Алаштың Нұрбапасы

Бүгінгі таңда рухани жаңғыруға бет бұрған Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – оның өткен тарихымен тығыз байланысты. Қазақстан тарихындағы ел үшін еңбек еткен ірі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің тарихын зерттеу, олардың тарихи тұлғасы арқылы жас ұрпақты патриотизм мен отаншылдыққа тәрбиелеу, олардың қызметінен үлгі-өнеге алу аса маңызды. Елбасына күн туған қиын шақта ел тізгінін ұстаған аса ірі қайраткерлердің бірі – Нұрбапа ӨМІРЗАҚОВ. 30 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің және оның бюросының мүшесі, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, тұңғыш сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және КСРО Жоғарғы Кеңесіндегі Ұлттар кеңесінің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болған қазақ халқынан шыққан ірі қоғам және мемлекет қайраткері.

Ол – 1907-жылы 17-қазанда Жетісу облысы Жаркент уезі Нарынқол-Шарын бөлімшесі Әлжан көшпелі қазақ болысына қарасты Байынқол бойында (қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы Қаратоған (Үкірші) ауылында шаруа Өмірзақ Қасаболатұлының отбасында дүниеге келді. Нұрбапа табиғаты әсем Хантәңірі баурайын мекен еткен Албан руының Сары-Байсейіт-Төлес атасынан тарайды. Нұрбапаның Әбіт, Қасым есімді ағалары, Нұрпейіс есімді інісі болған. 7 жасында анасынан, 8 жасында әкесінен айырылып, бала болып ойнай алмай, жастық шағын жоқшылық пен жалшылықта, байлардың тепкісінде өткізген бала Нұрбапа ерте есейді.

Әке-шешеден айырылған соң, кіші ағасы Қасым Айғыржалдағы орыс байларына жалданып, сол жерде жұмыс істейді. Ал кіші інілері Нұрпейіс немере ағалары Айдаралының үйіндегі жеңгесі Жәмиләнің тәрбиесінде болады. Нұрбапа болса, үлкен ағасы Әбітпен бірге 1915-1916 жылдары өз ауылындағы Байтел байдың қойын бағып, жалшылықта болады.

1915-жылдың соңында қыс ерте түсіп, әлі қыстауға бара қоймаған ел қар астында қалады. Байдың бәйбішесі отынға жұмсаған Нұрбапа қар астынан отын сындырам деп жүріп, саусақтарының басын түгел үсітіп алып, 1916-жылдың көктеміне дейін үсіген саусақтардың ауруынан зардап шегеді. Бұл аз болғандай, 1916-жылдың жазына қарай, қозыларды түс кезінде иірген соң, құлындарды желіге байлау міндеті жүктелген Нұрбапаның иегінен құлын теуіп, ол қатты жараланады. Иегінен саулай аққан қанды киіз басып тоқтатқан бай үйінің адамдары оны өз жөніне қоя береді. Қатты жараланған Нұрбапа немере ағасы Айдаралының үйіне келіп, інісі Нұрпейістің қасында жүріп, жарасын Мапаш деген әжесіне емдетеді. Құлын тұяғы иектің сүйегіне бата тигендіктен, астыңғы жақ сүйектің жетілуі қиын болып, Нұрбапа екі айдай ас іше алмай қатты күйзеледі. Осылайша, қалт-құлт етіп, қабырғасы біртіндеп қатайып келе жатқан Нұрбапаның жасы тоғыздан жаңа ғана асқан шақта, 1916-жылғы 25-маусымда ақ патшаның жарлығы шығып, онсыз да әрең жүрген Нұрбапалардың басына қиындықтың қара бұлты үйіріледі.

1916-жылы Қарқарадағы көтеріліс жеңіліс тапқан соң, от пен оқтан ыққан елмен бірге ағайынды Өмірзақовтар да Қытайға қашады. Жыл бойғы ауру мен аштықтан әбден қалжыраған Нұрбапаға бұл қашу оңай болмайды. Күн сайынғы жаяу жүріс пен оқ астында қашудан шаршаған Әбіт пен Қасым кіші інілері – арқалап келе жатқан 3 жастағы Нұрпейісті Тұрдыахун деген бейтаныс ұйғырдың үйіне қалдырып кетуге мәжбүр болады. (Кейіннен, Әбіт пен Қасым Нұрпейісті іздеп жүріп, 1923 жылы тауып алады).

