Жігерлі қыздың жеңісі

Ауылымыздың тумасы Гүлдана Жүністің жеңісін ел теледидардан Kazsport арнасы арқылы тамашалады. Қазақтың мақтанышына айналған ауданымыздан шыққан толайғай күш иесі Жасұлан Қыдырбевтың із басары нарынқолдық Гүлдана Жүніске де ел көңілі ерекше ауғандай.
7-ші сынып оқып жүрген талшыбықтай қызға екі ұйқтаса да ауыр атлетикамен айналысам деген ой түсіне де кірмеген. Мектеп қабырғасында би билеп, ән айтып жүрген жерінен оның осынау ауыр атлетикамен айналысуға қабілет-қарымы барын Талғат Әбеновтай азамат анық аңғарып, ұсыныс тастайды. Ата-анасы Қайрат пен Гүлназ тұла бітті тұңғыш қыздарының бұл спортпен айналысуға қызығушылық танытқанына еш қарсылық көрсеткен жоқ. Содан бері Шаңырақ ықшам ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп интернат колледжіне қабылданған жерлесіміз ауыр атлетикамен шындап шұғылданып келеді. Соның жемісі ретінде жақында ғана Талдықорған қаласында өткен ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдер арасында өткен чемпионатында жүлделі үшінші орын алып, ата-анасын ғана емес, бүтін ауданның атын алысқа жеткізді. 64 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан бұрымдылар арасында кіл мықтылар ішінен Әсем (101+127) көтеріп бірінші орыннан көрінсе, Карина Горичева (97+111) нәтижесімен екінші орынды жеңіп алды. Ал жерлесіміз Гүлдана Жүніс (79+102) келіні еңсеріп, жүлделі үшінші орыннан жарқырады.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы «Динамо» орталық кеңесі дене шынықтыру спорт қоғамы ұйымдастырған ашық біріншілікте 40 келі салмақта 35 бағындырып жүлдегер атанса, 2015 жылы ІІІ-ші Қазақстанның ашық біріншілігінде 48 салмақ дәрежесі бойынша қыздар арасында бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар ауыр атлетикадан 1999-2000 жылдары туған жасөспірім ұлдар және қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде қоссайыс нәтижесі бойынша 120 келі жинап, бірінші орынды жеңіп алды.
Осындай толайым табыстарының бірі ретінде Гүлдананың Таиландтың астанасы Бангкокта өткен ашық біріншілікте жүлдегер атанып, Қазақстан жалауын биікте желбіретіп келгенін ерекше айта кеткіміз келеді.
С.Нұрбақытұлы,
«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password