ӨМІРІ ӨЛЕҢІМЕН ӨЗЕКТЕСКЕН… Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, аудан әкімі

Менің тойым болады, Болдырамын.

Тамашаға сол күнді толтырамын.

Ат берсем де ауылдан таңдап тұрып,

Ақ жұмыртқа ақ боз үй алдырамын.

Ақ боз атты құрбанға шалдырамын.

Көптен бері құлағы бұралмаған,

Бағы ашылар сол күні домбыраның.

         Осынау жыр шумағы — тірлігінде бар ғұмырын поэзия атты ұлағатты ұғыммен тығыз байланыстырып, артына атағын емес, өлмес мұрасын қалдыруды мұрат еткен Мұқатай Жылқайдарұлының тебіреністен туған өлеңі екен. Шыннан зейін қойып оқыған адам осы бір өлең жолдарынан ақынның таланты тасты жарған тау суындай арынды, арманы асқақ, алдына қойған мақсаты айқын екенін анық аңғарар еді. «Ақындар бар амалсыз бұғып өткен, ақындар бар ішінен тынып өткен» деп ақиық ақын Мұқағали айтып кеткендей, Мұқатайдың өлең өлкесіне ат басын бұрып, қалам тартқаннан бергі өмірі бұғып та, тынып та өтпегенін оның поэзиясымен етене танысқан адам айқын аңғаратыны анық.

       Аспантау аясындағы Сарыжаз ауылында өмір есігін ашып, балалық, жастық шағын қасиетті Қарқара жерімен байланыстырған ақын өмірі мен тағдыры адам қызығарлықтай болмаған екен. Маңдайына жетімдікті жазып, мойнына жоқшылықтың қамытын кигізген қатал тағдыр азабы мол, соқтықпалы-соқпақты сүрлеуден тұратын поэзия атты ұлағатты ұғымның да ауыр жүгін арқалатыпты. Бірақ, осынау екінің біріне бұйыра бермейтін ұғымды Алланың сыйындай қабылдаған ақын, саналы ғұмырында сол қасиетті ұғымға сызат түсірмеуді мият тұтты. Өмірдің ащысы мен тұщысы, пендәуи дүниенің керағарлығы. Адамдар арасындағы сыйласымды қарым-қатынас. Мін-мерез, қоғамдағы сан қилы құбылыстар, солақай саясаттың сойқаны. Адамгершілік, бауырмалдық, туыстық, қамқорлық, бостандық, тағы басқа да адами құндылыққа тән қасиеттер ақын өлеңдерінің өн бойынан көрініс тауып, оқырманына ой салады.

        «Пікір айтуға, көрген білгендерін,естігендерін жазуға әркім ерікті. Тек адал болайық. Абай болайық. Себебі, бүкіл халқымыздың атынан сөйлеген, солардың мұңмұқтажын, тарихта жырлаған дүлдүлдеріміз жайлы қателесіп, жалған пікір айтып, жаңсақ басуға ешкім право берген жоқ. Бұра тартсақ, келешек кешірмейді. Уақыт-қазы, тарих-таразы, әркімді өз орнына қояды»-деп замандастарына да, қалам толғаған әріптестеріне де үн тастауы, нені айтып, нені жазсаң да бәрінің әділ төрешісі болашақ екенін нақты көрсетіп тұрғаны анық.

Алабұртқан аспаным ашылады,

Ашылады, шуағым шашылады.

Тентектерден болмаса, тепеңкөктен,

Ешқашанда тумайды ғасыр әні,-деп өмір шындығын бір сәтте тыным алмай қаламына арқау етіп, келешекке мұра етуді мақсат тұтқан ақын жерлесіміз Мұқатай Жылқайдарұлының да дүниден озғанына 30 жылдың жүзі болыпты. Жалған дүние деген, қашанда жалған дүние ғой! Оған тосқауыл қоятын құдіреттің де күші жоқ. Ақынның бұған дейін де мерзімді басылымдарда жарияланып келген өлеңдері мен дастандары жаныңды баурап алатынын, оның ешкімнен кемістігі мен кемдігі жоқ ақын екенін бүгінде халық мойындап үлгерді. Бірақ тіршілігінде атақ пен даңққа құштар болуды жаны сүймеген ол тау перзентіне лайық талантымен тамсандыра білетінін дәтке қуат санады. Өкініштісі сол, тіршілігінде қолындағы асылдарын жинақтап, жыр жинағын шығаруға үлгере алмапты. Солай болса да, өлең өлкесіндегі еңбегі мен есімі елінің санасында сары алтындай сақталып, жүрек түкпіріне ұялап қалатыны анық.

Көз көргендер,

Аман бол, көз көргендер!

Көз көргендер, мен үшін өзгермеңдер!

«Мұқатай өлді» деген сөзге ермеңдер!-деп өзі айтып кеткендей, сұлу сырлы жырымен артына өлмейтін із қалдырып, өмірін өлеңімен өзектестіре білген ақын есімі халық жүрегінен мәңгілік орын тепкені ақиқат.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password