Жыр киесі қонақтаған ауылда

 

«Мен өмірді жырлау үшін келгемін»

Қарасазда Мұқағали оқуларының дәстүрлі додасы салтанат құрды

    Асқақ көңілімізді алып ұшқан Қарасазға бет алып келеміз. Күн күндегідей емес, өзгеше кейіпке енгендей жүрек лүпілін жиілете түседі. Жол бойы таулар да маңғазсынып, тәкәпарлықтың түрін танытқандай зорая өсіп кеткен. Шын мәнінде ол олай емес. Көңілімізді көріктендіріп, шабытымызды шарықтатқан  бұл асқақ сезімнің алауы ғана. Әр кез қасиетті мекен Қарасазға жол түссе осындай күйге қамалатыным жасырын емес. Бұл  менің ғана кеудемдегі кербездіктен туған ой деп білсем – делқұлылығым, ол әр мұқағалишыл, жыр сүйер қауымның делебесін қоздырған қашанғы ғадеті десем жарасар. 

 Міне, батыр бабамыз Райымбектің асқақ мүсінінен Қарасазға қарай бұрылдық. Жүрдек көліктен жүйрік ойымыз әрнені әлсін-әлсін еске алдырып, көз алдымызға әкеледі. Қонағын құдайындай күтетін қарасаздық ағайынның қашанда көңілі баяғыдай, алқам-салқам құшақ ашып, өзімізді де, сөзімізді де көкке көтеріп, мерейлендіре берді. Бісімілләмізді айтып ауылдың алтын босағасынан аттадық. Жол жөнекей кеудесінде Мұқаңның өлеңі жырланып жататын балақайлардың қуанышты жүздерін көрдік. Олардың қайсыбірінен өлең сұрасаң тосылмай, тосырқамай жырыла жырлап беретін әдетіне сүйсіндік. Бүгін біз осынау кие қонған жердің төріне барлық республикадан келген жыр сүйер, өлең сүйер қауымның оның ішінде жалынды жүректі өрендердің ақынға, ақынның поэзиясына  деген асқақ махаббатын көруге, сезінуге құмармыз.

  Осынау  жырға деген «ашкөздігімізді» алдымен сахналанған керемет көрініспен алдаусыраттық. Әне-міне дегенше алыс-жақыннан жиналған көпшіліктің мәдениет үйін лықа толтырған ықыласы ырза етті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші…»  аталған республикалық оқудың да бәсі басқаларынан жоғары болатынын сездірсе керек. Дабыр-дұбырды сап тыйып, көңілімізді сахнаға бұрып әкеткен қойылым да ерекше әсер етті.

   Елшенбүйректі, Қарасазды, Қарасуды сағынған ақынның жырға тұнған жүрегін  күнәсіз аққудың кейіпіне енген бишілер  рухтандырып жіберді. «Қайран Қарасазым-ай» әні әуелеп, көрермен шапалағынан дүр көтерді.

  Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы  желісімен  бесік тербеткен бейбақ ананың шарасыздығы суреттелді. Өз сәбиінің өмірі үшін аққуға оқ атқан бейсауаттығы, қандай сәтте де қасірет пен қайғының қатар құратынын дәріптегендей. Қолына қару алған ананың топ боп жүзген аққуларға мылтық кезене бергені, ойтоқтаусыз, ақылсыз, шүріппені шертіп қалғаны  әсерлі әдіптелді. Жүзін жас жапқан сорлы ананың соры қайнағаны ақсақалдың даналығымен ұштасып, әттеген-ай өмірдің ешкімді де аяй көрмейтіні әйбәт айтылды да.

   Шынайы қойылған қойылымға кемел көрермен шынайы бағасын беріп ұзақ та, ұзақ қол соқты. Шынашақтай баланың шарадай жүрегінен төгілген ақынның көзі тірісінде көрегендікпен біліп, сезіп айтқан «Туады, туады әлі нағыз ақын» өлеңі  көпшілікке әдемі әсер сыйлады. Бұған қарап, өлең қонған өлкеден ақындардың әлі де шығарына тәубе дестік. Бұл бұл ма, көп сұрақтың жауабындай болған көпті көрген кейуананың ақын өлеңдерінде ерекше орын алатыны ұмыт қалмады. Ойға малынған ақынның маңғаз тұлғасы сахна төрінен бір түскен жоқ. Жазу үстелінде бірінен кейін бірі туған оймаза шабыттың шалқарынан өрілген өлеңдері кезегімен оқылып жатыр. Іркес-тіркес өмірі ақынның жырларынан айқын көрініс береді. Оны бүгінгі салтанатты шарада «Есіңе мені алғайсың» әніне аяққа тұрып қошемет көрсеткен көрермендердің шапалағынан шынайы байқадық.

