МҰҚАҒАЛИ АҚЫННЫҢ АНАСЫ

Нағиман   Батанқызы  жайлы  есімдегілер

Жалпы   Мұқағали  жайында  бүгінге  дейін  кім  қалай  қалам  толғаса  да, бәрі  де  шындық  пен  ақиқаттан  қаланып, малта  тастай  жұмырылған, болмысы  бөлек  дүниелер  тұрғысында  қалыптасқаны  талас тудырмайды. Ақын  туралы  айтылар  әңгіме, шертілер  шежірелер  мұнымен бітпек  емес. Әлі  де  жалғасын  тауып,жылды  жылға  ұзатып,  ғасырды  ғасырға  тоғыстыра  беретіні, тас  бұлақтай  арынды  жырлары, жырымен жымдасқан  тұмадай  тұнық  сырлары  кезең – кезеңімен  келген  ұрпақты тамсандыра, табындыра  берері  анық.

Мұқағалиды  өзім  көрмесем  де  оның  айналасындағы  өзі  пір  тұтқан

жақын  туыстарымен  аз  ғана  уақыт  бірге  болғаным, бір  шаңырақтың  астында  дидарласа  отырып, дәмдес  болғаным  есімде  қалып  қойыпты. Сол бір  естен  кетпес  елеулі  күндер  бүгінде  көз  алдымда  көлбеңдеп,ақынның туған  күні  қарсаңында  қолыма  қалам  алмасыма  қоймады. Сондықтан  да ақын  туралы  емес, анасы  жайында  қалам  тербегенді  жөн  санадым.

Журналист  болуды  қанша  армандасам  да  осынау  киелі  мамандықтың  оқуына  түсу  мен  үшін  алынбас  қамалдай  болды. Осыған дейін «қара  шаңырақ»  атанған  ұлттық  университеттің  есігін  екі  рет  ашып, тауым  шағылып  қайтқаным   бар. Жығылған  күреске  тоймайдының керімен  үйреніп  қалған  орынның  есігін  қағуға  тағы  да  әзірленіп  жүргенмін. Сол  күндердің  бірінде  туған  бөлем  Қызылорда  жақтың  қызына  үйленіп, аяулы  анам  бір  қиырдағы  құдалыққа  сапар  шекті. Бірнеше  күн  жолаушылап, жаңа  құдалардың  сый – құрметінен  әсерленіп  қайтқан  ол  кісі  бұл  жолы  бұрын  біз  естімеген  тың  жаңалық  та  ала  келді. Үлкен  бөлемнің  келіншегі  Мұқағалидың  екі  туып,бір  қалған  қарындасы  екенін  бұрын  білгенімізбен, ақынның  отбасы, туған – туыстарымен  ешқандай  арақатынасымыз  болған  емес.Міне, енді  құдалықтан  қайтқан  шешем  әпкесі  екеуі  Алматыдағы  Мұқағалидың анасының  үйіне  түсіпті. Көңілдері  жарасып, сыры  мен  мұңы  үйлесім тапқан  үлкендер  қызыл  тілдің  тізгінін  босатып, армансыз  әңгіме – дүкен құрса  керек. Әңгіме  арасында  анам  жазуға  әуестеніп  жүрген  баласы  жақында  оқуға  келетінін, емтихан  тапсырғанша  осы  үйде  жүре  тұруын Нағиман  анадан  өтініп, ризашылығын  алыпты.

