«Өнер адамы болу үшін диплом маңызды емес»

      Менің кейіпкерім – Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски» фильміндегі Бақдаулет образы арқылы халық қошеметіне бөленген Қажет Смағұл.

Сахнадағы өнер жолын Тұрсынбек Қабатовтың «Базар жоқ алаңы», «Көңілашар» атты әзіл-сықақ шоуларынан бастады. Одан бөлек өзінің « QS –PRODUCTION»  музыкалық студиясын ашып, «Регион – 05» атты liveband-тың продюссері атанған Қажет мырзамен өнер жолы жайлы әңгімелестік.

–Өнер адамы болуды  бала күніңізден армандадыңыз ба? Қаншалықты өз армандарыңызға жақындадыңыз?

100 пайыз жақындадым деп айта аламын. Әрине, өнер адамы болуды  бала кезден армандап өстік. Бала кезімде «сайқымазақ» болғым келетін. Шоумен, актер деген ұғымдарды онша түсінбей, бастысы адамдарды күлдіртсем деп ойладым. Одан кейін асаба болып, тойда жүрдім. Осылайша әзіл-сықақшы болып, актерлік салаға да бет бұрған жайым бар. Қазір Аллаға шүкір ,елді күлдіртіп жүрміз.

– Сіз сомдайтын персонаждардың көбісінің мінезі көңілді, ауылдың аңқылдап қалған қарапайым баласы. Өзіңіздің мінезіңізбен қаншалықты ұқсастық  бар?

Білмеймін (Күлді). Персонаждармен ұқсастығым әрқашан көңілді болып жүретінімдігімде шығар. Біреу айтады қарапайымсың деп, әрине қарапайымдылықты  Алла  жақсы көреді. Өзімізде ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласымыз ғой.  Мінезім ауыр деп айта алмаймын, бірақ кейбір достарым айтады, «басыңнан сөз асырмайсың» деп. Өзім бала кезімнен сондаймын, менікі дұрыс деп жүрген адамбыз. Дегенмен де біреудікі дұрыс болып жатса, оны мойындаймын. Шынайылықты жақсы көремін.

– Ал осы образдарды сомдауда қандай қиыншылықтар болды?

Негізі кино саласы болсын, театр саласы болсын ең ауыр рөл – тентектің рөлі, бұзақының рөлі және жағымсыз кейіпкер дейді ғой. Сонда да осындай образдар менің жандүниеме жақын. Сондықтан түсірілім кезінде айтарлықтай қиындықтар туындамады.

Образ демекші, тарихи фильм немесе сериалдарға түсу ойда бар ма?

Менің армандарым көп емес, бірақ сол армандарымның бірі тарихи кинода, басқа жанрда ойнап көру. Актер болғандықтан өзімді мүлдем басқа қырымнан сынап көргім келеді. Батыр болмаса да, сұмырайдың рөлін немесе дуананың образын ойнасам деймін. Кез келген ұсыныс болса, ақшасына да қарамай қабылдауға дайынмын.

Өнер жолынан мүлдем кету ойыңызда болды ма?

Басында болды. Көп жастар сұрайды, «Қажет аға, сахнаға қалай шықсам болады? Қалай киноға түссем болады?»- деп. Ең бірінші армандау керек және сол армандауды өлтірмеу керек. Әрекет етсең,берекетін береді. Мен кезінде қатты қиналдым, басқа жұмысқа кетіп қалсам деген ойлар да болды. Астанаға жаңа көшіп келгенімде театрға кіре алмай, құрылыста да істеген күндерім болды. Бірақ өнерді ешқашан тастамадым, өйткені арманды өлтірген жоқпын, арманым жүрегімде болды.

Сұхбаттарыңыздың бірінде жоғарғы білімім жоқ деген екенсіз. Өнер адамы болу үшін диплом маңызды ма?

Бұрындары Кеңес Өкіметі кезінде маңызды болатын. Арнайы оқу оқып барып, қызмет атқару кажет болды. Ал, менің ойымша қазір маңызды емес. Әрине, егер жоғарғы жақта қызмет атқарсаң, бір қағазың болу керек. Мысалы, мемлекеттік театрларға кіре алмайсың. Бірақ, өнерің болса жерде қалмайсың, кез келген жерден шыға аласың. Бастысы Алланың берген  талантымен ынта керек. Өзіңнің таңдап алған мамандығынды жақсы көру керексің. Және жастарға тағы айтамын армандау керек, армандар барлығына жеткізеді.

       Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан: Аружан Әбдуғаппар,  ХАТУ  студенті.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password