«Алтын қазына» әжелер ансамбліне 10 жыл!

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан орталығы Нарынқол ауылында «Ұлттық тәрбие мен бабадан қалған асыл мұра» атты рухани кеш, сонымен қатар «Алтын қазына» әжелер ансамбліне 10 жыл толуына орай салтанатты бас қосу болып өтті. Атаулы шарада «Кәсібім-нәсібім» тақырыбында көрме ұйымдастырылып он саусағынан өнер тамған қолөнершілер өз кәсіптерімен таныстырды. Моншақтан, ағаштан жасалған бұйымдар, қазақтың ұлттық саз аспаптары, ұлттық киімдер, құрақ көрпелер, кітап, сурет көрмелері халықтың қошеметіне бөленіп, көпті таңырқатты. Көздің жауын алатын көрмеден соң ауыл халқы әжелердің әсерлі концертін тамашалады. Кеш барысында әжелердің бір бойынан бірнеше өнерді байқадық. Ән қоржындарынан сырлы саз төгілсе, сандық, кебежелерінен түрлі қолөнер бұйымдарын кездесті¬ресіз. Сонымен қатар, облыстық, қалалық деңгейде өткізілген барлық мәдени шараларға белсенді қатысады. Әжелердің сахнаға, мерекелерге, кездесулерге киіп баратын ұлттық киімдерді ансамбль жетекшісі Заида Серғазықызының қолынан шыққан. «Алтын қазына» әжелер ансамблі 2008 жылы Нарынқол ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған. Құрамы 12 адамнан тұратын ансамбль 2015 жылы « Халықтық» атағын қорғаған. Ансамбль репертуарына ұлтымыздың тәрбиелік мәні зор, салт – дәстүрдің тереңінен сыр ашатын «Бастаңғы», «Тұсау кесер», «Тоқым қағар», «Көген түп» сынды сахналық көріністерін көрсетуде. Сонымен бірге ұлтық өнерімізді насихаттауда – айтыс, өлең оқу, сөз шеберлігі, шешендік өнерді насихаттауда халқымыздың данагөйлері Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Сырым, Асанқайғы, Бұқар жырау туындыларын халық арасына кеңінен насихаттап келеді. Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайын-туманың татулығын сақтауға септігін тигізетін, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы болып, жас келіндерді тәрбиелейтін, немере-шөберелерін алдына алып алып, ауыз әдебиетінің ертегі-жырларын айтар асыл әжелер бүгінде ауданымыздың «Алтын қазына» әжелер ансамблінде белсенді мүше болып, өздерінің өнерін халыққа паш етуде. Іші әнге, сырты сәнге толған әжелер ансамблін құрудағы басты мақсаттары – жастарға дәстүрлі халық әндерін насихаттап, оларды салт-дәстүр, ұлттық қолөнердің бай мұрасымен жақын таныстыру. Қазақылықтың қаймағын бұзбаған әжелер ұлттық үрдісті ұрпақ санасына сіңіруді парыз тұтады.

«Жылылық күннің көзінде, тәрбие әже сөзінде» демекші, өткеннің өнегесіндей бола алған өнерлі әжелеріміз ауданымыздың мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әжелер өнері, әжелер мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін табылмас тәрбие құралы. Ақ жаулық әжелерге халық алдында айдай болып жарқырап жүргені бүгінгі күннің басты келбетін айқындайды. Ғажап киесі, құдіреттің иесі, талай сұңқар түлеткен, жүз жырауы жыр төккен, толқыны мен топырағына кие дарыған Албандар елі ежелден жыр мен сырға бай өлке. Бүгінде бабалар аманатын арқалаған ұлағатты елдің ұрпақтары мирас өнердің шаңырағын шайқалтпай, өнерге деген көшелі қошемет пен ілгері ізетті жалғастыруда.

Ауыл әкімдігінің және қоғамық кеңестің қолдауымен, ұйымдастыруымен өткен бұл бастама алдағы уақытта әр ауылдық округтерде жалғасын таппақ. Ауданымызда 11 ауылдық округ болған болса әр айдың белгіленген күнінде әр ауылдың жанынан құрылған әжелер ансамблі қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрін насихаттап, аудан жұртшылығына өз өнерлерін көрсететін болады. Салтанатты кеште сөз тізгінін алған ардагер ана Бихан Кенебаева ансамбльдің құрылу тарихынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігін тілге тиек етіп, тереңнен толғап өтті. Кеш соңында ауыл әкімі Жалғасбек Әділбеков ақ жаулықты әжелерімізді құттықтап, ауыл атынан алғыс білдіріп, мақтау грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ аналар кеңесі мен ақсақалдар алқасы арнайы дайындаған сый-сияпаттарын ұсынды. 

Алды сексеннің сеңгіріне жетіп, арты елудің ауылына енді ат басын бұрған, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, ардақты ана, сүйікті әже атанып отырған өнер иелерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Аудандық «Алтын қазына » әжелер ансамбліне халық алдында айдай болып жарқырап, әуелеген әндерімен тамсандырып жүре берулеріне біз де тілектеспіз.
Айнаш Әлдибек,
Нарынқол ауылы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password