Нарынқол елді-мекені қашан және қалай пайда болған

Бұл өлкеде бір заманда қоныстанған ойрат-жоңғарларынан сақталып қалған жер-суға байланысты топономикалық атаулар көптеп кездеседі. Мәселен, Нарынқол, Байынқол,Үкірші, Лабасы (Лама басы), Кеген (Гиген), Дараты, Шалкөде, Шәкірамбал, Дардамбы т.б. Монғол тілінде Байынқол бай өлке, әрі «ұзын өзен» дегенді білдірсе,  Нарынқол сөзі «қысқа өзен» деген мағанада.

      Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Нарынқол қыстағының орналасқан жері, Хан-Тәңірі шыңының солтүстік етегіндегі Нарынқол өзенінің жағасында 1872 жылдан бастап ірге тасы қаланған, теңіз деңгейінен 1807м. биіктікте. Алғаш Текес, Нарынқол өзенінің аумағы Ыстық-көл уезіне қараған, 1869 жылы Г.В.Колпаковский келіп жер жағдайын түгелдей байқап шығып, қай жерлерге қоныстануға, қай жерге үйлерді салуға болатынын өз көзімен көріп келгеннен кейін, шекаралы бекет ретінде  дайын әскери адамдарды орналастыру керек екендігін, алғашында 25 үй казак-орыстарды орналастыру жөнінде Ташкенттегі Түркістан генарал Губернаторына аталған жылдың 12 апрельде №945 (рапорт) қатынас хат жазады,бірақ неге екені белгісіз хат жауапсыз қалады. 1872 жылдың 13 январында қайта  жазған хатына, 20 ақпанында мынандай жауап келеді: Аталған жерлерге 25 үй емес 100 казак семьясын қоныстандыру керек екені жөнінде бұйрық берілген, оның сыртында ерікті(жай шаруа, аңшылар) келем деушілер болса қарсылық болмасын дегенді айтып « Вашем основание но без пособие от казны на первом начальном поселеяющим обзаведение»-деп көрсетілген. (ОМА. Қор. 44. Опись1.Іс.41734. бет.1.).

      Алғаш Охотническ мен Қақпақ, Шонжы селениелерін құру үшін үй салынатын жерлерді өлшеу үшін Курковскийдің өтінішімен пропорщик Шемановскийді(1-го Туркестанского лейнейнего батальона) алдыртады. Ал Охотническ селениесін бастау үшін мындай нақты меселелер қойылған, ондағыжазылған бұйрықта былай делінген;

1.Салынатын үйлер қала үлгісінде орналассын,көшелер түзулігі,ағаш егу т.б-ларды қадағалау керек;

2.Құрлыстық орман ағаштарын ойсыратпай орынды кесу ескерілсін;

3.Үй салу,егін егетін жерлерді және шабындықтарда болған келіспеушіліктерді уезд бастығымен,өте талас болған жағдайда мировой судьямен шешу керек.

4.Су арықтарын пайдаланған кезде жергілікті қырғыздармен (қазақтармен) айғай-шуға бармай басшылардың көмегіне жүгіну орынды;

5.Өте үлкен шулы мәселелер уездің бастығы арқылы шешілсін.

6.Ең алғаш үй салу үшін 10-корни құрлыс ағашын ғана кесу;

7.Отқа жағу үшін қураған ескі ағаштарды пайдалану;

8.Орманның өртен сақтау, ағаштарды дұрыс кесу офицерлердің де міндеті болады.

    Қарап отырсақ, әуелгі кезекте алғашқы елді-мекен (Охотническ) іргесін қалау кезінде орыс отаршылдарының өктемдік танытып бірден баса көктеп орналаспауы үшін, жоғарғы әкімшілік орындары жергілікті халықпен санаса отырып, мекен-жай салумен бірге егістік алқап, өзен-су, орман-тоғай секілді табиғат байлығын сақтау жұмыстары басты назарда ұстанғанын көреміз.

