Біз біргеміз!

    Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдайдың енгізілуіне орай тұрғындар арасында алаңдаушылық байқалып отырғаны анық. Мемлекеттік деңгейде қабылданған шараларды қатаң бақылап, қиын сәтте мұқтаж адамдарға демеу беріп, қолдау көрсетуді көздеген «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Біз біргеміз» атты акция бастау алып, игі істің қолға алынғаны баршаға белгілі. Осыған орай облысымызда «Біргеміз Жетісу» қоры құрылып, көпшілікке қызмет етуге кірісті. Қор алдында мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету міндеті тұр.

Бір өкініштісі, кейбір азаматтар төтенше жағдайдың маңыздылығын түсінбей, мамандар берген нұсқаулықтарға әлі де құлақ аспай жүр. Алайда, төрткүл дүниеге қауіп төндірген жұқпалы дертке немқұрайдылық танытып, отбасымыздың, ағайын-туыстың, бала-шағаның өміріне қауіп төндірмеуіміз керек. Күн-түн демей індетпен күресіп, дерттің таралмауы үшін тер төгіп жүрген медицина, құқыққорғау органдары, әскери құрылым күштерінің және басқа да сала қызметкерлерінің жұмысына қолдау көрсетіп, қиын-қыстау кезеңде бар жігеріміз мен ынтамызды ортақ мақсатқа бағыттауға тиіспіз.

«Nur Otan» партиясының Жетісу жеріндегі өкілдері бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізуде. 19 наурыздан бастау алған «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында партия мүшелерінің, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының қолдауымен жиналған 12 миллион 363 мың 500 теңгеге азық-түлік, жеке гигиена заттары алынды. 19-31 наурыз аралығында «Nur Otan» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдары, «Jas Otan» жастар қанатының жастары мен еріктілері партияның «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» жобалары аясында 793 адамға антисептикалық құралдар мен медициналық маскалар және азық-түлік таратып, әлеуметтік жағдайы әлсіз жандарға лайықты көмек көрсетті.

Осылайша Жетісу жеріндегі жұртшылықтың көңілін күпті еткен COVID-19 вирусының бұдан ары таралмауы үшін шұғыл шаралар жалғасын таба түседі. Өйткені, күллі әлемнің назарын аудартқан жұқпалы дерт толастар емес. Оған бәріміз біркісідей жұмылып, бірлік танытқанда ғана төтеп береміз. Оның таралуын тоқтатудың тура жолы – үйден шықпау, мемлекет қойған шектеулерге мойынұсыну.

Ардақты ағайын, біз үлкен мақсат жолында жұдырықтай жұмылсақ қана ұлы күшке айналамыз. Сондықтан сын сағатта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды. Біз біргеміз!

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі

* * *

Елімізде коронавирусты жұқтырған адамдар санының күн санап көбейіп келе жатқандығына байланысты Алматы облысында осы қауіпті індетке қарсы жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нақты айтқанда, облыс әкімі арнайы штаб құрып, оның құрамына өз орынбасарлары мен денсаулық сақтау, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау, құқық қорғау және өзге де мүдделі органдардың өкілдерін енгізді. Аталған штабпен өңірдегі коронавируспен байланысты жағдай қатаң бақылауға алынып, тәулік бойы үздіксіз ақпарат жинақтау, мониторинг жасау және іске асырылып жатқан шараларды үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы жылдың 19 сәуірінде облыстық мәслихаттың қашықтық режимінде кезекті сессиясы өткізіліп, облыс экономикасын қолдау мақсатымен дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін республикадан жолданған жалпы сомасы 109,2 млрд.теңге көлеміндегі қаражаттың тиісті салаларға бөлініп берілуі мақұлданып, облыс бюджетіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Нәтижесінде облыстың өтпелі кезеңдегі өмірлік маңызы бар негізгі салаларының тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуіне жол бермеу үшін 20 мың уақытша жұмыс орнын құруға бағытталған жұмыс жүргзілуде. Денсаулық сақтау мекемелері індетті жұқтырған азаматтарды қабылдауға әзірленіп, медициналық қызметкерлердің барлығы дербес қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, коронавирустың таралуын болдырмау үшін аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №4 бұйрығымен шектеу шаралары күшейтілді. Аталған шешімге сәйкес облыс шегараларында қосымша санитарлық посттар орнатылып, өңірде жекеменшік көлік пен адамдардың жүруіне шектеулер қойылды.