Патша үкіметінің жазалауынан қашып Қытай асқан ел бірін бірі іздеп жүріп, тірі қалғандары жылдан аса әрең табысады. Патшаның тақтан құлап, елде үлкен өзгерістер болып жатқаны туралы хабар Қытайдағы елге 1918-жылы ғана жетеді. Жаңа өкімет халықтың қамын жейді деп естіген ел біртіндеп туған жерлеріне қайта бастады. Олар Жаркент шекарасы арқылы өтеді. Шекарада кеңес өкіметі орнатқан арнайы қабылдау пункті жұмыс істеп, келгендерді тіркеуге алып, аш-арық елге тиісінше жәрдем ұйымдастырылады. Жетімдерді балалар үйлеріне орналастырады. Кеңес өкіметінің осындай қамқорлығының арқасында екі жыл бойы қашып-пысу мен аштықтан азап шеккен Нұрбапа Жаркенттегі балалар үйіне орналасса, ағалары Қасым мен Әбіт туған ауылдарына оралады.

Н.Өмірзақов 1918-жылдың көктемінен 1920-жылдың күзіне дейін Жаркент қаласындағы Кеңес өкіметі ұйымдастырған балалар үйінде тәрбиеленеді. 1920-жылдың күзінде өз ауылына келіп, елде жалшылықпен күн көріп жүрген ағаларымен бірге қайтадан байға жалданып, 1922 жылдың қазанына дейін мал бағады.

Бұл кезде, малы қырылып, жаны Қытайдан қайтып оралған ел Байынқол бойында ұйымдасып, ата-мекендерінде отырықшы тіршілікке көше бастайды. Үкірбі деп аталған тоған жанында ұйысқан ауыл Үкірші деп аталады. Ауылдық жерлерде кедейлер комитетін құру жөніндегі 1918-жылғы 11-маусымдағы декрет Нарынқол өңірінде 1920-жылдан соң ғана жүзеге аса бастайды. Себебі, оған дейін кеңестік Түркістан Республикасына қарасты Жетісу облысының шын мәніндегі қожасы – келімсек орыс кулактары мен қарулы казактар еді. Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары жергілікті тұрғындарға – қазақтарға дер кезінде жете бермейтін. 1920-жылы 21-қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы болып сайлануынан кейін ғана бұл істің беті бері қарай бастады. Жетісудағы жағдайды реттеуде 1920-жылы 16-наурызда Т.Рысқұловтың күш салуымен жарияланған «Жетісу облысының тұрғындарына» үндеуі шешуші рөл атқарды. Бұл үндеуде ұлттық белгілеріне қарай қуғындауға қатаң тыйым салынатыны, бұған жол бергендердің ату жазасына кесілетіні, өз аумағында жергілікті халықты тонаған немесе өлтірген болыс, станица, селолар мен деревня тұрғындарына ауыр салықтар салынатыны ерекше атап көрсетіліп, егер аумақтардың атқару комитеттері ұлтаралық қақтығыстарға жол берген жағдайда, толық құрамымен Революциялық-әскери трибуналдың сотына тартылатыны ескертілді.

1920-жылы 31-наурызда жарияланған Тұрар Рысқұловтың Жетісу облысы бойынша тезистері Жетісудағы жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға өлшеусіз үлес қосты. Осы тезистерді талқылаған Түркістан компартиясының 1920-жылғы 31-наурыздағы пленарлы мәжілісінде Т.Рысқұлов Жетісудағы кулактар мен казактарды қарусыздандыруды жүзеге асыруға, Жетісудың босқын қазақ және қырғыз халықтарын орналастыру үшін 100 000 000 сом қаржы бөлдіртуге қол жеткізді.

Түркістан Республикасы басшылығының осындай нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедейлер комитеттері құрыла бастады. Нарынқол өңірінде Байынқол және Тұзкөл Қосшы одақтары ұйымдастырылды. Байынқол Қосшы одағының қарауына – Нарынқол, Байынқол, Үкірші, Қақпақ, Текес, Лабасы және Қайнар кедейлер комитеті қарады. Байынқол Қосшы одағындағы революциялық комитетті А.Текебаев, Е.Гурьев, А.Алпысбаев, Ж.Серібаев сияқты азаматтар басқарды. Нұрбапаның немере ағасы Айдаралы Текебаевтың да басшылық құрамында болуы –Нұрбапаның кейінгі өміріне сөзсіз игі әсерін тигізді.

