Бүлдіршіндер қуантты

Іші бүлдіршіндердің күлкісі мен қуанышына толған «Қарлығаш» балабақшасында «Тәуелсіздік тұғыры» атты ертеңгілік өтті. Ертеңгіліктің ерекшелігі де сол қадірлі де қастерлі тәуелсіздігімізді балалар кішкентай жүректерімен жырға да, әнге де қосты. Намысты елдің ұрпағы екенін танытты. Ұлағатты отбасында ата мен әженің тәрбиесін алғанын көрсетті.
Тамыры терең тарихтан тартып, ел тәуелсіздігі жолында талайлы тар жол тайғақ кешулер болғанын бүлдіршіндерге үйретуден жалықпаған, балабақша тәрбиешілері Майра Есенова мен Баян Қасымбекованың білгір «Балбөбек» тобы өнерлерін ортаға салды.
Азаттықтың ақ таңы атқан тарихи сәтті өлең-жырларына қосқан бүлдіршіндерге қарап қуанасың. «…Құтты болсын еркіндігі, ата-баба арманы…» деген балбөбектіктер «Біз бақытты баламыз» әнін хормен шырқады. Көздерінен жалын ұшқан еркін елдің ұландары Отанды, елді, жерді сүйуге арналған жырларын одан әрмен жалғастырып, көпшілік көңілін көтеріп тастады. Мәншүктің орындауындағы «Отан» туралы өлең де жігерге толы үнмен жүректерге жетіп жатты.
Өздерін ел қорғайтын азаматтай жігер танытқан ұлдар да ешкімнен қалыс қалған жоқ. Кеңес Дүйсекеевтің «Солдат болам мен ертең» әнін барын сала орындап, қошеметке бөленді. «…Бір, екі, үш, Бойға жинап күш. Шынығамыз таң ертең, Солдат болам мен ертең…» деген тәп-тәтті тілдері мен үндеріне қарап қызықтық.
Бұдан басқа «Балбөбектік» өнерпаздар «флешмоб» биін билеп, өнерлерін жан-жақты ұсынды. Отан, әр адамның жүрегіне жақын екенін, қасиетті ұғым екенін өздерінше түсіндірді. Адамның туып-өскен жері, туыған-туыс, ағайындарымен бірге тұратын Атамекені болатынын білгендерімен ұқтырды.
Сонымен қатар үлкен топ тәрбиеленушілерінің де тәуелсіздікке арналғын «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты ертеңгілік болды. Жангүл Кенжеева мен Гүлжанар Ахметованың «Шұғыла» орта тобы тәуелсіздік баршаның орны ерекше тарихи мерекесі екенін түсіндірді. Ұйымдастырушылар балаларды елдігімізді танытатын рәміздермен Елтаңбамен, Тумен таныстыру үшін шағын видеоролик көрсетті. «Армандарды жақындатып тым алыс, біздің жаққа жеткен екен жылы алғыс. Егемендік – ел бақыты, ертеңі, О, халайық! Құтты болсын қуаныш!», деген бүлдіршіндердің арман-тілектерінен кейін «Шұғыла» тобы концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Барлығы «Балабақша» әнін хормен айтты. Бүлдіршіндер үйден әзірлеп әкелген тәуелсіздікке арнаған тақпақтарын әрқайсысы әсерлі жеткізді. Әсіресе, Отан туралы Інжудің, ту жайлы Маликаның, Елбасы туралы Жаналидің, бабалар ерлігін мен елтаңба жайлы Айзере мен Ақтөренің өлеңдері көпшілік көңілінен шықты.
Достарындай білімі мен талабын танытқан басқа да тәрбиеленушілер бірінен-бірі аса өнерлерін көрсетті. Рухымызды асқақтатып, намысымызды қайрайтын «Әрқашан күн сөнбесін», «Туған елім», «Отан ана» әндері де кішкентай бүлдіршіндердің кішкентай жүректерімен шырқалды.
Қазақ елім, туды жастық дәуірің,
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын Алыбым! – деген рухты бүлдіршіндер мерекені жоғары деңгейде өткізді.
Бір-бір үйдің төресі, ертеңгі тұтқа болар азамат екенін ескерсек бүгінгі балабақша жұмысы мен тәрбиешілердің еңбегі зор деп білеміз. Өйткені олар, болашақ ел сенер азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп өсіріп келеді. Және ол жұмыстарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

С.Күреңтай.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password