«Хантәңірі» газетінің көшпелі редакциясы Жамбыл ауылдық округінде

Мамандығым – мақтанышым!

Үш жылдан бері дәрігер болып еңбек етіп келетін Жансая Сәкен өз жұмысын жақсы көреді. Талғардағы медициналық колледжін бітірген білікті маман Қаратоған ауылының келіні. Осындағы Н.Өмірзақов атындағы орта мектепте дәрігер. Ақ желеңді абзал жан әр күнгі жұмысын жауапкершілікпен  атқарады. Әсіресе қыс мезгілінде жиі тұмаурататын  оқушыларға көмек көрсетіп, алдын алу шараларын жасайды. Күнде таң ертең келіп сыныптарды аралап, сабаққа келмеген оқушыларды анықтап, есепке алады.

    –Мамандығым – мақтанышым. Бұл салаға өз қалауыммен келдім. Оқыдым, үйрендім. Енді  жемісін жеудемін. Халқыма  пайдам тисе деп армандайтынмын.  Шүкір, мақсатыма жеттім. Аудан келіп жатқан шақта өзімдей жастарды ауылға келіп еңбек етуге шақырамын,– дейді ағынан жарылған дәрігер. Біз де Жансаяға жұмысына табыс тілейміз.

Суретте: Жансая Сәкен жұмыс үстінде.

 Талаптыға  — нұр жауар

Әнге жаны құмар  

    Бүлдіршіндердің балдай тәтті қылығы мен былдырлаған тіліне  қызығасын. Шетінен өнерлі. Кішкентай жүректерінен ән арнап, мың бұрала билеуден шаршаған емес.  Сол бүлдіршіндердің ішінде балабақша мақтанышына айналған  әнші қыз Раяна Болаттың өнері бізді өзіне баурап алды.

    Әнші қыз ес білгеннен ел алдына шығып, ән айтқанды жақсы көреді. Оның талантын танып, жол көрсетіп жүрген Сұлушаш Қауқабаевадай музыка жетекшісі бар. Білікті маман әнші қызды сахнаға тәрбиелеп жүр.  Раяна, ән айтып қана қоймайды, өзіндей өнерпаздармен «Қара жорға», «Асатаяқ» сияқты қазақтың, өзге ұлт өкілдерінің билерін  нақышына келтіріп орындай алады.

Суретте: балабақша мақатанышы әнші қыз Раяна Болат.  

 

                                                                                         Кітапхана тынысы

                                                                                       Рухани азық ордасында

  Ақбөпе Әбдіманапова. 35 жылдан бері Н.Өмірзақов атындағы орта мектепте кітапханашы болып еңбек етеді. Жан азығы саналған кітаптарды ұқыптап сақтауда одан асқан шебер жоқ. Ұзақ уақытты еңбек жолында талай оқушыларды кітап оқуға тәрбиелеген   кітапханашының еңбегі елеуге тұрарлық.

   4200 әдеби  шығармалармен, 6500-ге жуық оқулық жинақталған  кітапхананың 230 тұрақты оқырманы бар. Гаджеттер жаулаған заманда  кітап оқылмайды деген  ұғым қалыптасқан. Бірақ онымен кітапханашы келіспейді. Өйткені   сөрені сірестірген әдеби шығармаларды кішкентай оқырмандары  қолдан-қолға алып оқиды.

Суретте: Ақбөпе Әбдіманапова. Өзінің кішкентай оқырмандарымен.  

 

                                                                    Ұстаз – шәкіртімен бақытты

 «Ұстаз – анаңнан кейінгі анаң, мектеп – үйіңнен кейінгі үйің» дейді. Асқан ғұлама да, ғарышкер де, президент те осы ұлағатты жандардың алдын  көрген. Қалам ұстатып, қанатыңды қатайтқан ұстаздар қандай  құрметке болса да  ие.