Кедейлер мен жалшы-батырақтардың осы алғашқы белсенділері Кеңес өкіметі қабылдаған декреттер мен қаулыларды іске асырып, Түрікатком мен облатком, уездік атком тарапынан күн сайын келіп түсіп жататын түрлі нұсқаулар мен қаулыларды қалың бұқараға жеткізіп, оларды насихаттап отыруда үлкен еңбек сіңірді. Н.Өмірзақовтың өмір жолы да дәл осы Байынқолдағы Қосшы одағынан бастау алған болатын.

1921-жылғы Жетісудағы жер-су реформасы өз мақсатына толық жете алмаса да, қазақ халқының кеңес өкіметіне деген сенімін оятты. Кеңес өкіметінің кедейлердің балаларын тегін оқыту жолындағы бастамасы аясында 1922-жылы күзде Үкірші ауылында бастауыш мектеп ұйымдастырылады. Нұрбапа қазан айында осы мектепке қабылданып, онда 1923-жылдың жазына дейін бастауыш білім алады.

Кеңес өкіметінің оқу-ағарту саласындағы оң саясаты кедейлердің ертеңгі күнге деген үмітін арттыра түсті. Бұл туралы Т.Рысқұлов 1923-жылы 24-28-қаңтар аралығында өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ-партия конференциясына қатысып кеткен Жетісу сапарының қорытындысы ретінде жазған «Жетісу мәселелері» атты кітабында жан-жақты баяндайды. Т.Рысқұлов «мемлекет мектепке кететін шығындардың үштен бірін берсе де болады» дей отырып, ең алдымен қырғыз-қазақтар үшін аудан орталықтарында мектеп-интернаттар ашылуы тиіс деп атап көрсетті.

1923-жылы өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ-партия конференциясынан кейін, Жетісу облыстық әскери революциялық комитетінің төрағасы Қабылбек Сарымолдаев (ол 1922-жылдың 14-қазаны мен 1923-жылдың 18-шілдесі аралығындағы облревком төрағасы болып жұмыс істеді) барлық аудан орталықтарында кедей балаларына арналған мектеп-интернаттар ұйымдастыруды қолға алады. Осы саясат аясында Жаркент уездік революциялық комитеті мен Қосшы одағынан жергілікті кеңестік орындарға Жаркент қаласындағы мектеп-интернатына жетім, жалшы және кедей балаларынан оқуға адам жіберу туралы арнайы нұсқау келеді. Байынқол Қосшы одағының Үкірші комитетінен екі бала оқуға жіберіледі. Оның бірі – Нұрқасым Жанаев болса, екіншісі – бұл істің басы-қасында жүрген Үкірші кедейлер комитетінің төрағасы А.Текебаевтың туыс інісі, жастайынан жалшылық пен жетімдіктің ащы дәмін татып өскен Нұрбапа еді. Бұл екеуі көп ұзамай Жаркент қаласына оқуға аттанады.

Нұрбапа 1923-жылдың қыркүйегінен 1926-жылдың күзіне дейін Жаркент қаласындағы мектеп-интернатта білім алады. Сол жылдары Тәліп Мұсақұлов. Иманбек Бидайбеков, Самсалы Қожабеков, Бейсенбек Байұзақов, Мұстафа Ұзақбаев, Нұрқасым Жанаев, Инаш Шорманов, Жұмаділ Кәрібаев, Ақай Нүсіпбеков сияқты Нұрбапаның жерлестері де осы мектеп-интернатта оқыған. Тумысынан дарынды Нұрбапа үздік оқиды. Интернаттағы барлық қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, комсомол қатарына өтеді. Алғашқы жылы өз тобында, бір жылдан соң интернат бойынша комсомол ұйымының хатшысы болады. Осы интернат Нұрбапаның білім алып, азаматтық келбеті мен қоғамдық санасының қалыптасуына зор әсер етті. Н.Өмірзақов интернат туралы есіне алғанда: «Жаркенттегі интернат менің өз үйім, әке мен шеше, асыраушым болды. Арманымды жүзеге асырған ғажап жастық өмірім еді… Көзімді ашқан сол интернат. Мен өле-өлгенше сол интернатты ұйымдастырған, білім берген абзал ұстаздарыма қарыздармын» — деп ерекше тебіргенген.