Оқуға  тапсыратын  мезгіл  жетіп, дағдылы  әдетпен  артынып – тартынып Алматыға  бет  түзедім. Қағазда  жазылған  мекен – жай  бойынша  Абай  даңғылы  мен  С. Ковалевская  көшесінің  қиылысындағы  батыс  жақтағы  5 қабатты  үйдің  3- қабатына  табан  тіреп, есіктің  қоңырауын  бастым. Есікті орта  жасқа  келген, етженді, қара  торы  әйел  ашты. Келген  жайымды, кім екенімді  білген  соң  ішке  қарай  бастады. Бұл  кісі  осы  үйдің  отағасы,ақынның  өзіне  тете  інісі  Тоқтарбайдың  зайыбы  Бақыт  деген  жеңгей  екен.Заттарымды  қойып,жеңгейдің  нұсқауымен  екі  әйел  адамның әңгімесі  естіліп  тұрған  төргі  үйдің  есігін  имене  аштым.  Төргі керегеге  ұсталған  кілемнің  жоғары  жағын  ала  Мұқағалидың  қолдан  салынған,иегін  қолымен  сүйеп  отырған  бұрыннан  өзіме  таныс  суреті көзіме  оттай  басылды. Кілем  тұтқан  қабырғаға  сүйей  қойылған  төсектің үстінде  әңгімелесіп  отырған  екі  қарт  ана  сәлемімді  алып, жайымды  сұрады. Нағиман  ананың  суретінен  таныс  бейнесі  жанды  кейіпте  қарсы алдымда  отыр. Аққұба  өңінен  жылылық  шуағы  шашырап, ұшы  иіліп  келген  мұрнының  үстіне  қондырған  шынысы  қалың  көзәйнегінің  арғы  жағындағы  мейірімді  көздері  жан  дүниемді  бұрын  кездеспеген  әсерге бөлеп  жүре  берді. Ал, қасындағы  кейуана  Бақыт   жеңгеміздің  осы  үйге қонаққа  келген  шешесі  екен.Мән- жайыма  қаныққан  Нағиман  апам  ауылдың, үй-жайдың, шешемнің  амандығын  тасқаяқтай  қағыстыра  сұрап жатыр. Оқуға  келгенімнен  хабардар  екенін  айтып,аналық  мейірімін  де төгіп  жатыр. Кешкілік  жұмыстан  оралған  Тоқтарбай  аға  да  жатырқап, жатсынбай  жылы  қабылдап, ағалық  ақыл- кеңесін  білдірді.Бірге  тұрған аз уақыт  ішінде  көзім  жеткені – отбасындағы  үлкен – кішілердің  кіршіксіз таза  көңілі  болды. Халқы  талантына  табынған  арқалы  ақынды  өмірге әкелдім  деп  анасының  да, бірге  тудым  деп  бауырының  да, тіпті, сол  үйдегі  өсіп  келе  жатқан  бала-шағаның  да  кеуде  керіп  мақтанғанын,алқынып,  алшаңдағанын  көрген  емеспін. Бәрі  де  қарапайым. Сол  қарапайымдылық, мейірім  мен  қайырым, қамқаор  көңіл, ыстық  ықылас,күнделікті  тірлікті  місе  тұтқан  қанағатшыл  кейіп  үй-ішін  жылылық  нұрына  шомылдырып  тұрғандай. Сондықтан  болар, ауылдан

барған  туыс- туған, жекжат- жұрат, дос-жарандардың  ол  үйге  соқпайтыны некен – саяқ. Кім  қайдан  келсе  де  үй  ішінің мейір  шапағатына  шомылып,

әз  ананың  ақ  батасын  арқалап, риза  көңілмен  аттанатынына  талай  куә  болдым.

Нағиман  апамның  көркем  тілмен  кестелеп  айтатын  әңгімесі  тыңдарманның  құлақ  құрышын  қандырып,әсерге  бөлейтін. Өзі  туып-өскен өлкенің  өткен-кеткен  тарихы, отызыншы, қырқыншы  жылдардың  нәубеті, ел  басына  төнген  ауыртпалық  шежіре  боп  шертіліп, өзіміз  көрмеген  отты  кезеңді  көз  алдымызға  алып  келетін. Әңгімелей  отырып, зұлмат  жылдардың  бүгінгі  ұрпақтың  басына  қайта  келмеуін  тілеп  отырушы  еді. Ал, туған  жері  мен   еліне  деген  сүйіспеншілігі, тас  атқанға  ас  атқан  ақ  пейіл  қағидасы, адамдарға  деген  қадір – құрметі  ешкімге  ұқсамайтын. Ақиық  ақынның  бойындағы  адами  құндылыққа  толы  қасиеттер  осынау  өр  тұлғалы  ананың  қанымен  де, ақ  сүтімен  де  дарыған  болар – ау  деп  ой  түйсем  қателеспеймін.

Оқуға  келген  бұл  сапарымда  да  жолым  болмады. Бұған  Нағиман  апам  да, басқалар  да  өзімнен  кем  қиналған  жоқ. Үлкен  кісі  ақылын  айтып  бәйек  болғаны, көңілмді  жұбатуға  тырысқаны  есімде.

