Ел алдындағы есеп

                                Өзекті  мәселеге  өрнек болды

аудан әкімі Жолан ОМАРОВТЫҢ аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есебінен

 

   Өткен  аптаның  бейсенбісінде Нарынқолдағы мәдениет үйінде аудан әкімінің жыл қорытындысы аясындағы есепті жиналысы болды. Ауылдық, аудандық, деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері аяқталып, аудан жұртшылығы алдағы атқарылар міндеттермен танысып, ауылдық округтерде  жыл ішінде істелінетін жұмыстар, алға қойған міндеттер толық сараланды.

  Айтулы  басқосуға облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов пен облыстық «Қазавтожол»  ұлттық компаниясының басшысы Жаңабай Қобландин келді. Аудан тұрғындары, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, кәсіподақ, қоғамдық ұйымдар, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мекеме, кәсіпорын, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

  Жиналған  қауым күн тәртібіне  қойылған «Ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылғы дамудың негізгі бағыттары туралы» аудан әкімі Жолан Омаровтың есебіне назар  аударды.

   Ауданның жалпы жер көлемі 711937 гектар. Ауданның құрамында 11 ауылдық округ, 20 елді мекен бар. Халық саны 41,8 мың адамды құрайды. Ауданда 22 білім беру ошағы, 2 өнер мектебі, 1 кәсіптік колледж, 5 балабақша, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 5 медициналық пункт, 9 мәдениет үйлері, 9 кітапхана мен 1 мұражай жұмыс жасайды.

  Ауылшаруашылығы саласына зор басымдық берілуде. Мәселен, 2018 жылы 25 млрд. 597 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,7  пайызды құраған. Ауданда ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын 509642 га жер бар. Әзірге пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы бағытындағы жер телімдеріне тексеріс жүргізіліп, 37405 га жер анықталған.

   Аудан әкімінің есепті баяндамасында Нарынқолдың брэндына айналған картоп шаруашылығы да ерекше сөз болды.  Екінші нан атанған өнімді жолға қою мақсатында  үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын ел-жұрт жақсы білсе керек.

  –Картоп тұқымын жаңғырту мақсатында 2 сервистік дайындау орталығы құрылып, 120 млн. теңгеге 236 тонна голландиялық «агрия», «сантэ» картоп тұқымдары сатып әкелініп, 70 гектар жерге отырғызылды. Картоптың әр гектарынан 300 центнерден 2360 тонна элиталы тұқым алынды. Осы тұқыммен картоп отырғызылған 70 га жерді алдағы үш жылда 4500 гектарға жеткіземіз. Картоп тұқымдарын сақтауға сиымдылығы 10 мың тонна болатын қойма салуға Голландиядан «Агрика» компаниясымен жұмыстар жүргізілуде,–деді аудан басшысы.

  Ағымдағы жылы екі сервистік дайындау орталығына 141,8 млн. теңгеге 6 трактор, 3 картоп комбайны, екі картоп қабылдау және үш іріктеу пункті мен қосымша қондырғылар сатып алынып, картоп жинау науқанында пайдаланылды.

   Сондай-ақ шаруашылық аралық каналдарын қалпына келтіру арқылы 6 мың гектар жер, ішкі шаруашылық каналдарын қалпына келтіру арқылы 3 мың гектар жер қайта айналымға енеді. Бұл жұмыстарды ескергендіктен 2019 жылы Үкірші каналының күрделі жөндеу жұмыстарына 88,9 млн. теңге бөлінді. Ал 2018 жылы Қаратоған каналына ағымдағы жөндеу жұмыстарына ауылшаруашылығы басқармасы арқылы 11,0 млн. теңге қаралған. Мұнымен қатар елді мекендер аумағындағы бұрынғы 6 су тоспаларын қалпына келтіру мақсатында облыстық құрылыс басқармасы арқылы ЖСҚ әзірленуде. Аталған  алты су тоспалары ретке келтірілсе 5850 гектар суармалы жер айналымға қосылатын болады.