1925-жылдың күзінде БК(б)П мүшелігіне кандидат болып қабылданған Н.Өмірзақов, 1926-жылы 5-сәуірде Жаркент мектеп-интернатының қабырғасында жүріп, БК(б)П мүшелігіне қабылданады. Жаркенттегі мектеп-интернатты аяқтағаннан кейін, мектептің үлгілі оқушысы, комсомол жетекшісі әрі белсенді коммунист ретінде Н.Өмірзақовқа Алматы қаласындағы Жетісу губерниялық кеңестік-партия мектебіне оқуға жолдама беріледі. Осылайша, 1926-жылдың күзіне таман Н.Өмірзақов Жаркент уезінен Алматы қаласына сапар шекті.

Н.Өмірзақов 1926-жылдың күзінен бастап 1927-жылдың мамыр айына дейін Алматыдағы губерниялық кеңестік-партия мектебінде оқиды. Губерниялық кеңестік-партия мектебінде оқып жүрген, жасы 20-ға жаңа келген Н.Өмірзақовқа 1927-жылы наурыз айында БК(б)П Алматы қалалық ұйымы № 0933684 партия билетін тапсырды. Н.Өмірзақовпен губерниялық кеңестік-партия мектебінде бірге оқыған Бейсенбек Байұзақов: «1927 жылы жазға салым Алматы қаласындағы Губсов партия мектебін – Нұрбапа партия-комсомол бөлімін, мен ағарту бөлімін – екеуіміз де үздік бітіріп шықтық. Саяси біліміміз едәуір өсіп қалды,» — деп еске алады. Губерниялық кеңестік-партия мектебін жақсы бітірген Н.Өмірзақов БК(б)П Жетісу губерниялық комитетіне қарасты БК(б)П Жаркент уездік комитетінің қарауына жіберілді.

1927-жылы мамыр айында Н.Өмірзақов Жаркент уездік партия комитетінің қарауына келеді. Жаркент уезі бұл кезде бұрынғы Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған уездерінен (Пішпек, Қарақол, Нарын уездері Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрамына қосылды) құрылған Жетісу губерниясының құрамында болатын. Жетісу губерниясы 4 уезден (Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған) және Пішпек уезінің құрамынан ҚазАКСР құрамына қосылған болыстардан құрылған уезд құқығындағы Шу ауданынан құрылды. Жетісу губерниясына қарасты Жаркент уезінің құрамында 9 болыс (Ақтам, Ақтоғай, Берекелі, Беркетмен, Ынтымақ (Интифак), Қоңырөлең, Тортыль, Тұзкөл, Қорғас), 1219 ауыл-қыстау, 99 отырықшы елді-мекен бар болатын. Бұл бірліктер барлығы 64 кеңеске қараса, олардың 28-і ауылдық кеңестер еді. 1926-жылы 29-желтоқсанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюросы «Ауылдық және селолық кеңестерді ірілендіру, казак болыстарын бөлу және аралас болыстарды ұлттық құрамы бойынша қайта құру» туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес, Жетісу губерниялық атқару комитеті 1927-жылдың 9-17-тамызы аралығында болыстар мен ауылдық кеңестерді ірілендіру шарасын жүзеге асырды.

Н.Өмірзақов Жаркент уездік партия комитетінің қарауына келген соң, Ақтоғай болысындағы Қосшы одағы комитетінің төрағасы қызметіне жіберілді. Ол кезде Ақтоғай болысының орталығы Жалаңаш ауылында орналасқан. Сол кезде Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан барлық қоғамдық-саяси, шаруашылық және мәдени науқандардың Ақтоғай болысында жүзеге асуына Н.Өмірзақов белсене кіріседі. Ақтоғай болыстық Қосшы одағы комитетінің төрағасы ретінде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің қаулы-қарарларын жүзеге асыруда табандылық танытқан Н.Өмірзақов 6-7 ай өткенде Ақтоғай болыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Н.Өмірзақов осы қызметті 1928-жылдың шілде айына дейін абыроймен атқарып, халық пен өкімет алдында іскер басшы ретінде таныла білді.

Н.Өмірзақов 1928-жылы жүзеге асырылған аудандастыру науқанынан кейін, яғни 1928-жылдың шілде айында Еңбекшіқазақ аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне жіберіледі. Ол мұнда сонымен қатар партиялық Бақылау комиссиясы – Жұмысшы-шаруа инспекциясының өкілетті өкілі қызметін қоса атқарады.

