Өкініш

                                                                                    ӘҢГІМЕ

Ол мең-зең күйде отыр. Терезеге тесіле қарап, өткен күндерін есіне алады. Әлі есінде ауру анасы жиі-жиі талып қала беретін. Дүниеге сіңілісі Іңкар келген соң ауруы тіпті асқынып кетті. Жатып қала беретін болды. Бала жүрек әйтеуір бір жамандықты сезетін. Бұл алтыға, сіңілісі екіге толғанда анасы дүние салады. Кішкентай болған соң сіңілісін нағашылыры алып кетті де, Торғын әкесінің қасында қалды. Бір жыл өткен соң әкесі өзінен 10-15 жас кіші әйелге үйленді. Қасында інісі бар. Екеуін де жатырқамай  қарсы алды. Үлкен анасы ақылды, көпшіл кісі еді. Екеуін де құшағына алып бала қылды. Келінінің де інісін үйлендіріп, бөлек үй қылды.

Өгей шешесіде жас кезінде ата-анасынан жетім қалған екен. Туыстары екеуін интернатқа өткізіп, дүние, мал мүлкін бөліске салып, үйлерін сатып жіберіпті. Интернаттағы оқуы біткен соң екеуі қаңғып далада қалады. Сөйтіп жүргенде бір азамат кездесіп, соған үйленеді. Алайда, көп ұзамай күйеуі қайтыс болып, тағы да далада қалады. Базар жағалап, азды көпті сауда жасап күндерін көреді. Қасындағы әйелдер Торғынның әкесімен таныстырады. Көп үлкен болса да әйтеуір ер азамат қой, жылата қоймас деп Торғынның әкесінің етегінен ұстайды.

Кәрі апасы үнемі Торғынды жақтап « жасымай өссін» дейме екен қанаттыға қақтырмай өсірді. Уақыт деген шіркінде тоқтау барма зымырап жылдар, ағындап айлар өтті. Торғынның да тоғызыншы сыныпты бітірер уақыты келді. Кейінгі шешесі де бірінен соң бірін кішкентайларды дүниеге әкелді. Өгей шешесінің бұған деген көзқарасы да өзгеріп , шеттете бастады. Басында именіп келген келіншек қазір адуынды әйелге айналған. Оның айтқаны болады, дегені орындалады. Әкеден де, қартайған кемпірден де билік кете бастады. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң әкесі мен шешесі ақылдаса келіп, Торғынды Алматыдағы медицина колледжіне оқуға апаратын болды. Торғын колледждің ақылы бөліміне оқуға түсті. Қалаға келген соң «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Билік қолға тиген соң Торғын «аттың басын жіберді». Қыдырғаны-  көше, баратыны кино, театр болды. Жеңілтек қыздың бірден көзге түсетіні бар емес пе ? Жігіт — желең көбейді. Сөйтіп жүргенде тағдыр тәлкегіне қалай іліккенін байқамай да қалды. Астында машинасы бар өзін «күйем», «сүйем » деп жүрген жігіті бір күні кафеге шақырды. Қасында екі жолдасы бар. Бұлар кафеге барып жақсылып тамақтанды. Биледі. Көңіл көтерді. «Алып қой» деп арасында вино да ішкізді. Торғынға байқатпай виноға темекінің күлін салды. «Жатаханаға апарып салайық»-деп әнтек тәнтек басқан қызды машинаға салып алып, жол жөнекей үшеуі зорлап құмарын қандырды. Не керек, сол күйде жігіті жоқ болды. Телефонға да жауап бермеді. Кімге шағынады? Бар кінә өзінен. Тым еркінсіп кеткен де өзі. Сабақ жайына қалған. Бір жылға жетпей оқудан шығып қалды. Байғұс әке не істесін?!  Ауылға алып келіп ауруханаға жұмысқа тұрғызды. Үйренген әдет қалсынба? Баяғы әдетіне қайта басаты. Түнімен қыдыру, әртүрлі отырыстар көбейді. Сөйтіп жүргенде мұның сырын білетін «достары » бір малшының үйіне келін қылып түсірді. Ұр да жық мінезі бар, көп сөзге келмейтін, дүңқ етіп бірақ сөйлейтін, бұрын танымаған жігітке әйел болып шыға келді. Басында үйренісіп кетермін деп ойлаған Торғын келе-келе таяқ жейтін болды. Алғашқы түннен кейін – ақ күйеуі мінезін көрсете бастады. Екі жақ құдалар той қамымен жүргенде, бұл кетіп тынды. Қалаға барды, далаға барды, барар жер басар тауы болмаған соң ақыры ауылға келді. Бұл кезде аяғы ауыр еді. Күндердің күнінде көрші ауданнан қыз іздеп жүргендер тап келді. Оны  ұйымдастырып жүрген туыс ағайындарының келіні еді. Екі жақ уәделесіп, қызға бай керек, жігітке қатын керек болған соң мәселе тез шешілді. Артынып тартынып құдалар келді. Жөн жоралғысын жасап Торғынды алып кетеді. Келген жері Торғынның өткенінен хабарсыз еді. Келген жеріне сыпайы болып көріну үшін, таңертең сәлем салып, орамал тағып, инабатты келіннің бейнесін танытты күйеуінің туыстары ұлан асыр той жасап, құда шақырысып мәре сәре болды.

