Атақты Нарынқол картобы брендке айнала ма?! — «Ол сөссіз солай болуы тиіс»- дейді Талғат Нүсіпқожаев бастаған өңір фермерлері

Жаныңды сүйсіндіретіндей жылы шуақты күндерімен биылға жылдың көктем айлары сәтімен жалғасты. Сәуір айы толассыз жауған ақ моншақтарымен көз алдымызда қалып барады. Бәрі тамаша, бәрі керек. Әсіресе, қасиетіңнен айналып қана кетейін қара жермен айналысып, қара жермен таңдарын атырып, керім кештерін күтіп, бар ғұмырларын соған арнап келе жатқан диқандар қауымы үшін қажет. Жерді бауыырына тартып, анасындай құрметтеп, баласындай күткен диқандардың биылғы жылдан да күтері көп.
Осындайда қарапайым халқының бар талап – тілегін жоғары қоятын, ел мен жердің тағдырын биікке көтере білетін облысымыздың басшысы, алтындай арқа сүйер азамаматымыз Амандық Баталовтың есімі жарқырай, еңбегі жаңа туған айдай даралана көрініп тұрады. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні қарсаңында жаңадан құрылған Райымбек ауданындағы Талғат Нүсіпқожаев басқаратын «Өрнек» шаруа қожалығының картоп қоймасының алдына сонау Голлондиядан 4 шетелдік алапат жүк тасығаштары 290 тонна таза элиталық картоп тұқымын сәтімен жеткізді. Бұл облыс әкімі А.Баталовтың Нарынқол өңіріндегі Талғат Нүсіпқожаев бастаған 2 картоп өсіретін кооперативтер үшін облыс бюджетінен 132 миллион теңге қаражат бөлдіріп, қолдау көрсеткенінің нақты жемісі еді. Сөйтіп, нарынқолдық диқандар үлкен қуанышқа кенелді. Оның қарсы алу рәсіміне, қуанышына Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров, республикалық дәрежедегі зейнеткер, Алматы облысының Құрметті азаматы, байырғы шаруашылық басшысы Кеңесбай Байқанов, Текес ауылдық округінің әкімі Гуля Кенебаева, өңірдің фермерлері қатынасты.
-Біздің басты мақсатымыз – бір кездегі атақ-даңқы дәуірлеп тұратын, брендке айналған атақты Нарынқолдың картобын қайта қалпына келтіру, жандандыру, өзегіне нәр, тамырына қан жіберу. Мен ауданға әкім болып тағайындала бастаған күннен осы мәселемен шынайы, жаң-жүрегімді, тілегімді жұмсай жұмыс жүргізіп келемін. Маған, өңірдегі фермерлерге қолдау көрсетіп отырған облысымыздың әкімі Амандық Баталовтың атына аудан халқықының алғысын жеткіземін. Алла қаласа, біз жылдың басында бірнеше шетелдік инвесторлармен келісім шарт жасастық. Таулы өңірдің өзінен картоптың тәтті қытырлағышын жасайтын зауыттар жасауға уәделескенбіз. Оның бәрі жүзеге асып жатса, Нарынқолымыз жаман болмайды. Жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз -дейді Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров қуана тіл қатып. Рас, таулы өңірде «Пай-пай шіркін?! Нарынқолдың картобын-ай?!» — дегізген картоп өсіруге негіз қаланып келеді. Оның бір кездегі Алматының халқын елеңдеткен,көңілдерін разы-қош еткен тамаша алтын ғасыры, алтын күндері қайта туады. Биыл аудан бойынша 5650 гектар жерге «екінші нанға» айналған картоптың берекелі тұқымы отырғызылады. Бұл істің басында алғашқы болып тілімізге оралған Талғат Нүсіпқожаев бастаған нарынқол өңірінің диқаншы жігіттері тұр.
