Ұлағаты мол ұлттық ойын

Қыстың көзі қырауда Өрнектің топырағы езіліп, шаңы аспанға ұшты. Иә, Нарынқол ауылдық округіне қарасты маңда қос киіз үй бой көтеріп ұлттық дәстүрді ұлықтаған ұлы мереке болып өтті. Дүбірлі додаға жиналған тұлпарлар санында шек жоқ. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұлттық ат спортына қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Бұл сөзімізге дәлел де, дәйек те көп. Бір-бір арғымақты тақымдаған шабандоздар бойында ерекше шаттық, айрықша қуаныш.

Нарынқол ауылдық округі, ауыл азаматтары ұйымдастырған көкпардан ашық біріншілікке өңіріміздің біраз елді-мекендерінен келген қатысушылар дәстүрлі ойынның озық үлгісін көрсетті. Берісі Сүмбеден болса, арысы Ұзынбұлақ, Бөлексаз, Кегеннен келген көкпаршылар да көңіл тояттарлық көрініс қылды. Нарынқол ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қанат Ахметов бата беріп үлгісі зор үлкен тойдың шымылдығын ашты. Артынша сөз алған ауыл әкімі Жалғасбек Әділбеков айтулы тойдың үлкен деңгейде алғаш ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, көкпаршыларға сәттілік тіледі.

Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі жайлы аз-кем ақпарат бере өтелік. Қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталатын аталмыш ат спорты Шығыс елдері мен Ауғанстанда да кең тараған. Дегенмен қолы қарымды, ойын барысында дарынды қазақтардай тарту еш мемлекеттің бағына бұйырмаса керек. Қазақ көкпарына көңіл толып, көз қуанады. Соған бір дәлел аталмыш дүбірлі тойдың дүлділ тұлпарлары мен қайсар білекті, арыстан жүректі шабандоздар. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Осынау сыннан сүрінбей өткен, тұлпарлар тартысына түңілмей жеткен көкпаршылар көп жәйттан хабар берді. Көкпардың қос түрі жаппай және дода тартыс бойынша ептіліктерін ерекше аңғартқан шабандоздар екі күнге жалғасқан тойдың алғашқы сәтінде дода бойынша даралықтарын аңғартты. Жалпы саны 22 топтан тұратын шабандоздар көк серкені тақымға басты. Бірінен-бірі оза өнер танытып, тұлпар делебесінде бір-біріне дес бермеді. Дегенмен дүбірлі доданың алғашқы күні кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын жартылай финалға 10 топ жолдама алып, жеңімпаздар қуанышы жаппай тартыспен тамашаға ұласты.

Үлкен тойдың екінші күні ақ бата алынып, серке бауыздалып арнаулы алаңға командалар еніп, додаға көрік берді. Көпшіліктің көңілін асқақтатып, көкпар десе құмары қатты көрермендердің жігерін жанып, намысын көтерді. Командалар төрешінің хабары бойынша көк серкені жерден көтеріп, жеңіске қадам қылды. Бірінен-бірі асқан дүлдүлдер дүйім жұрттың қошеметімен дара шауып жеңіс тұғырына жетуге талпынды. Білек күші мен қарулы қайсарлығын танытқан Қарасаз ауылының көкпаршылары үшінші орын иегері атанса, Шалкөделік шабандоздар екінші орыннан көрініп, Қайнардың көкпаршылары бірінші жүлдеден бой көрсетті. Дүбірлі доданы ұйымдастырушы ауыл азаматтары мен Нарынқолдық көкпаршылар Талас ауылынан келген қатысушыларға төс байлап, келесі үлкен тойдың кезегін ұсынды. Көкпаршылар үшін арнайы ыстық тамақ дайындап, шай тасып, жүргізушілер жалдап,  жарыстың жақсы өтуіне жанын салған жергілікті шабандоз жігіттерге көпшіліктің алғысы төгіліп, рақметі көрінді. Дүбірлі доданы осы сиқынан ажыратпай дәстүрлі түрде өткізуді шешкен шабандоздар шаттыққа бөленіп, көк серкеге кенеліп, жаппай тартысқа шаба жөнелді.

Құралбек СӘБИТОВ «Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password