Облыс басшылығы мен мәслихат депутаттары қолданып жатқан шектеу шараларының әрбір адам үшін елеулі қолайсыздықтар тудырып, көптеген құқықтардың шектелуіне әкеліп соғатындығын және белгілі деңгейде жұртшылық ішінде наразылық тудыруы ықтимал екендігін түсінеді және жергілікті жерлерде қалыптасқан жағдайдан толық хабардар, бірақ ұлтқа төніп отырған қауіп-қатерді еңсерудің басқа баламалы жолдары жоқ екендігін мойындауымыз керек.

Уәкілетті органдардың ұстанымдары бойынша әрбір азамат белгілі мерзім аралығында қауіпсіздік шараларын қолданып, шектеу шараларын мүлтіксіз орындаса, осы індеттің халық ішінде кеңінен таралуының алдын алуға әбден болады.

Бүгінгі таңда мемлекет жауапты азаматтарына сенім артады. Эпидемияны жеңудің бір-ақ жолы бар, әрбір адам өзі, өзгелер және бүкіл мемлекет үшін толық жауапкершілік алып, белгіленген шектеулерді сөзсіз сақтап, бүкіл қоғаммен бірлесе күресуге тиісті.

Республика Президенті Қ.Тоқаев 31 наурыздағы мәлімдемесінде дүрбелең тудыруға жол берілмейтіндігі, індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмектің көрсетілетіндігі, пандемияға қарсы күрестің алдынғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсетілетіндігі жайлы айта келіп, инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектің 10 пайызға индексацияланатындығы, сегіз жүз мың адамға тегін азық-түлік берілетіндігі, ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 70 млрд.теңге көлемінде қолдау көрсетілетіндігі жайлы айта келіп, ҚР Үкіметіне көктемгі егіс науқанын талапқа сай атқару үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд. теңге бөлу тапсырылғандығы, шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау шеңберінде жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелгендігі туралы хабарлады.

Жалпы айтқанда, облыс көлемінде Мемлекет басшысы берген уәделер мен тапсырмалардың уақытылы және толық көлемде орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс атқарылып жатыр. Коронавирусты жұқтырған және осы қиын-қыстау кезеңде зардап шекен азаматтардың барлығына мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіледі.

Әйгілі қолбасшы Александр Суворов өз уақытында «Тәртіп – жеңістің алғашқы нышаны» десе, Бауыржан Момышұлы бабамыз «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген екен. Осы ұлағатты сөздерді басшылыққа ала отырып, бүгінгі күні әлемдегі барлық мемлекеттердің тағдыры ауыр сынға ұшырап жатқан жағдайда барлық саналы азаматтарды төтенше жағдайға байланысты белгіленген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамын.

Сұлтан ДҮЙСЕМБІНОВ,

Алматы облыстық мәслихат хатшысы

* * *

Адамзат алқымынан алған осынау індеттің қасиетті жерімізге енген тұсында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сабырға шақыра, сақтыққа тарта отырып, ел-жұртына арнаған жүрекжарды мәлімдеме жасауы жанымызды жадыратып, еңсемізді көтеріп тастады.

Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз бар. Ежелден халықтың басына қауіптің қара бұлты үйірілгенде бірлесе күй кешер таза табиғатымыз дәл қазір сырттан да, іштен де аңғарылып-ақ тұр. Жоғары биліктің төтенше қабылдаған барлық сақтық және емдеу шараларын жұртшылық барынша түсіністікпен қабылдады. Әсіресе, таңды таңға ұластыра тынымсыз күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің жанкештілігіне тәнтіміз. Мұны терең сезінген кәсіпкерлер мен жекелеген азаматтар коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқан ақ желеңді абзал жандарға сыйлық ретінде қаржыларын аудару үстінде. Жалпы, атқарылған жұмыстар айтып жеткізгісіз.

Мемлекет басшысы пәрменімен құрылған коронавирус індетінің залалын азайту және экономиканы тұрақтандыру жөніндегі арнаулы штабтың жұмысы қалада да, далада да көпшілік көңілінен шығып отыр. Жергілікті жерлерде азық-түлік, өзге де ең қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі істерді өз көзімізбен көріп отырмыз. Артық-ауыс әңгіме жоқ. Әркім өз міндетін мүлтіксіз атқару үстінде.