Ақынның өзіндей, көзіндей

  Қасқайып тұрған тау кейіпіндегі ақынның атындағы мемориалды музейге бет түзеген халықта есеп жоқ. Лек-легімен келген қонақтар кезек-кезегімен мұражайды армансыз аралады. Суретші Нұржан Қарымсақовтың «Бата» атты туындысына ерекше назар қойған келушілер картинаның тарихына үлкен қызығушылық танытты. Сондай-ақ Шамиль Қожахановтың авторлық «Ақын әруағына тағзым» атты ұлы дала стильдік бейнелеу шығармасы да көпшіліктің көзайымына айналды. Аудан тарихына ден қойған қонақтардың әуестігін асырған мұражай жолкөзерлері ақынның көзі тірісінде қолданған бұйымдарын, киген киімдерін, ұстаған заттарын жеке-жеке таныстырып  шықты. Бес  бірдей тілде: қазақша, түрікше, ағылшына, қытайша, орысша судай аққан оқушылар  келушілердің таңдайын қақтырды.  Мұражайды  ғана емес, ақын туған Қарасаздың қасиетті топырағын басқанына шүкірлік айтқан олар, жыр тұнған ауылдың табиғатына қызыға да, қызғана қарап жатқаны мақтанышымызды оятты.

  Келген қонақтардың зор қызығушылығын тудырған көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ақынның шығармашылығын сурет тілінде сөйлеткен қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрболат Искаковтың картиналары көп көңілінен шықты. Мұқағали ақынның әрбір өлеңінде тұнып-тұрған өмір суреттерін арқау еткен  туындылары өміршең ақынның өлеңдеріндей жасай беретініне  көз жеткіздік. Көрмеде А.А.Барманбекұлы атындағы мектеп гимназиясының оқушылары жасаған қолөнерлері,Текес өнер мектебінің суретшілері  салған  картиналары, сондай-ақ басқа да түрлі заттардан ақын туралы сыр шертетін қол бұйымдары көпшілік көзайымына айналды.

Шабыт шалқарындағы жалынды жырлар   

  Ақын жүрек тебіренісін, поэзияға деген махаббатын қым-қуыт тіршіліктің өміріне дүркін-дүркін соққы беруі, жанын ауртып, жүрегіне салмақ салуы тағы бір мәрте сахналанды. Қарап тұрсаң, әрбір сағат, әрбір минут арпалыстан тұратынын ақынның өз өмірінен көруге болады. Бірі күліп, бірі қабақ шытып қарсы алатын мінезбен мезі еткен мерез қылықты пенде біткенді кешірмеген ақын жүрегі күн санап ауырды. Кертілген көңілді, кері кеткен өмірді жеңу үшін өлеңге кеп жүгінді. Өлеңге келіп жылынды. Қуат алды, қуанды. Дәп басып, дәл тигізіп айтты. Сондықтан да ақын жырлары өміршең, өлмейді. Иә, поэзияның құдіреті деген осыда болар.

  Мұқағали республикалық оқуларының екінші күні осындай көріністе шымылдығы түрілді. Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған республикалық оқуға еліміздің түкпір-түкпірінен  38 үміткер қатысты. Шетінен сен тұр, мен атайындар. Бәрі шашасына шаң жұқтырмай жүрген жүйріктер. Олардың бағы да, соры да бүгінгі жыр додасында шешілмекші.

 Кіл мықтыдан кім мықтыны білу үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Шарахынбаев, ақын, филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мылтықбай Ерімбетов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Тойлыбаев сынды азаматтар қазылық көрсетті.