Партия мен кеңестік қызметті қоса алып жүрген өз ісіне тыңғылықты жас жігіт 1930-жылдың 1-қаңтарында БК(б)П Алматы округкомының шақыруымен Алматы қаласына ауысып, округтік Бақылау комиссиясы – Жұмысшы-шаруа инспекциясының инспекторы қызметіне ауыстырылды. Осы қызметті 1930-жылдың қыркүйегіне дейін атқарған Н.Өмірзақов – 1930-жылы қыркүйек айында Алматы қаласындағы Ф.Голощекин атындағы Коммунистік университетке оқуға түседі. Н.Өмірзақов осы университетте 1931-жылдың қыркүйек айына дейін оқиды. Содан кейін, Н.Өмірзақов 1931-жылдың қыркүйегінде Ташкент қаласындағы В.Ленин атындағы Орта Азиялық коммунистік университетке оқуға түсті.

Н.Өмірзақов 1933-жылы маусым айында Ташкенттегі В.Ленин атындағы Орта Азиялық Коммунистік университетті бітіріп, Алматы қаласына БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің қарауына келеді. 1933-жылы 10-шілдеде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюросы сұрау салу жолымен оқуды жаңа бітірген «Өмірзақов жолдас туралы» мәселені қарап, «Жолдас Өмірзақов Алматы обкомының қарауына обком аппаратындағы партиялық жұмысқа жіберілсін» деген шешім қабылдады. БК(б)П Алматы облыстық комитеті Н.Өмірзақовты Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторының меңгерушісі қызметіне тағайындады. Н.Өмірзақов осы қызметті 1934-жылдың қаңтарына дейін атқара жүріп, ашаршылық жылдарында Өзбекстанға, Қырғызстанға босып кеткен қазақтарды ата-мекендеріне қайтарып қоныстандыру және отырықшыландыру мәселесімен тікелей айналысты.

Алматы облысы бұл кезде бүкіл Жетісу жерін түгел қамтып жатқан болатын. Алматы облысы бойынша босқындарды орналастырумен қатар, мал шаруашылығы мәселелерімен айналысу да Н.Өмірзақовқа жүктелген болатын.

Босқындарды орналастыру жұмыстары сол кездегі БК(б)П Алматы облыстық комитетінің І-хатшысы К.Тоболовтың, ІІ-хатшы М.Төлеповтың, ІІІ-хатшы А.Саакянның, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін 1932-жылдан бері атқарып келе жатқан Ілияс Ысмайылұлы Молдажановтың тікелей басшылығы және ұйымдастыруы негізінде жүргізілді. Н.Өмірзақов БК(б)П Алматы облыстық комитетінде сектор меңгерушісі болып жұмыс істей жүріп, күнделікті жұмысы барысында сол кездегі ҚАКСР Жер-су халық комиссары Қабылбек Сарымолдаевпен тікелей араласып, оның ақыл-кеңестерін тыңдап отырғанын анық байқауға болады. Сонымен қатар, Алматы обкомында жұмыс істеген жерлесі әрі Жаркенттегі интернатта өзінен бір жыл кейін оқыған досы Ақай Нүсіпбековпен, Талғардағы Алматы ауылшаруашылық техникумының директоры Мәсімхан Бейсебаевпен достық қарым-қатынаста болады.

Нұрбапа Өмірзақов қазақ жерін шарпыған сұрапыл аштықтан кейінгі аса қиын уақытта Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторын 6 айға жуық уақыт басқарып, өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық талантының жоғарылығы, туған халқы мен Отанына деген сүйіспеншілігінің арқасында Алматы облысы бойынша кәсіби дайындығы жоғары партия және мемлекет қайраткері ретінде танылды.

Республика бойынша партия басшылығы мен кеңестік басқару органдарына, халық шаруашылығы салаларына сауатты да жауапты әрі іскер мамандар жетіспей жатқан уақытта Н.Өмірзақов сияқты мемлекет қайраткерлері аса қажет болатын. Көп ұзамай, Н.Өмірзақов Алматы облысының шалғайдағы аудандарының бірі, әрі аштық пен жұттан кейін шаруашылығы тұралап, оңала алмай жатқан Ақсу ауданының басшысы қызметіне жіберілді. Нұрбапа атамыз Ақсу ауданының хатшысы қызметін 1934-жылдың 23-қаңтарында қабылдап алып, осы қызметті 1937 жылдың 15 мамырына дейін абыроймен атқарып шықты.