Қасиетті Құранның «Инширах» сүресінің 5-6 аятында: «Әрбір қиындықпен бірге, сөзсіз, жеңілдік бар», — деп бірнеше мәрте ескертілгені бар. Елімізде қазіргі таңда сақтық шараларының күнібұрын қолға алынуының тиімділігі айқын аңғарылуда. Алланың рақымы түсіп, бұл сынақтан да есен-сау шығып, жайнақ ғұмырға жетеріміз хақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аталмыш мәлімдемесінде көрініс тапқан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету, инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялау, табысынан айырылған азаматтарды ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау, тегін азық-түлік тарату, шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босату, сондай-ақ, ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау және тағы да өзге айтулы жеңілдіктер қысталаң шақта сыр бермеуімізге жасалған үлкен қамқорлық. Алғысымыз шексіз!

Президентіміз өз мәлімдемесінің қорытындысында: «Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін», — деп барша қазақстандықтардың үмітін үкілеп қойды емес пе?! Ал, біз болсақ, өз тарапымыздан заңды түрде сайлап алған Президентімізге бек сенетіндігімізді ақ әлемге жариялай жеткізгіміз келеді!

Ерхан ЕЛХАН

* * *

Әлем елдерін әбігерге салған коронавируспен күрес жүргізуде ел болып ұжымдасып, сала мамандары мен халық қалаулыларының кеңесіне құлақ асып жатқанымыз көңіл қуантады. Қазақ жұрты секілді сауықшыл, жар астынан жау тап берер дегенге сенбейтін аса ақкөңіл, ақжарқын, той-дүрмек десе бір тамыры артық соғатын халықтың бірі итальяндар екені белгілі.

Бүгінде көне Рим күмбезін қара бұлт торлап алды. Желдей есіп жеткен кеселді пышақкесті тия алмай, халқының 100 мыңнан астамы сол вируспен арпалысып жатыр. Өйткені, олар қанша дамыған ел болса да дер кезінде осынау тажал іспеттес вирустың алдын алу шараларына көңіл аударған жоқ.

Әлемді алатайдай бүлдірген осынау дертпен арпалысып жатқан, қиыншылықта тұрған мемлекетті қаралағандығым емес, сабақ алу үшін айтып отырмын. Осы бір елең-алаң шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде жасаған шешіміне құлақ түріп, сақтық шараларына атүсті қарамаған халқымыздың ауызбіршілігіне ризашылығымды білдіргім келеді.

Сабырлық танытып, шыдамдылық көрсетсек, індет жойылады. Бірақ, індет деп жүріп әрбір азамат өзінің міндетін ұмытпаса екен дейміз. Ол, әрине, өзінің қандасының қамын, туысының тағдырын ойлау. Мемлекет басшысы атаған, ақ халатты абзал жандар нұсқаған дүниелерді орындаса, сақтық шараларына темірдей тәртіппен қараса өзі де, өзге де бұл вирусты жұқтырмас. Қуанарлығы, елімізде коронавирустың алдын алу шаралары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Әрбір қаланың күрежолдарына бақылау бекеттері орнатылды. Тәулік бойы қатаң тексеріс жүргізілуде. Бұл ел үшін, халық үшін жасалып жатқан дүние. Соны әрбір қазақстандық жете түсініп, өз үйінде, жақындарының қасында тағат-төзіммен осынау кеселдің күретамырына балта шабылуын тілеп отырса дейміз.

Тарих тізбегіне, бабалар жазбасының бұлың-бұлың бедеріне көз жүгіртсек, біздің халық бұдан да өткен қилы кезеңдерді бастан кешті. Ақтаңдақтар айғыздаған соқпақта сансыраған жұртымыз соңыра мұрадым мұратына жетіп отырмап па еді?! Міне, сол секілді әлем болып күресіп жатқан кеселді де ел болып еңсереміз. Тек әрбір қазақ, әрбір қазақстандық азамат сол алдағы атар жарқын күнге жақсылықпен қарауы, үміттенуі керек. Сенім бар жерде сырқат бой көрсетпейді. Үрей билеген жерде үміт үзіледі.