  Бәсі жоғары жыр додасын ашып беру үшін аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, ақын Сәрсенбі Дәуітов мінбеге көтеріліп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

  Қызығы қыза түскен жыр додасының ережелерімен таныс болған үміткерлер алдымен ақынның өлеңдерін жатқа айтуға талпынып көрді. Ең көбі 200, азы 10 өлеңнен жаттап келген өрендерге талап та жоғары болды. Әр аймақтың қаймақтары әрлеп айтқан, мәнерлеп оқыған жырларынан кемшілік те табылды. Көбіне тұсау болған өзі жаттаған өлеңдерін өздері ұмытып ұпай сандарын төмендетіп алып жатса, қайсы басқалары жыр жолдарынан жаңылды.   

  Екінші айналымда үміткерлер ақынға арнаған шығармаларын оқыды. Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл дода жолында да қазылар әділдік танытты. Қатысушылар қойылған талаптар бойынша азынан көбі шығарған арнауларын  ұмытып, шатасып, қағазға жалтақтап сыннан сүрінді.

 Үшінші айналымда 16 үміткер тақ сан бойынша «Райымбек! Райымбек!» поэмасын бірінен бірі іліп алып кетіп жатқа айтып ұшқырлықтарын танытты. Аталған ереже бойынша қатысқан он алты үміткерден соңында қалған бес қатысушы 10 ұпайдан иеленіп, қарсыластарын шаң қаптырды. Дәл сондай жұп санды 16 оқушы «Алтай-Атырау» поэмасын жатқа айтып, оза шапқан бес үміткерге 10 ұпай жазылды.

 Төртінші «Сыр сандықты ашып қара» айналымында үміткерлер еркін көсілді. Онда әрбір қатысушы Мұқағалидың конвертке жасырылған бір шумақ өлеңін оқып, мағынасын түсіндіріп беруі шарт болды. Дегенмен, берілген тапсырма бойынша үміткерлер өз ойларын анық жеткізе алмай, көбі өлеңді тура мағынасында қабылдап жатты.

  Соңғы бесінші айналым нағыз өренің, білімнің сайысы болды. Бұл додада қатысушылар бар болғаны бір минут ішінде 10 сұраққа жауап беріп, ұпай сандарын еселеу керекті. Әрі жылдам қойылған сұрақтарға шапшаң жауап қайтару үміткерлерді тығырыққа тіреді. Көбісі уақытты ұтырып алып,  үлгермесе, енді бірлері сұрақтарға жауап та қайтармады.

   Ілгерілі-кейінді өнер көрсеткен қатысушылардың республикалық Мұқағали оқуында өз деңгейлерін барынша байқатты. Шын мәнінде әр жылда өтетін ақын атындағы оқулары жас ақындарға, жыр сүйер өрендерге  жол ашып, әдебиетті, поэзияны құрметтеуге, өнерді дәріптеуге үйрететінін көрсетіп келеді. Бүгінгі дода да дәл сондай мақсатта өзара бесекелестік бәйге арқылы  жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, жеңімпаздар жүлдегерлері анықталды.

 Олардың қатарында ІІІ-орынды Түркістан қаласынан келген Арайлым Тілеубек, алматылық Мерей Жолдыбай, Кегеннен келген Марал Мақсұтқызы, ақтаулық Динара Темірбекова иеленсе, ІІ-орынды алматыдан келген Думан Дәулетбек пен Талғар қаласының үміткері Дильназ Бисер қанжығалады. Ал бірінші орынды Алматы қаласының үкілі үміті Ұлдана Ізбасар алды.

Сонымен көптен күткен  бас жүлдені барлық сайыста қанжығасы тоқ келген, өлеңде де, өнерде де қарсылас маңайлатпаған қарасаздық Сара Жұмаш талассыз жеңіп алды.

   Алыс-жақыннан келген барлық қатысушыларға әділқазылар алқасы  ынталандыру сыйлықтар тапсырып, еселі еңбектерін бағалады.

  Ал келген үміткерлер  өздерінің жасап әкелген  қолөнер бұйымдарын ақын атындағы мұражайға естелікке қалдырды.

 Серікжан Мурасилов, «Хантәңірі».

Суреттерді түсірген Елдос Ахметжан.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password