   Оқушылары қадірлейтін, әріптестері  сыйлайтын   Ләззат Бекбосын бір орында 19 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Озат та, білгір  ұстаз Н.Өмірзақов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Үлгілі оқушылары көп оның  жеткен жетістіктері аз емес. Алғыр да білімді оқушыларды барлық деңгейдегі байқауларға дайындап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыстық Ғылыми жобаға қатысқан шәкірті Ақерке Бижан, көркемсөз оқудан  Еңілік Сайлаухан, Ақжүніс Ғабиден  әр қашан ұстаздарының  үмітін ақтап келеді. Өзі тәрбиелеген    Айдана Исәдін, Толғанай Мәдоспан сынды шәкірттері бүгінде  өзі оқыған мектепте ұстаздық етеді.

     Суретте: озат ұстаз Ләззат Бекбосын.

                                                                                      Мектеп жетістіктері

   Әр жылдарда мектеп оқушылары облыстық пән олимпиадасында әр түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды. 2017-18 оқу жылында биология пәнінен 10 сынып оқушысы Қызғалдақ Ыбрайым облыстық пән олимпиадасында ІІІ- дәрежелі дипломмен марапатталды. Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу нәтижесінде Аудандық Кіші Ғылыми Академиясына жәке пәндер бойынша оқушылар қатысып, 5 жүлделі орынға ие болды. Тарихтан 8 сынып оқушысы Жәнібек Иманәлі 3- орын, математикадан Анара Жекен  үшінші орын, биологоия пәнінен Төлеген Жартыбай 2-орын  иеленді.

  Нұрбатыр Орынбаевтың жыл сайынғы жүлдесіне Дидар Ерназарұлы қатысып, ынталандыру сыйлығына ие болды. «Жылдың үздік мұғалімі» атты аудандық байқауда қазақ тілі пәнінің мұғалімі Назик Сейтбекова 3- орыннан көрінді. Ал «Дарынды балаға – талантты ұстаз» атты облыстық олимпиадада «Креативті мұғалім» номинациясы бойынша төртінші орынды жеңіп алды. 

  Мектепте республикалық, аудандық байқауларға қатысып топ жарған оқушылар көп. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты жасөспірімдер мен балалар арасында өткен республикалық байқауға қатысып, көркемсөз оқудан 10 сынып оқушысы Гүлдана Нұрғожа жүлделі  ІІІ орынды, ән байқауына қатысқан Ерсін Дүйсеқожа 2- орынды иеленді.

  Аудандық Бердібек Соқпақбаев  оқуына қатысқан Н.Иманәлі да үздіктер қатарынан көрініп, екінші орынды еншілеген. «Мәңгілік елдің мәңгілік жыры» тақырыбында бүлдіршіндер мен оқушылар арасында өткен республикалық  байқауда да бұл мектептің оқушылары осалдық танытқан жоқ. 1-11 сыныптар арасында көркемсөз оқудан, аспапта ойнау, дәстүрлі ән номинациясы бойынша мектептен 25 оқушы қатысып,  жүлделі барлық орыннан көрінді. Осы байқауда дәстүрлі ән номинациясы бойынша бас жүлде алған Кәусар Иса Алматы қаласында өткен республикалық «Жұлдызды қолтаңба» көпжанрлы телефестиваліне қатысып, үздік өнері үшін ІІІ- дәрежелі лауреат дипломымен марапатталды.    

 Мұражай мұраттары

С.Әшімбаев атындағы өлке тану мұражайында

   Алақандай ауылдың абыройына айналған белгілі әдебиеттанушы, сыншы, тележурналист Сағат Әшімбаевты білмейтін қазақ жоқ шығар. Ол кісі туып өскен ауылға аяғымыз тиісе мұражайға бас сұғатын әдетіміз бар. 

  Арнайы көшпелі редакция екенін естіп мектеп директоры жас та болса бас болған Жақсылық Үсенов  оқушыларымен кездесу ұйымдастырды. Әдебиетке, журналистика саласына құрметпен қарайтын басшының  сөзін  қуана құп көрдік.

    Сөз алған мектеп директоры бізді  таныстырып, газеттің тарихына, журналистика саласына тоқталып, аз-кем әңгімеледі.