Н.Өмірзақов Ақсу аудандық партия комитетінің І-хатшысы қызметіне тағайындалған кезде, аштықтың зардабы әлі жойылмаған, мал басы кеміген, егістік жерлердің көлемі азайып, жоспар орындалмай жатқан болатын. Сонымен қатар, аудандық партия комитетінің құрамында арғы шығу тегі белгісіз, күдікті адамдар да көп болатын. Бұл адамдарды тексеру Н.Өмірзақовқа дейін мүмкін болмай келген еді. Өйткені, Ақсу ауданы Алматы облысындағы мұрағаты жоқ есебіндегі жалғыз аудан болатын. Н.Өмірзақов келе салысымен аудандық партия мұрағатын ретке келтірді. 1934-жылы аудандық партия комитетінің құрамын мұқият тексеріп, өз өмірбаяны мен партиялық құжаттарын қолдан жасаушылар және арғы шығу тегі күдікті адамдар партия қатарынан шығарылып, аудандық партия комитеті тазаланады. Сондай-ақ, Н.Өмірзақов «Ленин жолы» атты аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің газетін ұйымдастырып, оның тұрақты шығуын жолға қойды. Өзі де осы газет бетінде үнемі мақала жариялап отырды. Н.Өмірзақовтың бұл еңбегі Алматы облыстық партия комитеті тарапынан әділ бағаланып, ол Алматы облыстық ІІІ-партия конференциясында обкомның мүшесі болып сайланды.

Осындай іскер басшы ретінде көзге түскен Н.Өмірзақовты 1935 жылы 24 қаңтарда өткен Алматы обкомы бюросының мәжілісінде жұмысы ақсап жатқан Андреев аудандық партия комитетінің ІІ-хатшысы қызметіне жіберу туралы шешім қабылданады. Бірақ, бұл шешім әзірге бізге белгісіз себептермен жүзеге аспай, Н.Өмірзақов өз қызметінде қала берген.

Н.Өмірзақов 1937-жылы 5-12-маусым күндері өткен Қазақстан Компартиясының бірінші сиезіне шешуші дауыспен делегат болып қатысты. Сиездің 11-маусым күні өткен мәжілісінде «ҚК(б)П ОК мүшелігіне кандидаттарды талқылау» барысына қатысып, сиез делегаттарына өзін қысқаша таныстырды. Содан кейін, Алматы обкомының І-хатшысы Ж.Сәдуақасов Н.Өмірзақовтың кандидатурасын қолдап сөз сөйледі. Сиез делегаттары Н.Өмірзақовтың кандидатурасына қарсылық білдірген жоқ. Осының нәтижесінде Н.Өмірзақов 12-маусым күні Қазақстан К(б)П ОК мүшесі болып сайланды.

Қорыта айтқанда, Н.Өмірзақов үш жылдан астам уақыт ішінде Ақсу ауданының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірінің жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі басшыға, шебер ұйымдастырушы әрі қалыптасқан мемлекет қайраткеріне айналды.

Н.Өмірзақов 1937-жылдың-22 маусымынан 1937-жылдың 28-қазанына дейін, яғни, тұп-тура төрт ай бойы ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аудандық комитетінің І-хатшысы міндетін атқарды. Бүкіл шаруашылық саласы мен партия жұмысы, ауылдық кеңестерінің қызметі қалыпқа түскен Еңбекші-қазақ ауданындағы басшылық қызмет – Н.Өмірзақовтың біраз уақыт тыныстауына жағдай туғызды.

Бұл кезеңде Қазақ Орталық Атқару Комитетін Ұзақбай Құлымбетов басқарып тұрған еді. Бірақ, көп ұзамай Ұ.Құлымбетов 1937-жылы, 24-шілдеде тұтқындалып, сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Оның орнына Қазатком төрағасы міндетін уақытша атқару үшін Ә.Жангелдин тағайындалды. ҚазОАК төрағасы қызметіне жаңа кандидат іздестіру жұмысын Л.Мирзоян өз қолына алды. Таңдау – сол кездегі Алматы облысы Еңбекші-Қазақ аудандық компартиясының І-хатшысы міндетін атқарушы Н.Өмірзақовқа түсті. ҚазОАК Президиумының 1937-жылғы 4-қазанда Ә.Жангелдиннің төрағалығымен өткен мәжілісте «Өмірзақов Нұрбапаны ҚКСР ОАК төрағасы етіп сайлау туралы» мәселе қаралып, «1) Өмірзақов Нұрбапа ҚКСР ОАК төрағасы болып сайлансын. 2) Осы шешім бекітілу үшін ҚКСР ОАК-нің жақын арадағы сессиясына шығарылсын» деген шешім қабылданды.

