Көңіл күй сыйлады

   Әлсізге сүйеу, жалғызға тіреу болған кең пейілді қазақ халқы қашанда қайырымдылық жасаудан қашпаған. Осы мақсатта, ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жүз жастан асқан  қарт қарияларға дастархан жайып, көже берді.

  Аудандағы «Қазына» тойханасына басқосқан ата-апаларымыз мол дастарханның қадірлі қонағы болды. Өз тілегін жолдай келген аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов, аналар кеңісінің төрайымы Дина Молдағожаева сөз сөйлеп, қонақтарға мерекелік лебіздерін арнады.

  – Қазақ халқы ешқашан жетімін жылатпаған. Өзгені де өзекке теппеген. Жалғызын бауырына басып, далаға тастамаған. Ата-баба жолынан жаңылмаған ұрпақтары да осынау берік ұстанымды бұлжытпай орындап келеді. Адам болған соң, өмір болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Оған жанымен төзіп, қандай қиындық болса да қарсы алып, қайыспай жүрген жандар да ортамызда аз емес. Қоғамнан бөлектеніп, өздеріңізді жалғыз сезінбеу үшін кішкентай болса да сіздерге көңіл сыйлау, елеп ескеру азаматтығымыз деп білемін.Келген ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін, – деді С.Сатылғанов.

  Жақсылыққа жайылған ақ дастарханға  тегістіктік  Таңатар Оралхан қария ақ батасын беріп, өзіндей жандарды елеп, ескеріп жатқан  ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

  Бүгінгі шараға жиналған аналарымызға, әкелерімізге әрі ақын, әрі әнші-жыршы жерлесіміз Серік Сүйіндік те әннен шашу шашып, көрікті көңіл сыйлады.

  Жылда ұмыт қалмайтын осынау дархан дастарханға  қонақ болған жандарға шын ризашылық танытқан ұйымдастырушылар арнайы әзірлеген сый-сияпаттарын табыстап, тілектерін жолдады.

 С.Нұрбақытұлы, «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password