1872 жылдың сәуір айының өзінде Тянь-Шань отрият басшысының хабарламасында ең алғашқы 36 казак-орыстың жанұясымен келгені айтылады. Бұлар Текес өзенінің сол жағындағы Дараты-Бұлақтың арасына келіп жүктерін түсіргенін, бірақта баспананың жоқтығымен жер жағдайының қолайсыздығына байланысты құрлысты бастауға рұқсат алмағандығын баяндайды. №347 рапортында 5 май күні 1872 жылы Қарақолға хат жазады, 22 май күні қайта келіп қәзіргі Текесаулының алғашқы іргесі қалана бастаған, өйткені Текестен, Сарыжазға да, Қарақолға да және Шонжыға да қатынасу өте ыңғайлы деп шешкен, онан кейін барып Охотническ селениесі бойкөтеріпті. «Бұл жердің климаты суық болғандықтан кірпіштен гөрі ағаш үйлер салған жөн. Менің сұрауым бойынша селениенің аты «Благадатный» –деп атасақ» -дейді, өзінің 3 апрельде жазған хатында. Оған қосымша, «нанды казнадан алу ыңғайлы болар еді,өйткені Қарақолдан Мұзартқа бір реткі нанды жеткізу өте қымбатқа түседі, үш сом»- деп жазады Курковский. Ағайынды Достополовтар Нарынқолға алғашқы келушілердің бірі,олар осы жердегі Тянь-Шань отриядының құрамында қызметте болып, нан үлестірушісі болған. Кейін, 1918 жылы Шалкөде жайлауындағы Қарағайлы сайының аузында болған алжан Диханбайдың ауылын қыруға қатынасқан қанішер екенін белгілі. Достополовтың әйелі күйеуінен өткен жауыз болған, ерлерінің барлығы аң аулауға кеткен де, үйіндегі мылтығымен қазақтарды (абаригендер) деп атады екен. Сорақысы сол, дәстүрге айландырғаны сонша мұңға дейін балалары да жалғастырып келген екен, осы оқиғалардың кейбірінің бала кездегі куәгері белгілі азамат Мельс Бұғыбаевтың өз аузынан естідім.

    Ал, Охотничидің алғашқы жобасын сызған майор Семякин селоны 26 кварталға бөліп, мұғалімдер үйі, шіркеу, мектеп, басқару әкімшілігі (Станического Правление дома) мына 1-ші суреттегі карта Нарынқол селосының ең алғашқы жобасы.

    Түркістан әскери округінің 19 июль 1872 жылы №2508 бұйрығында  Тянь-Шань отриядын басқару Крахалевке жүктелген болатын, кейін денсаулығына байланысты бармай қалады. Сонда да болса, Охотничическиді әскери адамдармен күшейту мақсатында Текес пен Нарынқолға Талғардан, Есіктіден казак-орыстарды жіберуге тапсырма берген, бармаған күннің өзінде Алматы казактарынан 20 семьяны жіберу, артынан 60 семьяны Сібірден алдырту, тағы да өз еріктерімен келетіндер болса шақырту, керек екендігі жөнінде газетте хабарландыру беріп, сонымен қоса Подгорныйға, Шонжыға да келушілерге есік ашық екендігі айтылады. Ондағы басты мақсат — оңтүстік-шығыс Жетісудың барлық шұрайлы аймақтарына орыс шаруаларын қоныстандыру саясаты көзделді. Мына 2-ші суреттегі, газет  хабарландырумен танысып көрейік.

    1867 ж.11 шілде де Жетісу облысы құрылды. Ол 1882 жылға дейін Түркістан генарал-Губернаторына бағынған болса, 1892 ж. Жаңадан Жаркент уезі өмірге келді. Осы Жаркент уезінің құрамына Іле өзенінің күнгей бетіндегі жерлер яғни, Нарынқол, Кеген өңірлері түгелдей қамтылған болатын. Жаркент уезі құрылғаннан кейін почта мәселесі қатты қолға алынған оны екі бағытта жүргізген 1-ші Шелектен шыққан хат тасушы Сөгеті- Көкпек-Сарытоғай-Шонжы-Подгорный- Темірлік- Кеген-Сарыжаз-Қақпак-Охотническке келеді де, осы жерден қайта Подгорный- Ақсу- Сұңқар- Кетмен- Қалжатқа барады.  2-ші маршрут Охотническден Есекартқан арқылы Қалжатқа тікелей қатынаған, енді бір маршрут Қарақол- Охотническ болған, аталған соңғы маршрутта хат тасушы Айт болысының адамы Тыштыбай Елипов деген кісі болған, бұл туралы 2-июль 1886 жылы №3578 рапорт көрсетілген. (ОМА. Қор. 44. Опись 1. Іс.43553. бет.90.)

    Орыс отаршылдары келгенше бұл жерлерді Досалы-Шоған,аздаған Қоңырбөріктер мен Қожбанбеттер(Қаржау батырдың ұрпағы, 60-үй Шахантай аталары) мекендеген. 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің жалғасы осы аймақты да шарпыған кезде Охотническіде салынған бірталай ғимараттар қиратылып, шіркеу үйі өртелген.

    Кеңес үкіметі Нарынқолда 1918 жылы ғана орнап, артынша ақ гвардияшылардың қолына өтті, тек ғана 1920 жылы Кеңес өкіметі қайта келді.