   Сыншы Сағат Әшімбаев, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт,  Төлен Қаупынбаев, ақын Биғайша Медеуова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоққожа Қожағұлов, журналист Дүйсен Мағлұмов, Дүйсен Досымбаев сынды және олардың артынан  ерген жазушы Бейбіт Сарыбай шыққан өлкенің тасы да, тауы да қымбат екенін еске алдық. Солардай болу үшін  дәстүрлі жалғастық ретінде оқушылармен кеңінен сұхбаттастық.

   Сырттан келген біздерге имене қарап, үйрене бастаған әрбірінен өзімізді көргендейміз. Алғыр да, ұяң олармен сұхбат құрған шын мәнінде оңай емес. Ақ қағаздай тап-таза өздеріне  ақыл айту бізге қаншалықты сын екенін ерекше сезіндік. Қасиетті қара шаңырақ «Хантәңірі» газетінен келген соң, алыптар шыққан абыройлы орынның әруағын асыру мінсіз міндетіміз санадық.

  Жиырма бір жылдан кейін еншісін алған ауданымыз қайта келгенде газеттің рөлі  жоғары болуы заңдылық. Сондықтан қолға алған ісімізден ірілік таныту,  оқырманның ойынан шығу  қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін жасырмаймыз. Міне, осы бағытта өрбіген әңгімеміз оқушыларға ерекше әсер берді. Шетінен жасқанбай  сұрақтарын қойып, газеттің жұмысымен  таныс болды. Біз де өз тарапымыздан мамандық таңдауда қателікке жол бермеу үшін  әзірден әзірлік жасауларын айттық. Мейлі сен дәрігер бол, мейлі ұстаз,  қарапайым күзетші бол, алдымен  адамгершілік деген қасиеттің қажет екенін  түсіндірдік.

  Аудандық газетті оқитын оқушыларға қарап риза болдық. Іштерінен журналист болам дегендерін  бастан сипап, арқадан қақтық. Қасиетті жердің суын ішіп, топырағын басып жүрген ауыл баласынан ақын-жазушылар шықпасына кім кепіл? Ұстаздардан кейін ұрпақ тәрбиелеу жолында біздің де орнымыз ерекше екенін осыдан-ақ түсінгендейміз.

    Жылы жүздесу  С.Әшімбаевтың атындағы  мұражайда жалғасты.  8 бөлімнен тұратын мұражай естеліктерге кенде емес.   Сыншының киген киімдері, ұстаған сөмкесі көз тартады. Алғашқы «Сағат ұшқан ұя» деп аталатын бөлімде сыншының әжесі – Ханымжан, атасы – Нұрбатыр, анасы –  Сейіпжамалмен басқа да отбасылық туыстары бейнеленген суреттер қойылған.

  Көрнекті сыншының «Сағат отбасында» деп аталатын бөлімінде жанұялық фотолары топтастырылған. «Студенттік шақ» деп аталатын бөлімде  академик Мұхаметжан Қаратаевпен түскен суреті, курстастары бейнеленген естеліктері жинақталған. Сондай-ақ Сағат Әшімбаевтың  дипломы, басқа да қызметтік құжаттары сақталған.

   Сыншының  «Сын мұраты», «Талантқа тағзым» сияқты алғаш жарық көрген кітаптары да осыннан табылады. Бұдан басқа  Сәбит Мұқанов, Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов, Тоқаш Бердияров  сынды әдебиеттің алып бәйтеректері, өзі қызметтес болған ұжым мүшелері бейнеленген есті естеліктер көз тартады.

     Әсіресе, мұражайдың бір керегесін қалаған екі жарым мыңға жуық кітаптар қызықтырды. Сыншы көзі тірісінде барлығын оқыған екен.

    Білімге жаны құмар оқушылармен өткен кездесуіміз осындай жылы естеліктермен есімізде қалды. Сыншы Сағат Әшімбаевтай болғысы келетін өрендердің өсіп келе жатқанына тәубе дедік. Оларға таудай талап тілеп,  суретке түстік.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password