-Біздің ісімізге дем берген, қолдау көрсеткен облысымыздың іскер басшысы Амандық Баталов ағамыздың атына шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Сонау Голландиядан 290 тонна «Санте», «Агрия» деп аталатын картоптың таза элиталық тұқымы келіп жетті. Аталған берері көп тұқымнан 50 гектар жерге өзім отырғызам. Қалғанын картоп өсіру бағытында құрылған 2 кооперативтің жігіттеріне беретін болам. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — демекші, облысымыздың әкімі А.баталов биыл картоп отырғызатын, өнімін жинайтын, жерді құнарландыратын жаңа технологиялық техника алып беру үшін 500 миллион теңге қаражат бөлдіретін болды. Бұл үшін облыстан тартып барлық жұмыс жүргізілуде. Тиісті құжаттары жасалуда. Шын мәнінде бар жұмыс жаңа технологиямен жүргізіледі. Қол күші азаяады. Бұл жұмыстың қарқынды жүргізіліп, өнімнің берекелеп артуына негіз қалайтын дүние. Сол үшін де қуанышымыз көп. Жұбанышымыз жетерлік. Бұл еңбек қуанышын тасытқан күндер болып тұр, бауырым!,-дейді «Өрнек» шаруа қожалығының жетекшісі, Райымбек аудандық мәслихатының депутаты, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Талғат Нүсіпқожаев. Бәрекелді! Талғат басқаратын шаруа қожалығы, картоп өсіретін құрылым сонау 1990 жылдардан картоп өсірумен тұрақты айналысып келеді. Аталған қожалық қазақтың неше түрлі элиталық тұқымын өсірді. Көсегесін көгертті. Қожалықтың өз алдына картоп тұқымына арналған ғылыми зерттеу лабораториясы да жұмыс істеді. Оның жұмысымен ғалымдар айналысты. Бұл туралы талай-талай жазғанбыз. Енді жұмыс қайта қарқын алады. Осы күні қуанышқа ортақтасқан аудан әкімі Жолан Омаров бастаған диқандар Талғаттың қарамағындағы картоп отырғызуға, тыңайтқыштармен әрлендіруге, картоп өнімін жинауға арналған түрлі техникаларды, шетелдік қуатты тракторларды көріп, тамашалады. Картоп қоймасын көріп, ондағы картоп тұқымын сорттауға, тиеуге арналған техникалардың жұмысын көрді. Мұнда қазір 35 адам жұмыс істеуде. Қожалық бойынша жалпы биыл 200 гектар жерге картоптың берері көп, берекелі тұқымы отырғызылады. Оның дені сонау Голлондиядан келген сарғыш түсті «Санте», «Агрия» тұқымдары болмақ. Голландиядан келген таза элиталық картоп тұқымын 4 жыл бойы отырғызып, өнімін алуға болады екен. Топ-томпақ, сырты жылтыр, сарғыш түсті, сондайлық таза сақталған қалпымен қолға тиген картоп тұқымын журналистік қызығушылығымызбен қолымызғы аялай ұстадық. Кеңесбай ағамыз өңір диқандарының еңбегіне жеміс тілеп, «Жаңадан құрылған аудан азаматтарының еңбектері жансын! Жауын көп болсын! Аудан диқандарының көңілдері тоқ болсын, уайымдары жоқ болсын!»- деп ақ батасын берді. Бұған бәріміз қуанып қалдық. «Бір кезде мен басқаратын миллионер Карл Маркс совхозы мың гектарға дейін сапалы картоп өсірдік. Картоптың әр гектарынан орта есеппен 140 центнерден, жекелеген картоп өсіргіштер картоптың әр жүз гектарынан 250-350 центнерге дейін өнім алды. Астықтың әр гектарынан 60 центнерге дейін өнім алынып еді. «Шіркін, Нарынқолдың картобын-ай?! «Нарынқолдың картобын-ай?!» -дескен қала тұрғындары көз алдымызда. Ол күндер ұмытылмайды. Ол күндердің де сабағын ұмытпай керек. Мен басқарған совхоз республикамыздың өзге өңірлеріне ғана емес, Өзбекстандық, Қырғызстандық ағайындарға да картоп тұқымымен көмектесіп, қолдау көрсеткен еді. Нарынқол картобын қайта түлеткелі жатқан азаматтардың қолдары қуаттты болсын»- дейді Алматы облысының Құрметті азаматы Кеңесбай Байқанов ақ жарқын, жылы жымиып тіл қатты. Рас, өткен жылдың ауанында Нарынқол өңірінен картоп өсіру бағытындағы 2 кооператив құрылған. Олардың жұмыстаы жаман емес. Осынау тарихи айтулы күні сол диқандардың бәрі аудан әкімінің жанында болды. Талғаттың қуанышына ортақтасты. Біз Сүмбе ауылынан келген Елжан Бестібаевтың, Нарынқол ауылынан келген Бауыржан Талқыбаевтың, Тегістік ауылынан келген Марат Себдайырдың, Текес ауылынан келген Мұрат Малдыбаев пен Ерсайын Сатылғанов пен Руслан Ретайдың аттарына жылы лебіз білдіргенді жөн көрдік. Алла қаласа, мамыр айының алғашқы күндерімен картоп отрығызу ісі сәтімен басталады. Оның көш басында «Әйгілі Нарынқолдың картобын қайтадан халықтық брендке айналдыратын боламыз»- деген Талғат Нүсіпқожаев бастаған диқан жігіттер тұр. Іске сәт ағайын?! Қолдарың қуатты болсын, диқандар!
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password