Әкенің қас қабағы — баланың бас сабағы

Аудан орталығында 12- наурызда  Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдос Медеубаевтың ұйымдастыруымен «Жетесіз өскен ұл жаман» немесе «Тәрбиесі қиын бала қайдан шығады?» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Бұл жиынды өткізудегі мақсат – жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерінің алдын алу, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп тәрбиелеу, сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесін түзетуде тек қана ата-аналардың мектебі ғана емес, бүкіл қоғам болып ат салысып, күш жұмсасақ бар нәрсенің алдын ала алатынымызды насихаттау болып отыр. Айтулы жиынға аудандық прокуатурасының аға прокуроры Талғат Әбеков, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Молдағожаева, аудандық білім бөлімі ММ-нің маманы, БАҚ өкілдері, Қызылшекара ауылында құрылған «Ұлағатты әкелер» клубының мүшелері, сондай-ақ, әр ауданымыздағы бірқатар білім ошақтарынан келген тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Тәрбиесі қиын бала қайдан шығатыны тұрғысында көкейде көмкерілген сан сауалға Айдос Медеубаев бейнероликтер арқылы сюжетты көпшіліктің назарына ұсынып, қысқаша тоқталып өтті.

  • Отбасының сәтсіздігі ата- анасының моралға қайшы өмір кешуі, бала тәрбиесі мен болашағына деген жауапкершіліктің жоқ болуы бала тәртібінің нормадан ауытқуына әкеледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, көбіне отбасындағы тәрбие бала мінез–құлқына қатты әсер етеді. Сондай-ақ, отбасы жағдайында баланың күн тәртібінің дұрыс ұйымдастырылмауы, сабаққа әзірленуге мүмкіндік жасамауы да себепші болады. Тағы бір айта кететін нәрсе ата–аналардың ажырасуы. Бала психикасына, әсіресе ұл балаға үлкен әсерін тигізеді. Алдында үлкен өнеге алатын, сырласатын, үлкен адамға тән қасиет, жүріс–тұрыс мәнері мен әдеттерін үйрететін әкенің рөлі ер балаға ауадай  қажет. Осының барлығының жоқтығы ер баланың ұжымнан оқшаулануына, тұйыққа әкеп соғады. Сөйтіп, барып мектеп тәртібін бұзып қана қоймай теріс жолға түседі. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында мектебімізде «Ұлағатты әкелер» мектебін құрып, арнайы бағдарлама бекіттік. Сол бағдарлама бойынша әкелермен жиындар өткізіп, баланың болашағының жарқын болуын қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын  – деген пікірін ортаға салып, көпшіліктің қолдауын сұрады.

         «Баланы жастан» демекші, әуел бастан балаға дұрыс ықпал, түзу бағдар беруді, тәрбие жұмысын бір минут та ұмыт қалдырмау баршамыздың ата- аналық және педагогикалық борышымыз екенін ұмытпаған абзал.

«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» демек­ші, тәлім-тәрбиедегі үй­лесім­ділік ошақ­тың үш тағаны секілді осы одақтың ара­сындағы тығыз қарым-қатынасқа көп байланысты екенін тәжірибе анық байқатып жүр.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Молдағожаеваның  пікіріне сүйенсек: «Бала тәрбиесіне уақыт бөлмей, «жұмысбастылықты» желеу ету, тек сылтау ғана. Ұл-қызының материалдық қажетін өтеумен «іс біттіге» санайтындар жетерлік арамызда. Ата-ана мен бала арасындағы алтын көпір тәлім-тәрбие екенін әсте ұмытпағанымыз жөн. Ертеңі бұлыңғыр болмас үшін баланы назардан тыс қалдыруға болмайды. Осындай әкелер мектебі ауданның әр ауылдық округінен ашылып, бала тәрбиесіне өз үлестерін қосса құба құп болар еді. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» демекші, бала тәрбиесін әлсіретіп алмауымыз керек» — деп өз ойын ортаға салып, осындай жиындар әкелердің қатысуымен өткені жөн екенін жеткізді.

Отбасында жалғыз баланы тәрбиелеуден бірнеше баланы тәрбиелеу әлдеқайда жеңіл деген пікірлерде айтылды. «Өйткені көп балалы үйде ұжымдық, бір-бірімен санасу сияқты отбасы дәстүрі ұсталып, тәрбие жүйесі жинақталады. Балалар бір- біріне көмектесіп, сүйеніш болу арқылы бауырмалдылық сезімде өседі. Ал жалғыз бала отбасында өссе, ол өзімшіл, менменшіл, өркөкірек болып өседі. Мұндай балалар алдауға тез түседі, қажет нәрсені үйінен әкеліп беріп жүреді, сөйтіп жүріп, қиын баланың ықпалына түседі»- деген тұщымды ойлар ортаға салынды.

Иә, дана  халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп текке айтпаған. Кез келген балғынның өмір сүруге құштарлығы, күнде­лік­ті іс-әрекеті, әдептілігі, былайша айтқанда, қоғамдық ортада дамуы алдымен отбасыдан бастау алатынын ескерсек, кейбір ата-аналардың қит етсе «мек­теп қайда қарап отыр?» деп кінәлай жөнелуі, «қиын бала» тағдырын өзінен ысырып тастауы міндеті мен боры­шын жете сезінбегендіктен туған қате ұғым дер едім. Жасөспірімге сапалы білім беріп, қоғамның, ұлты­мыздың саналы азаматы ретінде қанаттандырып ұшыру мек­тептің де басты талабы екенін жоққа шығармаймыз. Десек те, ата-атаның үйдегі іс-әрекеті бала­ның көз алдында өтетінін, демек тәлім-тәрбиедегі алтын қазық туған ұясы екенін ұмытпаған ләзім. Сондықтан, «баланың басты ұс­тазы – ата-ана» деген пайымды жа­ды­­мыз­дан шығармағанымыз жөн.

Айнаш Әлдибекова,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password