Ата — баба дәстүрі ұрпаққа аманат

 

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ақ жаулықты аналарымыздың атқарып жатқан жұмыстарын, елеулі еңбектерін газетіміз арқылы халық назарына ұсынып келе жатқанымызға жарты жылдан аса уақыт болыпты. Бүгінде сол дәстүрімізден таймай өнерлі аналарымыз бен өрелі ақсақалдарымыздың ұрпақ үшін, ұлт үшін жасап жатқан қажырлы еңбектерін тілге тиек етпекпіз. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Молдағожаеваның бастамасымен, әр ауылдық окрутердегі аналар кеңесінің қолдауымен көрініс тапқан, салт-дәстүрді жаңғырту, ұлттық рухты оятып, дін мен дәстүрді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ай сайын ауқымды іс-шаралардың өткізіліп жатқаныны барша жұртқа аян. Бүгінде сол дәстүрлі шара  Қарасаз ауылдық округі аналары мен ақсақалдарының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапқан болатын. «Ұлттық салт- дәстүр – ұлт болашағы» атты мәдени шараның шымылдығы әдеттегідей қолөнер көрмесінен бастау алды. Кәсібін нәсібіне айналдырып жүрген қарапайым қыз- келіншектердің жұмыстары көптің көңілінен шығып жатса, Қарасаз қолөнер мектебіндегі  шәкірттерінің жұмыстары талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырды. Мектеп директорының айтуынша балаларды 5-6 жасынан өнер мектебіне қабылдап, әртүрлі тоқыма киімдер, кілем, моншақтардан сурет тоқу арқылы төзімділік пен сабырлыққа баулиды екен. Сонымен қатар, ақынның ауылы болғандықтан ақынның көшпелі мұражайы да көрмеден орын тапты. Мұқағали атамыздың көзі тірісінде пайланған бұйымдары, оқулықтары  мен қолжазбалары кең пейіл көрерменге таныстырылды.

Айтулы шара ары қарай Қарасаз өнерпаздарының «Келін түсіру»  дәстүрін дәріптеген сахналық қойылыммен өрнектелді. Сүйіншілей жүгірген қос құлыншақтың қуанышты жаңалығы  ақ келіннің ақ босаға аттаған сәтінен бастау алып, отқа май құю, сәлем салу, беташар секілді дәстүрімізді толық қамтыды. Ең ерекшелігі, бір апта бұрын шаңырақ көтеріп, отау болып жатқан Болатбек пен Айдана есімді жас жұбайлардың қатысуымен осы көріністер жасалып, дүйім жұрттың алдында ауыл имамы ақ некелерін қиды. Үлкендер тілеулес болып, ақ баталарын беріп, алдағы өмірлеріне бақыт тілесті.

Әсерлі кештің көркі ақ самайлы әжелердің әуезді әндерімен, ақ сақалды қариялардың жырларымен жалғасса, ауыл жастары да өз кезегінде қолдау білдіріп өз өнерлерін ортаға салды. Аса ұйымшылдықпен өткізілген шара көптің көңілінен шығып, жоғары деген бағаға ие болды.Үлкен, кіші демей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қонақжайлығы мен қарапайымдылығы үйлесім тапқан ақынның ауылының халқына көрермендердің ілтипаты ерекше болды. Қазақ халқы — өнерпаз халық. Ойын сауық, той-томалақта қалыптасқан дәстүр бойынша жиылған қауымнан өнер көрсетпеген адам болмаған. Әнші, биші, күйші, жыршы, ақын адамдармен қатар, олардың өнерлерін үйреніп, топ алдында өз қызығын көрсетушілер көп болып, кәде жасап алты ауыз өлеңді айта алмаған адамды, халық «аузын буған өгіз» деп, масқаралаған. Сондықтан әрі өнерпаздық нышанын дамытып, әрі намысын оятып, өлең жаттауға, ән айтуға әркім-ақ ынталы, ықыласты болған. Ал Мұқағалидай ақынның ауылында өнерпаз  адамның жоқ болуы мүмкін емес. Бесіктегі баласынан еңкейген қартына дейін ақынның өлеңімен сусындап, жырын жаттап өскен елді өнерсіз деп айту күнә болмақ. Кеш барысында ән де, жырда айтылды, өлең оқылып, айтыс өнері де халық назарына ұсынылды, тіпті эстрада жұлдыздарына породия сомдалып, көрермендерді күлкіге қарық қылды.

Ата-дәстүрін ардақтау – қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы. Егер жеті атасына дейін ата тегін, тарихын білмейтін ұрпақ болса, оны «Жеті атасын білмейтін жетесіз» деп халық кінәлайды, айыптайды, жазғырады, жазалайды. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа», «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді.

Мінекей, осындай таным-тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор, дін мен дәстүріміз үйлесім тапқан салтымыз барда қазақ деген ұлттың тамыры кеңге жайылатыны сөзсіз. Сол әдет-ғұрпымызды сақтап, дәріптеп жүрген қазыналы қарттарымыздың қадірі қашанда жоғары болмақ. «Ата салтың – халықтық қалпың» демекші, өз жұртының қадір-қасиетінен мәлімет беретін ғұрып қасиетпен, оған мейлінше құрметпен қарап, оны ардақтай білейік ағайын!

Айнаш Әлдибекова, Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password