Шоғансайдағы шатырлы лагерь

Шатырлы  лагердің ашылуына қатысуға  «Шоған сай» демалыс орнына жолымыз  түсетінін  естігенде қатты қуандым. Өйткені өзім  осынау  таулы  өңірдің  қызы болсам да,   бұл  аймаққа  табаным  тимеген  екен. Бұрын  осында  болғандардың  демалыс  орнының   көрікті  табиғатын  ауыздың  суын  құрта  суреттегендеріне сүйсініп, бір  көруге  аңсарым  ауып  жүретін   еді. Міне  енді  сол арманның  жетегімен  тау  қойнауын  бетке  ала  жолға шыққалы  тұрмыз.

  Кездесу орнына алғашқылардың бірі болып жеттік. Көп көліктің алдына түсіп тау сағасын бетке алып келеміз. Байынқол жайлауына кіргеннен тамаша табиғатынан көзімді ала алмадым. Бізді ең алдымен тау қапталын жапқан қалың қарағай, төмен қарай сылдырлай, сыңғырлай құлаған мөп-мөлдір тау өзені, қапталына өскен неше түрлі гүлдер қарсы алды. Гүлдеріне құшағымыз толғандай, иісі ғажап тұнық ауасынан жан сарайымыз ашылғандай күйде діттеген жерімізге жеткенбіз .

Бұйрық берілісімен әр мектептен келген лагерь оқушылары әп-сәтте шатырларын тігіп, қазандарын отқа көтерді. Осы кезде редакция ұжымымен  Шоған сайдың басына көтеріліп, әсем табиғатты тамашалап келген болатынбыз. Саф ауамен құмарым қанғанша тыныстап, әр гүлді бір иіскеп, бір сәт балалығыма оралғандай күй кештім. Сарқырай аққан тұп-тұнық өзендерінің де емдік қасиеті жоғары. Тәңір жаратқан жәннәт мекеніндей керемет өлкеде дүниеге келгенім үшін қуандым.  

Тау етегіне оралғанда, балалар саптарын түзеп, лагердің  ашылу рәсіміне қызу дайындық үстінде екен. Әр мектеп  өздерінің ұрандарын  әуелете  шырқап  жатыр. Салтанатты  жиынды  ашып, сөз тізгінін  қолына  алған аудандық білім бөлімінің бас маманы жоба жетекшісі  Ғалия  Бозымбаева  балалардың демалыстарының қызықты өтуіне тілектестігін білдіріп, қауіпсіздік ережелерімен де таныстырып өтті. Сондай-ақ, бұл шатырлы лагерьге ауданымыздың 19 ауылынан 1 -10 сынып аралығындағы  мектеп оқушыларынан 500 ге жуық бала қатысып жатқандығынан хабардар етті.  Әр мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері және медициналық қызметкерлер тартылып,  өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарап, балалардың қауіпсіздігін жіті бақылауда ұстады.

Осындай лагерлерді ұйымдастырып отырған білім бөлімі шатырлы лагерден бөлек мектеп жанындағы профильді лагерь, үш тілде жүргізілетін тілдік лагерь, көгалдандыру бригадалық лагерлерін ұйымдастырып, өскелең ұрпақпен Елордамыз Астанадан бастап, тарихи өңірлерге саяхат жасауда. Туған өлкемізбен, өңірімізде өсетін өсімдіктермен, гүлдермен, ағаштармен, жан-жануарларымен , Отанымыздың тарихымен таныстырып  еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін  ояту мақсатында жасап жатқан жұмыстары көптің көңілінен шығуда.

Осындай игі істерге мұрындық болып жүрген  аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғалия Бозымбаева, О.Жандосов орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сайлаугүл Кеңесқызы,  Көмірші орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Бағила Ырғымбаева  сынды ұстаздардың еңбектерін атап өткен орынды.  

Түскі астан кейін балалар әр түрлі ойындардан жарысқа түсті. Қарасаз ауылының оқушылары  Мұқағали   аталарының  өлеңдерін жатқа оқыса, Көмірші орта мектебінің оқушылары әннен шашу шашып, би биледі. Сөйтіп,  әдемі демалыстың ажарын  кіргізді. Бұдан  кейін топ жетекшілері бастаған лагерь оқушылары көркем табиғатымызды тамашалауға қарағайлы тауды бетке алды. Соңдарынан біз де ілестік. Оқушылармен  бірге  табиғат  сұлулығына  сұқтана  жүріп, бұрын  құлақпен  естіген  жайттарға  көз  қарықтырдық.Таудан   төмен  түскенде  алаулаған  күн  де  бүгінгі  міндетін  аяқтап, ұясына  қонған  еді. Жастар   ағаш жинап, лагердегі  айнала  қоршаған  шатырлардың  ортасына    алау жақты.  Алау  айналасына  топталып, бүгінгі   көрген  қызықтарын,демалыстан алған әсерлерін айтып, табиғаттың сұлулығына  тамсана ,  қызу талқылап, жарыса сөйлеп жатты.

Бір күн бірге болып біраз қызықтарына қанық болған редакция ұжымы, бір апта уақыттарын осындай әдемі де әсерлі етіп өткізетін лагерь оқушыларына қызыға қарап, қимай қоштастық…

                                                                                  Айнаш Әлдибек

                                                                                  Нарынқол ауылы

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password