1937-жылы 8-қазан күні Н.Өмірзақов алғаш рет ҚазОАК Төралқасының мәжілісіне қатысады. Ал 9-қазан күні Москва қаласында өткен БК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде «Қазақ КСР ОАК төрағасы туралы» мәселе қаралып, «ҚК(б)П ОК шешімі бекітілсін» деген қаулы қабылданды. Осылайша, ҚазОАК төрағасы қызметіне «сайлануға» Орталықтан келісім мен қолдау алған Н.Өмірзақовтың мемлекеттік қызметінің жаңа кезеңі басталды.

Н.Өмірзақов 1937-жылы 26-қазан күні ҚП(б)К ОК ІІІ-пленумында Л.Мирзоянның ұсынуымен ҚП(б)К ОК бюросының мүшесі болып сайланды.

1937-жылы 28-қазан күні өткен 9-сайланған ҚазОАК-нің 5-сессиясында ҚазОАК-нің жаңа төрағасы туралы мәселе қаралып, бұл орынға жасы 30-ға жаңа толған Н.Өмірзақов сайланды.

1937-жылы 9-қараша күні өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісінде Н.Өмірзақов Қазақ КСР-ның Орталық Атқару Комитеті Президиумының жанындағы кешірім беру комиссиясының, Мал өсіруге көмектесетін комиссияның, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің жанындағы Орталық балалар комиссиясының және Ленин атындағы қор комиссиясының төрағасы қызметіне сайланды.

Н.Өмірзақовтың Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетін басқарған уақытындағы ең үлкен жұмысы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлауды ұйымдастыру және өткізу, әкімшілік-территориялық бөлініске сәйкес жаңа ұйымдастырылған облыстар мен аудандарды басқару жұмысын жолға қою болған еді.

1937-жылдың желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болды. Осы сайлауға Қарағанды қаласы Киров сайлау округінен кандидат болып ұсынылған Н.Өмірзақов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды және бұл тұңғыш депутат болатын. Сайлау алдындағы саяси науқан күндерінде жыр алыбы – Жамбыл атамыз Нұрбапаны:

  • Қыраным жастай ұшқан түлегімдей,

Халқының қалаулысы жүрегінде.

Ұлттардың Советіне Нұрбапамды

Ұсынам сүйгенімнің біреуіндей! – деп жырлаған.

1937-жылдың 12-желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауына №247 Шымкент сайлау округі бойынша Н.Өмірзақов КСРО Ұлттар кеңесіне депутат болып сайланды.

1938 жылы 2 қаңтар күні Н.Өмірзақовтың төрағалығымен өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісінде «Қазақ әліпбиі мен огфографиясындағы кейбір өзгерістер туралы» мәселе қаралып, Қазақ КСР ОАК Президиумы мен ХКК еңбекші көпшіліктің қалауын ескере отырып және қазақтың әдеби тілін одан ары дамыту, жазуды, орфографияны жетілдіру және интернационалдық терминдерді дұрыс  көрсету мақсатымен қаулы қабылдады. Оның бірінші пунктінде: «1. Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамына жаңа белгілер енгізілсін: — өзінің жеке мәні бар «f» әрпі (орыстың «ф» әрпіне сәйкес), өзінің жеке мәні бар «х» әрпі (орыстың «х» әрпіне сәйкес) және қазақ әліпбиінің «v» белгісінің мәні оған орыстың «в» мәні беріліп ауыстырылсын», – деп жазылса, 2-пункті бойынша қазақ әліпбиіндегі қостаңбалы «uv» және «yv»  белгілерінің орнына — «u» белгісі, «ij» және «ьj» белгілерінің орнына – «і» белгісі енгізілді. Сондай-ақ, жартылай дауысты «j» сақталып, жіңішке дауысты «і» әрпі енгізілді. Сонымен қатар, ұзын дауысты «u» сақталып, қысқа «й» енгізілді. Ал Ағарту халық комиссариатына осы өзгерістерді оқу процесіне енгізу тапсырылды.

