Сыйынар ем, ана деген Тәңірге!

Халықаралық әйелдер күні – ақ жаулықты апалар, ардақты аналар, аяулы қыздардың мерекесі. Көктемнің алғашқы шуақты мерекелерінің бірінде еркек кіндіктілер нәзік жандарға гүл сыйлап, ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін арнайды. Бірақ, мерекені дүбірлетіп атап өтсе де, осы күннің шығу тарихын біреу білсе, біреу білмейді.

Бүл күннің тарихы сонау 1857 жылдан басталады. Дәл осы жылы 8-наурызда  Нью — Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері бас көтеріп, шеруге шығады. Наразылық акциясын бастаған әйелдер 10 сағаттық жұмыс күнін, жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап етіп, өз құқықтары үшін алғаш рет көшеге шығып күрескен еді. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылды. Жарты ғасыр өткен соң, 1908 жылы ақпанның соңында Нью-Йоркте социал-демократиялық әйелдер ұйымының үндеуімен 15 мыңға тарта әйел митингке шығады. Олардың басты  талабы – еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру, яғни, жұмыс күнін қысқартып, әйелдердің жалақысын көтеру, сондай-ақ нәзік жандарға сайлауда дауыс беру құқығын беру. 1909 жылы Американың Социалистік партиясы ұлттық әйелдер күнін жариялайды. Бұл күн 1913 жылға дейін ақпанның әр соңғы жексенбісінде мерекеленді.

Кейінірек, 1910 жылы Копенгагенде екінші Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтті. Осы үлкен жиында АҚШ-тан келген делегаттар белгілі коммунист Клара Цеткинмен кездеседі.

Халықаралық әйелдер күні бірнеше жыл бойы әр елде әртүрлі мезгілде аталып өтті. Мәселен, 1911 жылы Германия, Австрия, Дания және Швейцарияда 19 наурызда мерекеленсе, 1912 жылы дәл осы елдер мейрамды 12 мамырда тойлайды. 1914 жылы әйелдер күні 8 наурызда әлемнің бірден  8 елінде – АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Дания, Германия, Нидерланды, Ресей мен Швейцарияда мерекеленді.

Біріккен ұлттар ұйымы 1975 жылды – Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе, бұл мейрам саяси көрінісін жоғалтты.

Бүгінде 8 наурыз Қазақстаннан басқа, ТМД елдерінде көктем мен махаббат мерекесі ретінде аталып өтеді. Тәжікстанда 2009 жылдан бастап мерекенің атауы өзгертіліп, Аналар күні деген атауға ие болды.

Әйел- ана, әйел- өмір, әйел- тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгә тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі-өсиет, тұғыры биік. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі-алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұламалардың сөзі бар. Шынымен солай. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ана-болашақтың демеушісі, ұлттың жебеушісі, сәбилердің бақыты. Ана –барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш,тіршіліктің қайнар бұлағы. Қазақ әйелінің дастарханы тоқ, қонағы ырза,  дүниесі түгел. Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады.

Алматы облысы бойынша бүгінгі таңда 1 ғасыр өмір сүрген 61 кейуана тіркелген екен. Олардың ең көбі Райымбек  және Еңбекшіқазақ  аудандарында ғұмыр кешуде. Ал, облыс бойынша ең ұзақ жасаған кейуана Райымбек ауданы Шәлкөде ауылында тұратын Абдибаева Тұрахан апаның жасы — 113-те болса, Қарасаз ауылының тұрғыны Баятова Сұлухан Жұмағұлқызы 112-ге келген. Текес ауылының тұрғыны Нусупбекова Қалыпжамал Исақызы алдыңғы екі кейуананың өкшесін басып, 111-ге келген екен.

Сонымен қатар, ұзақ ғұмыр кешіп жатқан кейуаналар Нарынқол, Қайнар, Қарасаз, Қақпақ, Көксай, Сүмбе, Қызыл-Шекара, Сарыжаз ауылдарында тіркелген, яғни облыс бойынша ең ұзақ ғұмыр кешіп жатқан кейуаналар Райымбек ауданында тұрып жатыр. Міне, көңілге қуаныш ұялатар көктемнің жайма-шуақ 8-наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 100 жасқа толған қария аналарға құрмет көрсету, өскелең ұрпақ пен жас буын арасындағы рухани байланысты қалыптастыру мақсатында облыста «Ғасырға құрмет» атты акция жарияланып, оған аудан әкімі Жолан Омаровтың тікелей ұйымдастыруымен және қатысуымен ауылдық округтердегі бір ғасыр жасаған кейуаналарды Облыстық мәслихаттың депутаты, Райымбек аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Бекболат  Бірбаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жәмилә Қоқымбаевалар бастаған делегация келіп құттықтап, сый-сияпаттарын көрсетті. Нарынқол  ауылының тұрғыны 98 жастағы Бөлегенова Ілімхан апамызды аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары Н.Сағатбекұлы, ауыл әкімі Ж.Жеңісұлы және редакция ұжымы арнайы барып, айтулы мерекемен құттықтап, ардақты ананың ақ батасын алып қайтты.

Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінде ардақты аналардың, аяулы қыз-келіншектердің мерекесіне арналған аудан өнерпаздарының ұйымдастырумен салтанатты кеш өтті. Жиын барысында аудан әкімі қыз-келіншектерді айтулы мерекемен құттықтап,  ауданымыздың  экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген біршама аяулы аналарымыз бен қаракөз қыздарымызға алғыс xаттар мен құрмет грамоталарын табыс етті. Өнерпаздар салтанатты кешке жиналған нәзік жандыларға гүл шоқтарын табыс етіп, әуезді әндерімен керемет әсерге бөледі.

 

Айнаш Әлдибекова,

суреттерді түсірген Елдос Ахметжан,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password