-Балам, алған  бетіңнен  қайта  көрме. Тауың  шағылып, жігерің  жасымасын. Жаның  аман  болсын. Алла  жар  болса, мақсатыңа  жетерсің. Келесі  жылы  қайта  кел. Оқуға  түсуіңе  мен  кепіл  деп  сенімімді  сергітіп, үмітімді  үкілегені  есімде.

Келесі  жылы  арманымды  арқалап  әз  анамның  шаңырағына  тағы  да  ат  басын  тіредім. Тағы  да  сол  аузын  ашса  жүрегі  көрінетін  ақ  пейіл  жандардың  ортасындамын. Серігім  сол  кісілердің  ыстық  ықыласы. Ертең  емтихан  деген  күндері  Нағиман  апам  алдын  ала  ақ  батасын  береді. Басқалары  жолыма  сәттілік  тілесе, Бақыт  жеңгей  балгерлігі  ұстап,  41 құмалаққа  жүгінеді. Алдын  ала  болжам  жасайды. Жарықтықтың  ашқан құмалағы  көбінше  жақсылыққа  жорылушы  еді. Көңілдері  кіршіксіз, ақ жарқын  жандардың  тілелері  қабыл  болып, өзім  армандаған  оқу  орнының студенті  атандым. Ойыңда  жүрген  нәрсенің  кейде  сол  қалпында  түсіңе енетіні  бар  ғой. Анасының  үйінде  жүргенім  әруаққа  аян  берді  ме, өң –түсін  көрмеген  ақын  ағам  бір  күні  түсіме  енгені  бар. Нағиман  апама  осы  түсімді  айттым.

-Балам, мақсатың  биік, талабың  таудай  екен. Ағаңның  әруағы  қорғап, қолдап  жүрген  шығар. Тегін  адам  емес  қой. Бірақ, талантын  берсе  де тағдырын  бермесін. Жолың  ашық  болып, алдыңнан  жарылқасын,

шырағым,- деп  батагөй  сөзін   айтты. Әйткенмен  ағамның  тағдырын  қайдам, таланты  маңдайыма  жазылмады. Әлде, күйбеңі  көп  күйкі  тірліктің шылауына  түсіп  кеттім  бе, болмаса, таланттың  кмдігі  ме, жас  жерортаға келсе  де  ештеңені  мандытпай  жүрген  жай  бар. Ал, оғаш  тірлігіме  ақын ағамның  да, әз  анамның  да  әруағын  күңірентуге  хақым  жоқ. Лайым, жандары  жәннатта  болсын.

Қарасаз  бен  Шалкөдеде  дүбірлеп  өткен  баласының  60  жылдық  тойына қатысқан  Нағиман  апам  тойдан  кейін  салқын  жонда  біраз  күн  дем  алып, туыстарымды  аралаймын, төркіндеріме  қыдырамын  деп  ауылда  қалған  болатын. Арада  20  күндей  уақыт  өткенде  Әдіке  Асанов  Қарасаздан  Тоқтарбай  ағаға « анаң  ауырып  қалды. Тез  кел, қалаға  жеткізу  керек» деп телефон  шалды. Тоқтарбай  аға  жұмысынан  сұранып, ауылға  баруға  сол  кездің  желден  жүйрік  көлігі  «Москвичті»  жалдап  келіпті. Көлік  иесі  орыс  екен. Кешкі  сағат  ондар  шамасында  жолға  шықты. Орысқа  сенбей, қасыңа  тағы  біреуді  ертіп  ал  деген  жеңгеміздің  сөзін  ағам  хош  ала  қойған  жоқ. Тек  маған, машинаның  нөмірін  жазып  алуды  тапсырды. Мен сыртқа  шығып, нөмірін   жазып  алдым. Ертесі  таңертең  Әбдіке  аға  екеуі  апамызды  үйге  алып  келді. Дәрігерге  қаратып, күтімелдегеннің  арқасында ол  кісі  науқасынан  айығып, бала-шағасының  ортасына  қайта  оралды.Үй –іші  мәре-сәре  күйге  қайта  толды.

