Білім ордаларын аралады

Етене жатқан ел-жұрттың тыныс-тіршілігі мен қам-қарекетін біліп, ауданда жүзеге асқалы тұрған жұмыс барысын хабардар етуді мақсат етіп жолға шыққан аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы мен білім бөлімінің басшысы Саят Үмбеталиев  аудандық «Хантәңірі» газетінің тілшілерімен бірге ауданымыздағы бірқатар елді мекендерді аралап қайтты.
Аталмыш сапардың басы Жамбыл ауылдық округінен басталды. Қаратоған мен Жамбыл ауылындағы білім ордалары мен балабақшалардың жылу жүйесін тексеріп, кемшін тұстарын толықтыруға жауапты адамдарға, ауыл әкімдігіне тапсырмалар берді. Сондай-ақ, асханалардың ас мәзірмен танысып, аспазшылардың жұмыс сапасы бағаланды. Мектептерде орналасқан бейнекамера қондырғыларының қызметі бақыланды. Кітапханадағы кітап қорларымен қатар, информатика сыныптарының жұмыс барысын қарап өтті. Мектеп ішінен ашылған шағын орталыққа бас сұғып ондағы бүлдіршіндердің жағдайымен де танысты. Тәрбиешілердің  бүлдіршіндерге  ойыншық тапшы екенін, көрпе -төсекті жаңартса деген ұсыныстарын ескеріп, келер жылдың бюджет жоспарына енгізілетін болды.

Сонымен қатар, үйден білім алатын 12 жастағы Нұрмұхамед Аружанның үйіне барып, жағдайымен танысып, кем-кетіктерін толықтыру міндеттелді. Жамбыл ауылының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері 102 жастағы Жансеріков Нұрғали ақсақалдың шаңырағына да бас сұғып, жағдайын сұрап, батасын алды.Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға осы күнде көмір жеткізілген. Әлеуметтік қызметкерлермен, жастар ресурстық орталығының мамандары  қыстық отындарын жаруға, басқа да шаруларын реттеуге арнайы жіберілетін болады. Алдағы уақытта бұл сапар ауданымыздың барлық округтерінде жалғасын таппақ. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, тұрмыс-тіршілігін түзетуді  өзекті мәселе  деп санайтын басшылар көзбен көріп, көкейге түйген жағдайлардың қашанда оң шешім табуына ықпал жасалатындығын, күрмеуі шешілмеген әрбір мәселе күн тәртібінен түспей, алдымыздағы жылы қаралатын қаржы көлеміне қарай үйлестіретінін айтты.

 

Айнаш Әлдибек

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password