Тәулік бойы тыным көрмей ел үшін, әрбір азаматтың өмірі үшін күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға да ел болып алғыс айтуымыз керек. Адам жанының арашашысы болған олардың қызыметіне деген құрметіміз бұл тұста еселеп өскені аян. Мемлекет тарапынан да оларға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Сондықтан да ел болып біз үшін күресіп, сапалы қызмет көрсетіп жүрген олардың, әрбір ел азаматының алтын өміріне құрметпен қарап, карантиндер уақытында аяқталуына үлес қосуымыз керек. Ол үшін жалпыхалықты Мемлекет басшысының, сала мамандарының айтқан сөздерін орындауға шақырамын.

Сергек-сейдін шақта алаңсыз ғұмыр кешіп келе жатқан еліміздің осынау кеселді еңсеріп, баяғыдай тонның ішкі бауындай араласып, бір-бірімен арқа-жарқа базарлы күн кешері хақ. Өтпелі дүниеге бола дүрлігіп, сенімсіздікпен солқылдақтық танытып алмаған абзал. Халқымыз қашан да таудай тосқаулдарды рухымен, жігерімен, болашаққа деген ұлы сенімімен бұзып-жарып келе жатыр. Сондықтан да коронавирус кеселі де біз үшін, ұлы көшіміз үшін бірлігіміз сыналар шақ деп айтқым келеді. Қашанда халқымыз аман, бақуатты тіршілік кешсе екен дейміз. Ол үшін де тәртіпке бағыну, ауызбіршіліктен айырылмай, ұжымдасып іс қылу ләзім. Осыны қаперде ұстасақ, аз уақытта-ақ бұл індеттен іргемізді аулақ саларымыз хақ.

Әли АЛПЫСБАЕВ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты

* * *

Тағдырдың талай талқысынан өтіп, көптеген қиындықты басынан өткерген халқымыз көргені мен көңілге түйгенін мақал-мәтел, қанатты сөз ретінде кейінгіге қалдырып отырған. Бұл жөнінен халық мұрасы өлшеусіз байлыққа ие. Мысал ретінде Жаратқан Алла Тағаланың атынан айтылатын «Сақтаңсаң – сақтаймын» деген сөзді алайықшы. Түсінген адамға: «Ей, адам баласы, өзіңді қауіп-қатерге салма!» деген бұйрықты айтып тұр емес пе? Сондықтан, қазір елімізде қабылданып жатқан сақтық шараларына бей-жай қарауға болмайды.

Күллі әлемді дүрліктіріп, халқының саны миллиардтармен өлшенетін мемлекеттерді алаңдатқан COVID-19 вирусы расында адамзат үшін аса қауіпті індеттің біріне айналып отыр. Соған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сабырға шақырып, індеттің кеңінен таралмауы үшін үйден шықпай отыруды тапсыруы сол індетті тоқтату жолындағы өте маңызды қадам деп білемін. Өйткені, бізге қазір әрбір азаматтың амандығы, әрбір отбасының бүтіндігі аса қажет. Сол себепті, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында карантин жариялап, тез таралатын дерттің алдын алу мақсатында жасалып жатқан шаралардың өте керекті екендігін ұғыну аса маңызды деп білемін. Турасын айтқанда, бұл халықтың игілігі үшін жасалып отырған қадам.

Әуелден «Бірінші байлық – денсаулық» деп тәннің саулығын алдыңғы орынға қойған халқымыз: «Көзің ауырса қолыңды тый, ішің ауырса аузыңды тый» деп өскелең ұрпақты тыйымдармен тәрбиелеп, өмір жолына қажетті бағыт-бағдар беріп отырған. Міне, қазіргідей жұқпалы індет тарап жатқан кезде басы артық жүрістен тыйылу, үйден шықпай отыру мемлекет жүктеген міндеттің бірі екендігі белгілі. Тіпті, адамдарды уақытша қызметтен босатып, қауіпті аурудың таралуын болдырмау үшін өндіріс орындарының жұмысын тоқтатқандығы да сол мақсаттан туындаған маңызды шешім деп білу керек. Осындай кезеңде әрбір азамат өзіне артылған жауапкершілікті дұрыс ұғынып, ағайын-туысының, отбасының, бала-шағасының қауіпсіздігін сақтауы тиіс.

