Спорт – сенің серігің, жанға дауа, қолға күш

Ауданымызда қысқы спорт түрлерін дамыту қарқын алды. Оның ішінде шаңғы тебу спортына ерекше көңіл бөлінуде. Біз тұратын аймақ таулы, қар қалың түсетін болғандықтан шаңғы спортына өте қолайлы.  Кез-келген жастағы адамға шаңғы жарысы сергектік пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Бұл спорттың арқасында адам бойында төзімділік, қайраттылық, күш –жігер сияқты қасиеттер қалыптасады.

Елбасымыздың қай бағдарламалық  мақаласын алып қарасақ та, спортқа  көп көңіл бөлетінін байқайсыздар. Расында дені сау ұрпақтан, батыр да намысты ұл-қыздар қалыптасып, елін жерін қорғайтын білімді болашақ тәрбиеленеді деп сенген болса, бүгінгі ауданымызда өткізіліп отырған шара сол сенімге селкеу түсірмеудің, дені сау қоғамды қалыптастыруда жасалынып жатқан игі бастамалардың бірегейі десек артық айтпаған болар едік.

Айтулы жарыс сенбінің сәтті күнінде ауданымыздың қақпасы саналатын Сарыжаз ауылының аймағында өтті. Шаңғы жарысын өткізудегі мақсат – спорттың бұл түрін барынша насихаттап, шалғай өңірлердегі тұрғындардың қызығушылығын ояту, шаңғы спортын дамыту болмақ. Аудан болып, бой көтергелі көптеген спорттық-танымдық бағдарламалар аясында біраз спорттық шаралар өткені дүйім жұртқа аян. Айтулы шараларды ұйымдастырып жүрген денешынықтыру және спорт бөлімінің басшылары мен мамандарының ерен еңбектерін ерекше айтып өткен жөн.

Бүгінгі шараның да өз деңгейінде әсерлі өтуіне мұрындық болған денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ербол Құлжабаевқа  көпшіліктің ықыласы ерекше болды.

Спорттық шараға , аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Рауанқызы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандық «Хантәңірі» газетінің журналистерімен бірге ардагер спортшылар да жарыс алаңынан табылды.

Ауданымыздың әр өңірінен 8 команда жасақталып, ерлер мен әйелдер арасындағы  жас ерекшеліктері бойынша бақ сынасты. Көз ілестірмей құлдиылдай сырғанаған шаңғышыларымыздың өнерін тамсана тамашалап, уақыттың қалай өткенін да байқамай қалдық.

Жарыс қортындысы бойынша , ерлер арасынан 18-23 жас аралығында Абай Мағжан бірінші болып мәре сызығын кессе, екінші Жайырбек Қуатбек, үшінші Айтақын Әсет сынды жігіттер жеңіске жетті.  24-30 жас көрсеткіші бойынша Біләл Мейіржан топ жарса, Мағжан Раванов пен Абай Нұрзат екінші, үшінші орындардан көрінді. 31-40 жас ерекшеліктері бойынша бақ сынаған спортшылардан мәреге Сарыбастаулық Молдағали Арсен бірінші жетсе, екінші Марат Ерлік, үшінші болып Алиев Берікжан үздіктердің қатарынан көрінді. Ал, 41-50 жас аралығындағы спортшылардан Сарыжаздық Жанасынов Болатжан бірінші орынды, Абу Мұрат екінші, Үшқұлақов Қайрат үшінші орынды иеленді. Ең қарт спортшыларымыздың өзі үздік өнер көрсетіп таңдай қақтырды. 51-62 жас аралығында бақ сынасқан спортшылардан Сұлтанғазиев Жанболат, Асанов Ердос, Біржанов Бекболат сынды жүйріктер үздік үштіктен көрінді.

Ерлерден қалыспай нәзік жанды аруларымызда өз деңгейінде мықты өнер көрсетіп, қошеметке бөленді. Қыздар арасында 18-23 жас аралығында Қойлыбаева Сымбат мәре сызығын бірінші болып кессе, кәсіптік колледждің арулары Рақымбаева Таңнұр мен Қапабаева  Гүлім сияқты арулар екінші және үшінші орынды иеленді. 24-30 жас аралығында қнер көрсеткен Сартбаева Айнұр бірінші болып келсе, Қыдырбаева Аида екінші, Разиванова Айсара үшінші орынға лайық болды. 31-40 жас аралығындағы спортшы қыздардан бірінші орынды Малаева Динара иеленсе, екінші орын Молдабаева Құралайға, үшінші орын Бөлебаева Жанатқа бұйырды. 41-50 жас аралығында жарысқа түскен арулардан Шалабаева Ельзира топ жарып, Құннанбаева Бағила екінші, Ибраимова Балауса үшінші орынға тиеселі деп танылды. Ал, 51-62 жас аралығында өнер көрсеткен арулардан Сарыбастаулық арулар Қырықбаева Баян мен Нұрышева Әлия апайларымыз озық шықты

Сондай -ақ, командалық жарыс есебі бойынша Сарыжаз ауылдық округінің спортшылары оза шығып бірінші орынға лайық деп саналса, екінші орынан  Сарыбастау, үшінші орыннан Қайнар ауылдық округінің спортшылары көрінді.

Тартысты өнер көрсетіп жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің дайындаған грамоталарымен, кубоктарымен және сыйлықтарымен марапатталды. Айтулы жарыста озық шығып, жүлделі орындардан көрінген спортшыларымыз алдығы уақытта облыстық деңгейде өтетін шаңғы жарысына жолдама алатын болады.

Тау өлкесінің тумалары тау шыңғысын ту етіп ұстап, әлі талай белестерді бағындырып, аудан абройын асқақтады деп сенеміз.

Айнаш Әлдибекова, Елдос Ахметжан (фото), «Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password