Құрылыс нысандарын аралады

Райымбек ауданына облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов келіп, алдағы жоспарлармен танысты.

Алдымен Нарынқол ауылының тау жағынан жаңадан салынатын спорттық-сауықтыру кешенінің орнын көрді. Кешен салынатын 4069,7 шаршы метр жер тереңдетіле қазылған, іргетасын қалауға дайын. Облыс әкімінің орынбасары нысан құрылысына жауапты «Фуд МС» ЖШС директоры Сейітжан Құсайыновпен тілдесіп, жұмыс жайымен танысты. Бұдан кейін аудан орталығындағы бұрынғы Нарынқол ауылдық әкімшілігі орналасқан ғимаратқа жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Құны 176 миллион теңге тұратын құрылыс жұмысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Фуд МС» ЖШС арқылы жүргізілуде. Келесі айдың соңында бітеді деп жоспарланған екі қабатты ғимаратқа кірістер, статистика  және қазынашылық басқармалары орналасатын болады. Алдағы уақытта ғимараттың артынан халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық архив бой көтермек. 

Облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов бұдан соң бұрын аудандық прокуратураның мекенжайы болған ғимаратқа жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Аталған ғимараттың жанына қосымша тағы бір нысанның іргетасын қалау жұмысы жүргізілуде. Бұл ғимараттар толығымен біткен соң халыққа қызмет көрсететін мекемелер орналасады.

Қарқынды құрылыс аудан әкімдігі орналасқан үш қабатты ғимаратта да жүріп жатыр. Өткен жылы қолға алынған істі мамыр айының аяғына дейін аяқтау жоспарланыпты. Ғимараттың шатыры ауыстырылып, ескі сылақтары түсіріліп, сейсмикалық күшейту жұмыстары толығымен орындалған. Жаңадан есік, терезелер орнатылған. Дәл қазіргі уақытта ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде. 496 миллион теңге тұратын күрделі жөндеу жұмысы Сәбит Қалимолдаев басқаратын «Гуни Строй Сервис» ЖШС-на жүктелген. Нысандарды аралап шыққан соң облыс әкімінің орынбасары аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында шағын жиын өткізіп, өңірдегі құрылыс жұмыстарын жан-жақты сөз етті.

Өз кезегінде аудан әкімі Жолан Омаров:
– Биыл Райымбек ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы, мұрағат, азаматтарға арналған үкімет ғимараты, прокуратура, өрт сөндіру мекемесі, Нарынқол ауылдық әкімшілік ғимараттары мен 83 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы қолға алынады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті филиалының ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Мұның сыртында 8 қызметтік тұрғын үй салу жоспарда тұр. Аудан аумағындағы Текес, Сарыбастау, Шалкөде, Жамбыл ауылдық әкімдіктерінің жаңа ғимараты бой көтереді. Жамбыл, Сүмбе ауылында жаңадан Мәдениет үйі тұрғызылады. Қақпақ, Жамбыл ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қолға алынады. Аудан орталығынан күн сайын 250 адам қабылдайтын емхана салынып, жалпы көлемі 54 шақырым болатын көше жолдарының 29,5 шақырымы асфальтталады. Мұның бәрі қайта қалпына келген аудан үшін үлкен жақсылық, – деп алдағы жоспармен бөлісті.

Атқарылған іске ризашылығын білдірген облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов аудан және  мердігер компания басшыларына аталған құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде сапалы бітіріп, уақытында пайдалануға беру жөнінде тапсырма берді.

Қ. Біржансал,
Нарынқол ауылы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password