Оқуға  барған  сайын,  басқа  жайға  түссем  де  ол  кісілерден  қол  үзген  емеспін. Сабақтан  бос  күндері  амандаса  барып, әңгімесін  тыңдап  қайтамын. Бірде  көшеде  кездесіп  қалған  шонжылық  курстасым  Қуанышбек  Қожахметовке  Мұқағалидың  анасына  амандасып  қайтуға бара  жатқанымды  айттым. « Қой, сен  ол  кісілерді  қайдан  білесің»,- деп  сөзім құлағына  тосын  естілгендей  қалып  танытты. « Сенбесең  бірге  жүр, қой емес, тай  бересің»,- деп  қалжыңдадым  да  ертіп  алдым. Ол  кезде  Нағиман апам  балаларымен  « Жетісу»  ықшам  ауданынан  берілген  көп  қабатты  үйдің  5- қабатында  3  бөлмелі  кең  де  жарық  үйде  тұрып  жатқан  болатын. Амандықтан  кейін  қасымдағы  жігіттің  өзіммен  бірге  оқитын жолдасым  екенін,өзімен  арнайы  амандастыра  келгенімді  айттым. Апам  риза  болып  қалды. Ал, ертегідей  естілетін  ақынның  анасын  көргеніне, ақ  баталы  тілегін естігеніне  жолдасым  тіпті  мәз. Ертесі  сабаққа  келісімен  кешегі  оқиғаны курстағыларға  майын  тамыза  жеткізіпті. Сабаққа  сәл  кешігіңкіреп  келген маған  бәрі  бейне  басқа  планетаның  адамын  көргендей  таңдана  қарап, Мұқағалидың  інісі  екенімді  «ішіме  сыйдырып»  қалай  жасырып  жүргеніме  кәдімгідей  наздарын  айтып  жатыр. Тағы  бірде  семейлік  курстасымды  да  ертіп  барып  таныстырдым. Өзі  де  өлең  жазумен  шұғылданатын  әлгі  жігіттің  кетер-кеткенше  Нағиман  апамнығ  қасынан шықпай  қойғаны  бар.

Нағиман  апам  1994  жылы  күзге  салым  қайтыс  болды. «Мен  өмірден көшкен  күні  абысыным (менің  шешемді  айтады) қасымда  болып, аяқ- қолымды   жазса»  деп  айта  беруші  еді. Ол  ойы  орындалмады. Өйткені сол шақта  шешем  өзі  де  қатты  ауырып, екі  дүниенің  ортасында  жатқанды. Әбдіке  Асанов  ақынның  ет  жақын  туыстары  аналарын  Қарасазға  әкеліп жерледі. Ал, Мұқаңның  80  жылдық  тойы  қарсаңында  ел  тізгінін  ұстаған азаматтар  бас  болып, ақын  анасының  басына  алыстан  мен  мұндалап көрінетін  кесене  орнатты.Бұл  үшін  оларға  ел- жұрттың  алғысы  шексіз.

Нағиман  апамыздан  кейін  өмір  сүрудің  өзі  заңға  симайтындай, ақынның  аяулы  жары  Лашын  да, Тоқтарбай  мен  Көрпеш  те, Бақыт  жеңгей  де, тіпті  менің  аяулы  анам  да  бірінің  артынан  бірі  бұл  дүниеден өте  шықты. Ақынның  80  жылдық  тойының  өтуіне  бір  жыл  қалып, дайындық  жұмыстары  қолға  алынып  жатқан  тұста  Әбдіке  аға  дәм  жазып  біздің  үйге  келгені  бар. Дастарқан  басындағы  әңгіме  үстінде  өзінің  сол  той  комиссиясының  құрамына  енгенін, тойдың  шақыру белетінің  біреуін  маған  міндетті  түрде  бергізетінін  айтып  аттанған. Айтпай  келіп  аяқтан  шалатын  ажал  шіркінге  дауа  бар  ма. Абзал  ағаға тай-құлындай  тебісіп бірге  өскен  ақын  досының  тойын  көруге  үлгіртпей,талдына  салып   айдап  жүре  берді.

Бүгін  ақиық  ақынның  туған  күні. Осы  бір  бүкіл  қазақ  атаулы  бір  желпініп  қалатын  айтулы  сәтте  қолыма  қалам  алып,Мұқаңның  өзі  туралы  емес, өзім  көріп, ақ  тілеуі  сөзі  мен ықыласына  бөленген  Нағиман  ана  жөнінде  есімдегілерді  қағаз  бетіне  түсіргенді  жөн  санадым.

Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password