  Жаңа ауданымыз үшін шағын және орта бизнестің маңызы өте зор. Бұл бағыт бойынша жұмыс жасап келетін кәсіпкерлер мен жаңа кәсіп ашып, жұмысын бастап жатқан азаматтарға да кең қолдау көрсетіліп отыр. Бүгінде 2634 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың ішінде нақты жұмыс істейтіні 2452. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бойынша 5 жоба жыл басында бекітіліп, барлығы  іске қосылған. Мәселен, Қақпақ ауылынан 18 млн. теңгеге, Қайнардан  11 млн. теңгеге тойхана салынған. Мұнымен қатар 5 млн.теңгеге Жамбыл ауылдық округінен «Шоғансай» моншасы мен Нарынқол ауылынан сегіз миллионға «Бай-хан»  кафесі ашылып, ел игілігіне берілсе, Сарыжаз ауылдық округінен 15 млн. теңгеге «Этно ауыл» жұмысын жандандырды.

  Жер жәннаты Жетісу жерінің көрікті де, көркем мекеніне айналған ауданымыздың тағы бір артықшылығын туризм саласымен байланыстыруға болады. Екінші Швецария атанған ауданымызда бұл бағыт бойынша  алдағы кезеңдерде елең еткізер істер күтіп тұр. Еліміздің ең биік нүктесі саналатын Хантәңіріне және мәрмәрланған ақ тастан түзілген мәрмар қабырғасын көруге құмартқан кез келген жанға жағдай жасалатын болады. Осы мақсатта биыл жолды жөндеу үшін ЖСҚ  жасауға 4,0 млн. теңге бөлінген.  Аталған жоспарлы жұмыстар бір ғана мәселені  шешіп қоймайды. Осының нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмендейтін болады. Мәселен, 2019-2020 жылдары «Шындал-Сан» ЖШС «Шоғансайда» демалыс үйлерді салып, халықаралық аңшылықпен айналысуды жоспарлауда. Жобаның жалпы құны 200 млн. теңгені құрап отыр. Күніне 80-100 адамды қабылдайтын орында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

  Ауданда 19 орта, 1 негізгі орта, 2 бастауыш мектеп бар. 2017-18 оқу жылында 19 орта мектептен 440 оқушы бітірген. Олардың 296-ы ҰБТ-ға қатысты. Жалпы алғанда ауданның ортақ баллы 95 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17,2 баллға жоғарылаған.

  Осы уақытқа дейін мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы Сарыжаз ауылынан 75 орынды, Қайнардан 25 орынды балабақша ашылған екен. Осы бір ілкімді істің қатарында Қарасаз ауыланан 50 орынды балабақша салу  жоспарда жоқ емес.

  Аудан әкімі қорытынды есепті баяндамасында денсаулық сақтау жүйесіндегі біршама жетістіктермен таныстырды. Негізгі сандарға тоқталатын болсақ, 2018  жылы  121,7 млн. теңгеге 13 медициналық аппараттар алынып, өз мақсатында пайдалануда. Шалғай жатқан аудан болғандықтан кейбір ауыр науқастарды қалаға, облысқа жеткізу жағы біршама қиындықтар туғызады. Ол  мәселені де оңтайлы шешу үшін  аудандық ауруханаға санитарлық авиация ұшағының ұшып қонатын жолағын салу үшін ЖСҚ жасауға 2,0 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, 10 санитарлық автокөліктер сатып алуға облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы 145,0 млн. теңге қаралған.

  Әр саланы бір жақты қарауға болмайды. Түйінді шешімін таппай отырған мәселелерге де кезең келбетімен көңіл бөлінеді. Көптің көкейінде жүрген толғақты мәселелердің ішінде селолық округтердегі дәрігерлік амбулаториялардың жай-күйі де жоқ емес. Осыны ескеріп Жамбыл ауылынан дәрігерлік амбулатория салуға 315,7  млн. теңге, Қақпақ ауылының дәрігерлік амбулаториясын жасауға 334,2 млн.теңге және аудандық аурухананың ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжат жасауға 22,1 млн. теңге бөлінген.

