Салық – өркениет үшін төлем

Ақпан айының ортасында мәдениет үйінде  кірістер басқармасының ұйымдастыруымен аудандағы  тұрғындармен жиын  өтті. Мұндағы мақсат – салық заңнамасын сақтау және оны орындау туралы кең түрде түсіндіру, насихаттау болатын.

  Ауданымыз жаңа құрылып жатқанда кез келген кәсіпкер білуге тиіс кейбір  салықтық заңнамалар сақталмауынан  үлкен  дау туындап  жатады. Сондықтан да  осы тақырып төңірегінде кірістер басқармасының басшысы Нұртас Хасенов  барлық сұрақтар бойынша түсіндіріп өтті.

   Уақыт өткен сайын заң өзгеріп жатыр. Еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз  ету Қазақстан Республикасының  Қаржы министрілігі оның ішінде мемлекеттік кірістер комитетіне  жүктелген. Осыған  байланысты  қарапайым халыққа жеткізу, түсіндіру жұмыстары оның баспасөз беттеріне жариялануы міндетті болып табылады.

  Ауданымызда 7 млн. 300 теңгеден астам (2015,2018, 2016, 2017 жылдары) көлік құралына қарызы бар адамдар тіркелген. «Судың да сұрауы бар».  Осыған орай салық төлеу мерзімінен кешіккендерге, мүлде  төлемегендерге  белгіленген соманы өндірудің жолдары мен айыппұлдары қаншалықты шығын әкелетінін көпшілігі біле бермейді.

    Кеңірек айтып өтейік.Төлеу мерзімі әр жылдың 31 желтоқсанына дейін  деп белгіленген. Егер кешіккен жағдайда біріншіден өсімі көрсетіледі, ал азаматтар мүлде төлемеген жағдайда кірістер органы салықтық хабарлама жолдауға міндетті.

   Бүгінгі таңда салықтық хабарлама электоранды түрде жүргізіледі. Бұл кез келген адамның алтын уақытын үнемдеуге үлкен көмек. Яғни, жолданған электронды хабарламаға қарамастан салық төленбеген жағдайда салық бұйрығы шығарылып, сот орындаушысына жолданады.

   Уақыт талабына сай жеке сот орындаушысы деген түсінік пайда болды. Ол алдымен өзіне жұмыс жасайды. Аталған жеке сот орындаушысының мерзімінде төленбеген салықты өндіргені үшін оның қызыметіне жүгінген азаматтан қосымша қаржы алады. Біріншіден бұл азаматтарды салықты төлеуге мәжбүрлейді, сонымен қатар полицияның көмегімен көлігіңізді автотұраққа қояды. Бұл сіздің салығыңыз төленіп болғанға дейін созылады және күнделікті қалтаңыз бен жүйкеңізді жұқартады.  Екіншіден, жеке табыс көзіңізден көлік салығы болсын, басқа салық түрлері болсын үйдегі заттарын (теледидар, тоңазытқыш, көлігін т.б) сатады. Бұған қарызы бар азамат тосқауыл қоя алмайды. Оған  заңның толық құқы бар. Сонымен қатар, зейнеткер адам болатын болса қажетті қарызын төлемеген жағдайда ай сайынғы зейнетақысынан ұсталады. Бұл жүйе   жалақыға жұмыс істейтін қарызы   бар азаматтарға да шартты түрде қолданылады. Мұның сыртында осы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізгені үшін сізге қызмет көрсеткен сот орындаушысына қызметі үшін еңбегін қалтаңыздан төлейсіз. Оның қызмет құны сіздің салық көлеміңізге байланысты болады. Яғни  25 000 теңге болса осыдан 25 % қосымша жеке сот орындаушысының қалтасына төленеді. Жалпы айтқанда өз мерзімінде төленбеген көлік салығына қосымша 6250 теңге шығын болады. Сәйкесінше 25 000 теңгенің орнына 31250 теңге төлеуге тура келеді.

  Аудан бойынша 561 адамның 311-не салық төлеуге бұйрық  шығып, сот орындаушысына жолданған. Жақын күндері осыған байланысты жеке сот орындаушысымен тиісті жұмыстар жүргізіледі. Арнайы  ішкі істер  қызметкерлері іске араласып, көліктерді тоқтатып, салығы төленген-төленбегенін анықтап, шара көреді.

  2018 жылы жер мен мүлік салығына уақытылы салық төленбеген екен. Өкінішке орай азаматтар салық төлеуде еренсіздік танытып, мерзімінен кешіктіріп алып жатады. Салық төлеу мерзімі әр жылдың 1-қазаны.  Бұл жөнінде де тұрғындармен кеңесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қарызды алдын ала төлеуге кеңестер беріледі.

   Жеке тұлғалардың салықтары оның ішінде жеке кәсіпкерлердің кірістер басқармасына тіркеусіз жұмыс жасауы заңмен қудаланады. Тіркеусіз кәсібін жүргізіп отырған азаматтардың тапқан табысы мемлекет пайдасына сот арқылы өндіріледі.

   Бұл жеке кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін қорқыту-үркіту емес.  Керісінше заң шеңберінде жұмыс жасауға үйретуге, біліктілігін арттыруға жетелейді. Негізінен  жеке кәсіп ашудың ешқандай  машақаты жоқ. Бұрынғыдай қағаз бастылық қиындығы алынып тасталған. Кәсіпкер ретінде тіркелем деуші азаматтар болса  жергілікті кірістер басқармасына болмаса ХҚКО-на  кәсіпкерлікті бастағаныңыз туралы хабарлама табыс етіледі.

