Велосипедті серік еткен

Спорт- өмір, жастық, мықты денсаулық. Спорт – мәнді де мағыналы салауатты ғұмыр өлшемі. Жастайынан спортты серік еткен жандар оны бар ғұмырына біте қайнастырып әкетеді. Біз сөз еткелі отырған Тынымсейітов Еркін Ыбырайұлы жастайынан жеңіл атлетикамен айналысып келе жатқан азамат. Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының бір перзенті. Сондағы білім шаңырағынан қанаттанған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен жүгірумен айналысқан. Қыс маусымында шаңғымен жүргенді жаны қалайтын. Өз тұсында жүгіруден, шаңғыдан аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды еншілеген жайы бар. Оның бәрі ұмытылмақ емес. Отыздан жаңа асқан жігіт қазір Алматы қаласында тұрады. Облыстық «Жетісу» телеарнасының Алматы өңірлік филиалының жүргізушісі болып еңбек етіп келеді.

   Туған таулы өлкесінен жанарында ұстап, жадынан шығармайтын Еркін жуырда велосипедімен үлкен сапарда болды. Кеген ауылынан бастап жолай Райымбек ауданындағы Сарыжаз, Қайнар, Көкбел, Қақпақ, Тегістік, Текес ауылдарын аралай, Нарынқол ауылында болды. Аудан орталығынан таулы өңірдегі елдімекендерді аралай Сарыжаз ауылына ат басын тіреді.

-Мектепте 11 сыныпта оқып жүрген кезімде велосипедпен өзім тұратын Сарыжаз ауылынан Нарынқол өңірін бір аралап қайтқаным бар. Ол кездегі велосипедтер ауырлау болса, қазіргілердің жеңілдігі де, артықшылығы да мол. Алдағы ойым – Алматы қаласынан Есік, Талғар, Қапшағай қалаларына сапар шегу. Бұрын аудан орталығы болған Шелек ауылына да велосипедпен барып қайтқым келіп жүр,-дейді Еркін жылы жымиып.

    Еркін өзіміз жақсы білетін, Сарыжаз ауылдық әкімшілігінде ұзақ жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан, көптің құрметтісі болған Ыбырай ағамыздың бір ұлы. Ботакөздей сүйкімді жары бар. Рамазан атты тұңғышы жасқа тола қоймапты. Жеңіл атлетиканы серік еткен ол мүмкіндігі бар күндері таң ертең жүгіріп тұрады. Жақында ғана Алматы қаласындағы Сайын – Рысқұлов — Әл Фараби даңғылы арқылы бір айналымда 40 шақырым артқа тастап қайтты. Қалай десек те, Кеген ауданының орталығы Кеген ауылынан сонау мемлекеттік шекарамыздың шетіндегі Нарынқол ауылына дейін велосипедімен ары-бері 200 шақырымға жуық жол жүрген азаматтың ісі – туып-өскен өлкесіне деген үлкен құрметі іспетті. Туған жеріне деген перзенттік махаббатының белгісі. Біз елім-жерім деген азаматқа ақ жол тілейміз!

                                                                           Қанат Біржансал.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password