Өшкені жанып, өлгені тірілді. Күйеуінің туыстары үйге ие болар адам келді деп қуанған еді. Иесіз үйге жан кірді.

Екі үш ай өткен соң туыс енесі келінінің аяғы ауыр екенін байқайды. Ауруханаға барғысы келмеген келінді сүйрегендей апарды. Дәрігер алты айлық екі қабат екенін және нәрестенің іште өліп қалғанын айтады. Әке-шешесіне бар жайды айтып, енесі келінді үйіне жібереді. Ауруханаға апарып жасанды толғақ шақыртып босандырады. Екі апта өткен соң құда құдағилар «болар іс болды бәрін ұмытайық, екі жасты ажыратпайық» деп келіседі. Әрең көрген келінін «жас қой, түзелер, адам болып кетер»-деп енесі келінін жұмысқа тұрғызды. Жақсы ұжымға тап келсе өткенді ұмытар дейді. Дүниеге бірінен соң бірі екі қыз келеді. Үлкені шешесіне, кішісі әкесіне тартқан әдемі. Екеуіде топ-томпақ, сүйкімді балалар еді

Күндердің күнінде есін жинаған келін: «қар жауды, із басылды деді ме» «бөлек кетейік» дегенді шығарды. Тумысынан момын, жуас, қулық сұмдықтан ада жігіт әйелінің тіліне еріп, бөлек кетіп тынды. Сол кеткеннен мол кетті. Арттарына қайырылмады. Тіпті араласуды қойды. Енесі де жеке кетсе ширар, еңбектенер, елге қарап алға ұмтылар, есін жияр деп сыртынан тілеулерін тілеп қала берді.

Арада бір-екі жыл өтпей-ақ келіннің атағы шыға бастады. Күйеуін екі баламен қалдырып қаңғып кететінді шығарыпты. Кейде ішіп келеді. Үйге, балаға қарауды қойған. Өзінен жас жігіттердің машинасында жүргенін көргендер енесіне айтып келетін болды. Ақыры іс насырға айналғанда енесі әке-шешесін шақырып, қыздарының қылығын беттеріне басты. Аман тұрғанында алып кетуін талап еткен құдағиына өгей шеше: «Мен кіргізбеймін, бұл бір шіріген жұмыртқа. Қайда барса, онда барсын»- деп кетіп қалды. Әкесінде үн жоқ. Әйелінің артынан ол да кете барды. Сандалған сайқал келін анда барды, мұнда барды. Еш жерде тұрақтай алмады. Жұмыстан да айырылды. Бар ауыртпалық жігіттің мойнында болды. Тамақ әзірлеу, қыздарды жуындыру, киіндіру тағы басқа жұмыстарды өзі істеді. Намыстан жарылардай болса да екі қызы үшін бәріне көнді. Қыздары шешенің бар жоғына үйренген. Ақша табамын деген сылтаумен қалаға кетеді, қайтіп келеді. Ақыры шыдымы таусылған жігіт сотқа арыз беріп ажарасып тынады. Қыздарын интернатқа берді. Демалыс күндері алып келіп тұрды.

Қыздар есейді 9- сыныпты бітіріп оқуға түсті. Жігіт өзі қатарлы ақылды әйелге үйленді.

«Жақсы әйел жаман еркекті ер етеді, жаман әйел жақсы еркекті жер етеді» дегендей біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүрді. Әкенің тәрбиесін көп көрген қыздары әкесімен араласып, артығы болса әкесіне қарай ала жүгіреді. Анасының өткен қылығынан хабардар қыздар аналарына суық.

Қазір баяғы Торғын жоқ. Баяғы жалын сөнген. Жалғыз өзі үй мен жұмыстың арасын ғана біледі. Сырын білетіндер сыртынан саусағын шошайтып әңгіме қылады. Ешкім араласпайды. Сырын, мұңын бөлісетін де адам жоқ. Ойнақтап жүріп от басқанын енді білді. Жанұяның, ер-азаматтың қадірін енді сезінгендей. «Алдағы күнім не болады» деген күмәнді ойда жоқ емес. Қу тізесін құшақтап, жалғыз қалды. Өзегін өртеген өкініш уһ дегенде жалын боп сыртқа шығады.Бәрі-бәрі көрген түстей көз алдынан өтіп жатыр.

«Шам неге жақпағансың» — деген көршісінің сөзінен шошып кетіп есін жинағандай болды. Өзінің ағыл -тегіл жылап отырғанын, жүрегінің езіліп, еңсесін ауыр мұң басқанын енді сезді. «Әттең –ай, өмір неткен қатал едің?» — дегенді іштей айтып, азынаған қараңғы үйден әрең дегенде шамның нүктесін тауып, шам жақты. Торғынның қызарған көзін, бозарған өңін, мұңлы жүзін көрген көршісі «сорлы-ай» деп күбірлей  үйден шықты.

Үш нәрсе қайта оралмайды екен. Ол өткен уақыт, айтылған сөз, жіберіп алған мүмкіндік. Осы естеріңізде болсын ағайын!

                                                                                  Дина Иембергенқызы,

                                                                                  Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password