Бұл шынында қажеттіліктен жасалып отырған шара. Сондықтан оны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдауымыз керек. Өйткені, кәсіпорындардың жұмысын тоқтатып, өндірістің дамуын тежеу мемлекет үшін экономикалық тұрғыдан алғанда тиімсіз. Сол себепті, жауапкершілікті әркім терең сезініп, ел мен жердің амандығы үшін салынған тыйымды дұрыс қабылдауымыз қажет.

Осындай қиын күндерде еліміздің барша азаматтары көптеген игілікті істердің ұйытқысына айналып отыр. Төтенше жағдай енгізілген күннен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенділерінің күшімен 20 мыңнан астам бетперде тегін таратылды. Одан бөлек, Ассамблея мүшелері күнделікті қайырымдылық шараларын өткізіп, мұқтаж жандардың жай-күйін біліп, аса қажетті тауарларды жеткізіп берумен айналысып келеді.

Өз басым Талдықорған қаласындағы екі отбасыға кіріп, азық-түлік себетін таратып шықтым. Шынын айтқанда, қанша отбасыға қаншалықты көмек көрсетілгенін тіркеп, арнайы жазып отырған жоқпыз. Өйткені, мұндай қайырымдылық шаралары айқайлап айтпай-ақ істелуі тиіс. Осыны жақсы ұғынған Жетісу жеріндегі Ассамблеяның мүшелері, кәсіпкерлер өздерінің кәсіпорындарында жұмыс істейтін қызметкерлеріне күнделікті киетін бетпердеден бастап, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды көмектерді көрсетіп келеді.

Мұның өзі халқымыздың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсілінен бастау алатынын айта кеткен жөн.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі

* * *

Қазіргі кезде коронавирустен сақтану жолдары жайында ақыл-кеңес айтпайтындар кемде-кем. Интернетті ашып қалсаңыз ондай кеңестер өріп жүр десе де болады. Бірқатары көңілге қонады, енді бірқатары реніш туғызып, енді бірі еріксіз езу тартқызады. Денсаулық сақтау саласының маманы болмасаң да сол денсаулығыңа ауру жұқтырмай тұрып-ақ айтарлықтай нұқсан келтіретін ондай «кеңестерді» жазған адамның ой-өрісінің, білім-біліктілігінің соншалықты таяздығына, жұрт алдындағы жауапсыздығына налисың. Бұл жазылғандарға да аузын ашып, көзін жұмып тұрып сенетін адамдар арамызда жоқ деп кім айта алады?

Атағынан ат үркетін ғалым «Фейсбуктегі» парақшасында бетперденің (масканың) коронавирустен қаншалықты сақтайтындығы жайында ой толғайды. «Маска негізінен өзіңіз ауырып қалған жағдайда керек. Ол айналаңыздағы адамдарды сізден тарайтын инфекциядан сақтайды», — деп ауырмаса да, карантин талабын сақтап, бетперде тағып жүрген адамдарды кінәлағандай болады. Бұл жерде: «Әрине, ауырып қалғаннан Алла сақтасын, дегенмен ондай жағдай бола қалған күнде айналаңдағы адамдар аурудан аман қалса оңай олжа ма?» — деген ой көңілде қалады.

Коронавирус сырқатын қазірдің өзінде еңсеріп қалған, бұл орайда шын мәнінде үлкен жетістіктерге қол жеткізген Қытай халқы карантин кезеңінде бетперделік режімді, тазалық талаптарын, бір сөзбен айтқанда мемлекет талап еткен тәртіп ережелерін қатаң сақтады. Сырқатты жұқтырғандары да, ешқандай ауру белгісі білінбегендері де. Өйткені олар вирус жұқтырған адамдардың бойларында ешқандай ауру белгісі білінбеген күннің өзінде олардың әлденеше күн бойы ауру таратушы болуы мүмкін екендігін жақсы білді. Содан кейін де миллиардтан астам тұрғыны бар байтақ өлкедегі қауіпті індет салыстырмалы түрде алғанда аз уақыттың ішінде құрықталды. Ал, біздегі жағдай қалай?

Рас, демалыс күндері аулада ойнап жүретін балалардың қатары кейінгі күндері айтарлықтай азайды. Дегенмен, ара-тұра ештеңе болмағандай ойын қызығына алаңсыз беріліп кеткен балдырғандарды көріп қалуға болады. Ол аздай кішкентай сәбилерін көтеріп алып қонаққа келе жатқан отбасылары көзге шалынады. Көпшілігі бетпердесіз.