1937-жылдың қаңтар айында Н.Өмірзақов Москва қаласында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің І-сессиясына қатысты. Сессияның 17-қаңтар күні өткен мәжілісінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы сайланды. Сол мәжілісте Н.Өмірзақов КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланды. Ал 24-қаңтар күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының бірінші мәжілісіне қатысты. Сол мәжілісте М.И.Калинин: «Товарищ Нурбапа Умурзаков, вы по возрасту – самый молодой среди моих заместителей. А молодому человеку положено поднимать и таскать тяжеловесный груз. Полагаю, что вскоре Вас изберут председателем Президиума Верховного Совета Казахстана. Тогда я вас буду называть молодым Президентом», — дегені тасқа жазылып, тарихта анық қалған. Міне, осы күннен бастап, Н.Өмірзақовқа «Жас Президент» деген ат таңылған екен.

1938-жылы 16-мамырда өткен Қазақстан К(б)П ОК бюросының мәжілісінде БК(б)П ОК 15-мамырдағы қаулысына сәйкес Мирзоян бірінші хатшы қызметінен босатылып, ОК қарауына Мәскеуге жіберілді. Осылайша, Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргінді жүзеге асыруға тосқауыл қоя алмаған Мирзоян көп ұзамай, 1938-жылдың қаңтарында Орталықтан келіп Қазақ КСР Ішкі істер халкомы қызметіне тағайындалған С.Ф.Реденстің құрған торына түсіп, Сталинге қарсы оппозия өкілі ретінде 31-мамыр күні тұтқындалып, «халық жауы» ретінде атылып кете барды. ҚК(б)П ОК бірінші хатшысы болып, С.Ф.Реденстің сыбайласы – Москвадан келген Н.А.Скворцов бекітілді.

Осыдан соң-ақ, Л.Мирзоянның «өнімі» ретінде Н.Өмірзақовтың басына қауіптің қара бұлты үйірілді. Ол барлық жерде шеттетіліп, қудалана бастады. Оның үстінен домалақ арыздар қарша борады. Ақыры, ҚК(б)П-ның ІІ-сиезінде және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің І-сессиясында Н.Өмірзақов ешқандай қызметтерге сайланбай қалды. 1938-жылы 17-шілде күні өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісінде «жолдас Өмірзақовқа науқасына байланысты бір жарым айлық демалыс берілсін» деген шешім қабылданды. Осылайша, «демалысқа» жіберу арқылы тұтқындау дәстүрге айналған тоталитарлық қоғамның қуғын-сүргін жылдарында Н.Өмірзақов аса қиын жағдайға душар болды.

Н.Өмірзақовтің репрессиядан аман қалуына бірден бір себепкер болған Калинин сөзбар. 1938-1939 жылдары Н.Өмірзақов М.И.Калининнің орынбасары болып жұмыс істей жүріп, Москвадағы К.Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясында оқиды. Бірақ, қарша бораған домалақ арыздардың кесірінен, 1939-жылы депутаттық мандатынан айырылып, Башқұрт АКСР-інің алыс бір ауданына совхоз директоры болып кетеді… Н.Өмірзақовтың бұдан кейінгі қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі Қазақстаннан тыс жерлерде – басқа одақтас республикаларда жалғасты. Атап айтсақ, 1940-45-жылдары Башқұртстан, Ставропроль және Краснодар өлкелерінде басшылық қызметтер атқарады. Ұлы Отан соғысы аяқталған кезде біраз уақыт РКФСР Егіншілік және мал шаруашылығы халкоматында жұмыс істейді. Ал 1945-жылдың соңынан 1947-жылдың 20-мамырына дейін Өзбек КСР-ында Егіншілік және мал шаруашылығы совхоздары халкомының орынбасары, Мал шаруашылығы министрінің орынбасары, Өзбекстан К(б)П ОК ауыл шаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады.

Архив құжаттары Н.Өмірзақовтың 1947-жылы 20-мамырда өзінің қызметтік көлігін жүргізушінің қолынан қайғылы әрі құпия жағдайда қаза тапқанын айғақтайды…

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

тарих ғылымдарының кандидаты

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password