   1936 жылы Кеген ауданының құрамынан Нарынқол ауданыны бөлініп шықты. Орталығы — Нарынқол селосы. Аудан негізінен ауыл шаруашылығының екі саласымен айналысады- мал өсірумен және егіншілікпен шұғылданады. Алдыңғы аудан тарихын айтпағанда, 1950жылдардан кейінгі реформадан соң бұрынғы 33 ұсақ колхоз шаруашылқтарын бір-біріне қосып іріленген, үлкейтілген 10колхоз өмірге келді. Олар ұзақ жылдар қаз-қалпында келді. Одан соң 1978жылы шаруашылық саны -13-ке жетті. Алты колхоз баяғынша қалпын сақтап,қалғандары аудан аумағынан бөлініп шыққан қой және картоп совхоздары еді. Оның үшеуі жаңадан құрылған қой совхозы болатын. Барлығын жинақтап айтсақ “Калинин”, ”Киров’’, ”Энгльс’’, ”Крупская’’, ’’Ленин’’, ’’Партсъезд’’ атындағы колхоздар болса, қалғандары ’’Қызылшекара’’, ’’Тегістік’’, ’’Көксай’’  қой савхоздары және ‘’Октябрь’’, »К.Маркс’’, ’’Абай’’ атындағы картоп совхоздары болып қайта қалыптасты.

     Нарынқол ежелден шекаралық бекет болғандықтан онда үлкен застава мен қатар аудандық аурухана, туббольница, 2 мәдениет сарайы 3 мектеп, кәсіптік білім беретін музыка мектебі, спорт мектебі, автостанция, магазин, асхана,  орман шаруашылығы, кірпіш завод тағы әртүрлі үлкенді-кішілі аудандық мекеме орындары орналасты.

     Бұлардың сыртында аудан көлемінде ең ірі Ақбеиіт пен Жаңа Текестегі ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын  2 училще және ескі Текес елді мекеніндегі астық дайындайтын загерзина, Казсельхозтехника, Энергесет, ауданааралық құрлыс мекемесі, автобаза, ГЭС орындары болды. Сол сияқты Сарыжазда Республикалық №3 нерв жүйесін емдейтін емхана, ДЭУ және сельпо мекемелері жұмыс істеп келді. Оған қоса Ойқарағайдағы көрнекті көмір кеніш орындары халыққа  қалтқысыз қызмет етуде. Еліміздің аумағындағы ең биік нүкте, аспантаудан көк аспанға қол созғандай Хан-Тәңірі шыңы жеке-дара көрініп тұр. Шыңды 1931 жылы украиналық шыңгер М.П. Погребецкий бағындырған. Нарынқол ауданының аяғынан тік тұрып кетуіне кезіндегі Республика басшысы Д.А.Қонаевтың да назарынан тыс қалмаған, өзі басшылық жасап отырған жылдары ауданға төрт рет келіп кеткен. Халқымыздың батыр ұлы Б.Момышұлыда арнайы келіп, Шалкөде жайлауында болып қайтқан

   Жалпы алғанда, Алматы облысында алдыңғы қатарлы әйгілі Нарынқол ауданы заман ағымына қарай бірнеше өзгерістерге ұшырады. Екі рет Нарынқол мен Кеген аудандары қосылып біріктірілген кездері бар. Алғаш 1962 ж. Нарынқол ауданы көршілес Кеген ауданының құрамына өтіп, одан 1966 ж. қайта бөлінді. Ал, 1997ж.Ел басының жарлығымен Нарынқол мен Кеген тағы қосылды. Сонымен, 1936-1997 жылдар аралығында, яғни 60 жылдай Нарынқол аудан атын иемденіп келген болса, енді екі аудан 1997жылда 2018 бірлесіп батыр бабамыз Райымбек атындағы аудан атанды. Орталығы Кеген кенті. Ал ресми түрде осылай десек те, елдің аузы үйреніп кеткені сонша, «қайда барасың?» десе, бірден «Нарынқолға барамыз» дейді. Демек байырғы халық бәрібір баяғы Нарынқол атауын тастаған емес.

2018 жылдан бастап қайтадан бұрынғы Нарынқол ауданы болып қайта құрылды. Оның құрылуына жергілікті халықтың өтініші басты назарда болды десек артық айтпаған болармыз, өйткені көрші Қытай елімен өте сақ болмасақ,  ғасырлар бойы аңсап-армандап жеткен Тәуелсіздігімізге нұқсан келуі ғажап емес.

Дүйсенбай СЫҒАЕВ, 

тарихшы.

 

 

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password