  Кәсіпкерлікті жүзеге асырғандағы бюджетпен есеп айырысудың негізгі режимдері бар. Ол – патент негізінде салық режимі, декларация және шаруа мен фермер қожалықтарының салықтық режимдері. Осы салықтық режимдер арқылы жаңадан тіркелген кәсіпкер бюджетпен есеп айырысу режимін орындай алады.

   Әркім кәсіпкер ретінде зейнетақы жарнасын төлейді. Осыған сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшерінде 10 пайыз көлемінде бір айға төленеді. 2019 жылға белгіленген төменгі жалақы 42 500 теңгені. Осының он пайызы 4250 теңге. Бұл бір айға төленетін зейнетақы жарнасы. 12 айға 4250 теңгені көбейткенде 51000 теңге зейнетақы жарнасын төлеген болып табылады.

     Атап айтқанда Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол есеп айырысу  міндетті түрде бақылау кассалық машинасын қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл заңдылыққа өз кәсібін патент рәсімімен жүргізетін кәсіпкерлер жатпайды. Алайда жақын арада барлық кәсіпкерлер деректерді беру функциясы (онлайн) бар бақылау кассалық машинасын қолдануға міндетті болады.

  Қазіргі заңның талаптарына сәйкес бұдан былай патент режимінде жұмыс істейтіндер  қызметтеріне сәйкес бақылау кассалық машинасы бірте-бірте көше бастайды. Осыған орай, басқа ауылдардан бұрын аудан орталығына  хабарламалар таратылды. Бұның басты мақсаты – аталған бақылау кассалық машинасына сұраныс артқан сайын  құны артып келе жатқанын ескерту, алдын-ала қолжетімді бағада сатып алуға кәсіпкерлерді шақыру  негізінде жүргізілген болатын. Аталған онлайн БКМ «Қазақтелеком» АҚ-ның ALTEL және TELE 2 операторлық байланыс қызметі бар жерлерде орнатылуы тиіс. Аудан аумағында қос байланыс жүйесі болмағандықтан Нарынқол ауылындағы «Қазақтелеком» АҚ-ның ғимаратына барып, анықтама алуға болады.

    Бүгінде бақылау кассалық  машинасын орнату туралы тексеру нұсқамасы шығарылды. Сәйкесінше,  алдағы уақытта  бақылау жүргізілетін болады. Тексеру барысында кірістер басқармасы қызметкерінің қолында түп нұсқамасы және қызметтік куәлігі болу керек. Кірістер қызметкері сіздерді алдымен нұсқамамен таныстырады. Оған кәсіпкер белгіленген жерге қолын қояды. Қол қойылған нұсқаманың көшірмесі кәсіпкердің өзінде қалады. Рейдтік бақылауда тексеріліп отырған жердің тіркеуде бар-жоқтығы анықталады. Егер тіркелмеген жағдайда кәсіпкерден  заң бұзушылық бойынша түсінік алынып, акт толтырылады. Одан кейін әкімшілік хаттама әзірленіп, аудандық сотқа жіберіледі.

  Алкоголь өнімдеріне лицензияның болу-болмауы  да қатаң қадағаланады. Егер рұқсат қағаз болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 463-бабына сәйкес 63125 теңге айыппұл төленеді. Заңсыз сатылған алкогольді өнімдер түгелдей тәркіленеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер білуге тиіс ілеспе жүк құжаттарының болуы шарт. Алкоголь өнімдерін (арақ, пиво, вино) сатып отырғандықтан міндетті түрде ілеспе жүк құжаттары сұралады. Ілеспе жүк құжаты тауар сатып алынған жерден беріледі. Ол туралы кәсіпкердің электронды жеке кабинетіне де хат жолданады. Кәсіпкер алкогольді өнімді сатып алғанын растайтын анықтама беруі тиіс. Егер аталған ілеспе жүк құжаты болмаған жағдайда ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 282-бабы бойынша 189 375 теңге айыппұл төлеуге міндетті.

  Әр кәсіпкер  сатып отырған тауарының қайдан келгенін, кім өндіргенін жақсы білу керек. Бұл әсіресе, темекі, алкоголь өнімдеріне тікелей қатысы. Аталған өнімдер акциздік таңбалармен белгіленеді. Ол осы өнімдерді жасап шыққан зауыттар мен өндіріс орындарының салық төлеп отырғанын  анықтайды. Сонымен бірге, сатып алған тауардың нарықта контрабандалық жолмен келген-келмегенін білуге мүмкіндік береді. Акциздік таңбасы жоқ тауарды сатқан кәсіпкерді  378 750 теңге көлемінде айыппұл күтіп тұрғанын ұмытпаған жөн.

  Осы және бұдан басқа да көптеген салық төлеу заңанамасына байланысты айтылды, түсіндірілді. Жиынға жиналған кәсіпкерлер өздерінің көкейде жүрген сұрақтарына, қажетті жауаптарын алды. Кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға кәсіп ашу жолдары ұсынылды.

 С.Мурасилов, «Хантәңірі».

 

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password