Автобустағы жағдай да мақтанарлықтай емес. Бетперде кигендердің қатары көбейе бастаған, әйтсе де жерлестеріміздің бір бөлігі әлі де жайбарақат. Ондайда «Бұл маска жоқтықтан ба әлде қанымызға сіңген жайбарақаттықтан ба? Осы бір жайбарақаттығымыз ертеңгі күні жарға жығып жүрмес пе екен?» деген ой көңіліңе оралмай қоймайды. Мұндайда коронавирус жайлап алған Италия мен Испания сияқты елдерден келіп жатқан бейне ескертпелер көз алдыңнан көлбеңдеп өтеді. Біздегі кесел аталған елдердегідей кең жайылмай-ақ қойсын, бірақ, Алла тағала да сақтанғанды сақтайды емес пе? Мұндай еренсіздігімізге жол болсын?!

Коронавирус сырқатын жұқтырған бір жерлесіміз басқа өңірге құдалыққа барып қайтыпты. Енді бірі көрші елдегі жақын туысының той қызығын бөлісіп келген. Теледидар жетпіс шақты жерлесіміздің Үндістанға барған туристік сапарларынан қайта алмай қалған жанайқайы жайлы хабар көрсетіп жатыр. Мұның бәрі коронавирус жайлы жаманат хабар кең таралғаннан кейін болған жайттар. Басқа басқа, дәл осындай алмағайып кезеңде құдалық пен той сапарын, әсіресе туристік саяхатты сәл кейінге шегеруге болмас па еді, ағайын? Бір туыстың көңілін қалдырмайын деп айналадағы басқа ағайынның бәрінің басын қауіп-қатерге байлағанымыз қалай болады?

Бір қандасымыз әлеуметтік желіге бетперде тағынып, қорғаныш қолғабын киіп жүруге айналасындағылардан «ұялатынын» жазыпты. Оның несі ұят? Қайта карантин кезінде бетперде мен қолғап кимей жүретіндер ұялуы керек емес пе?

Осы жерде бетперденің пайдасы жайындағы алғашқы әңгімемізге қайтып оралудың орайы келіп тұр. Бұл жерде британдық дәрігер-инфекционист Грэм Медли ұсынған коронавируспен күрестің жаңа әдісі, замандастарына беріп отырған әдеттегіден өзгеше ақыл-кеңесі жайында айтып өткіміз келеді. Грэм Медли пандемия кезіндегі әр адамның дұрыс іс-қимылы індеттің одан ары таралуына тоқтам бола алады деп есептейді. Оның пікірінше, пандемия кезінде әр адам өзін ауру жұқтырған адамның орнына қойып, соған орай індетті одан ары таратпауға, басқа сөзбен айтқанда айналасындағыларға, өзінің жақындарына жұқтырмау жолдарын ойластыруы тиіс. Әр адам мәселенің осы жағына күш салғанда, яғни вирусты одан ары қалай таратпауды ойластырғанда ғана індетпен күресте үлкен жетістікке жетуге болады.

Демек, әрбір замандасымыз қолын жуар кезде немесе медициналық бетперде киер шақта, есіктің тұтқасын, басқа да ортақ тұтынатын дүниелерді зарарсыздандырғанда коронавирусты басқаларға, соның ішінде өзінің отбасы мүшелері мен ағайын-туыстарына, достары мен әріптестеріне қалай жұқтырып алмауды ойластыратын болады. Адамда одан артық қандай мақсат, қандай парыз, мүдде болуы тиіс?! Осылайша, жаңағыдай медициналық маска, бетперде санаулы апталар ішінде қатерлі індетке тосқауыл бола алады. Британдық дәрігер ұсынған әдістің ұтымдылығы да осынысында болып тұр.

«Осыған дейін ауырған жоқпын, мына ауруға да бой бере қоймаспын» деп жайбарақаттыққа салынбай өзімізді де, жақын-жұрағаттарымызды да індеттен сақтайық десек, жаңағыдай карантин талаптарын қатаң сақтауымыз керектігін қайталап жатудың қажеттігі бар ма? Бар ғой деп ойлаймыз. Өйткені, қатерлі індетті жұрт болып жұмылғанда ғана жеңуге болады.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері

Алматы облысы

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password