ел, өскен жердің ортасына келуді жөн санап Нарынқол ауданына жіберуін өтінген екен. Өтініш құпталып анасының кіндік қаны тамған жерде перзенттік борышын өтеуді жөн санап жұмысқа аттанған. Міне, содан бастап аудан өркендеуі ерекше қуат алып, қарымды қызметтер қанат жайған. Нарынқол аудандық ауылшаруашылығы басқармасына қызметке келісімен ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығы көл-көсір пайдаға кенеле бастаған. Құрылыс жұмыстары да қарқын алып, ерекше серпінмен дами бастаған. Совхоз шығын мен зиян жәйттарынан арылып, бұрынғы көрсеткіш біраз есеге артқан. Міне, бұл біз тілімізге тиек етіп отырған кейіпкер Кеңесбай атамыздың ерекше еңбегінің арқасы. Текес ауылындағы біраз ғимараттың да ерекше тұрғыда бой көтеруіне барын салған. Тіпті аталмыш шара өткізіп, қартына құрмет танытқан «Қызғалдақ» балабақшасының да іргетасын қалаған осы кісі болатын.

        Кеш барысында өнегеге толы өрелі істер мен тарих болып қалған тағылымды дүниелер сөзге қосылды. Кеңесбай атамызбен бірге қызметте болған қадірлі азаматтар атамыз жайлы ақиқат сөздерін айтып, өмірге өзгеше көзрқараспен қарап, ел-жұртын сүйе білген кейіпкерімізжайлы біраз сыр ақтарды. Көбісі Кеңесбай Байқановтың өз үлесіне емес елінің игілігіне, жұрттың әлеуметтік ахуалына еңбек еткен ерекше жан екендігін жеткізді. Талай тәлімді жайттарғақанық болған балдырғандар ән айтып, би билеп, өлең оқып, қарияларымызға айрықша құрмет көрсетті. Ал тәрбиешілер тарапынан да шараға деген дайындықтың ерекше белгісі білініп, атамыз басшылық еткен жылдардағы ұжымшардың бір күнінен көрініс көрсетіп, ескірмес естеліктерді көз алдыға келтірді.Бүлдіршіндер ата-апамызға сан сауал жолдап, ұтымды жауаптар алды. Кішкентайлардың келелі сұрақтарына қарттар қауымы алғыс білдіріп, күлісіп те алды. Өздеріне деп көрсетілген қошеметке дән риза  аға буын балдырғандарға ақ батасын беріп, арнайы дайындалған астан ауыз тиді. Балабақша басшысы дәл осындай тағылымды шараның тағы даұйымдастырылатынын жеткізіп, көңілімізді көкке көтеріп тастады. Ұрпақтың ойына жақсылықтан ой салар осындай шараның таусылмауына бізде тілектестік білдірдік.

Құралбек СӘБИТОВ «Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password