   Негізгі міндетті жұмыстар бойынша аудан әкімінің қорытынды есепті баяндамасы барлық салаларды түгелдей қамтып, істелінген жұмыстар мен алдағы міндеттерді  айқындап  берді. Мәдениет, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, төтенше жағдай қызметі мен құрылыс саласында да атқарылған жұмыстар назардан тыс емес.

   Ауданның тыныс тіршілігін қалт жібермей қадағалап отырған жұртшылық   жаңалықтан құр алақан емес. Жағатал жағасынан салынып, пайдалануға берілген жиырма үй, аудан орталығынан бастап, селолық округтерден бой көтерген  полиция пунктері, Шалкөде мен Таластағы қос спорт зал жыл ішінде істелінген жемісті еңбектердің бір парасы.

   Мұның сыртында ел ұмыта қоймаған  ерекше есте қалатын Қарасазда өткен ауыл шаруашылығына арналған семинарды айтуға болады. Төрт бірдей Кеген, Панфилов,Ұйғыр Райымбек аудандарының басын қосқан келелі жиында «Ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру  және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында  келісті пікірлер, келелі ойлар айтылды.  Еңбек өнімділігін көтеруге – түсімділікті арттыру, өндірісті цифрландыру , «ақылды технология» жүйесін дамыту арқылы ғана қол жеткізуге болатынын, ол үшін ауыл шарушылығындағы  жоғары  сұрыпты  тұқым мәселесіне ерекше мән берген жөн екенін алға тартқан еді. Елбасының рухани жаңғыру ұлттық жобасының аясында да  Нарынқол төрінде «Рухани керуен» жобасымен келісті кездесулер ұйымдастырылды. «Діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейік» атты үлкен басқосулар болды. Еліміздің батыры Бауыржан Момышұлының келіні, ұлт анасы, тәлім-тәрбиенің үлгісі ретінде Зейнеп Ахметқызы арнайы  ауданға атбасын бұрып, ел қуанышымен бөлісті. Игілікті істің қайта түлеген ауданымызда ерекше мәнге ие екенін көзімен көріп қуанды. Мұнымен қатар, ауданның абыз ақсақалына айналған Әлнұр Мейірбековтың «Әйгілі Әлнұр Мейірбеков» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Алыс-жақыннан келген қаламгерлер, жазушы-ақындар жаңа ауданның жаңа келбетіне сүйсініп, ақ баталарын арнады. Бірауыздан мәдениет үйіне қарымды қаламгер, драматург Баққожа Мұқаидың атын беруге, Байынқол өзенінің жағасын «Әлнұр Мейірбеков жағалауы»  деп атауды орынды ортаға тастаған еді. Осындай берекелі бастамаларды есепті баяндамада ел есіне салып қойсақ артық болмас.

   Сонымен, аудан  әкімінің жылдық қорытынды есебінен алда тұрған ауқымды міндеттерді жүйелі түрде іске асыруға бағытталған бастамаларды ел ерекше қабылдады.  Оны жиынға жиналған аудан тұрғындарының ыстық ықыласынан жақсы байқадық.

   Шалкөде ауылдық округіне қарасты Талас ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрлан Әкімбайұлы  сөз сөйлеп, аудан әкімінің қорытынды есебіне ыстық  ықылас  білдірді. Сонымен қатар, өзінің ойын  елбасының шекаралы аймақты нығайтудағы  сындарлы саясатын барынша іске асырып келе жатқанына рахметін айтты. Жастар атынан сөз тізгінін ұстаған  мәдениет  қызметкері Медет Байжұма тілек-ниетін өлеңмен өріп, жаңа ауданға келіп еңбек етем деген  жастардың  қадамына  сәттілік тілейтінін  жеткізді.

   Жиында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Естебекұлы аудан әкімінің қорытынды есепті баяндамасына көңілі толатынын айтты. Облыс әкімі Амандық Баталовтың  әр кезде жаңа ауданға деген кең қолдау танытатынын жеткізді. Аудан бөлінгеннен кейін туған жеріне келіп еңбек еткісі келген  азаматтардың көп  екеніне қуанып, ауданның болашағы жарқын болатынына сенім білдірді.

С.Нұрбақытұлы, «Хантәңірі».

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password