Әке сөзін  BBC-ден биік қойды

 –Шымкент қаласында тұратын досым бар, өзі үлкен бір компанияның басшысы. Балаларының оқуынан, өнерінен ештеңесін аямаған жігіт. Жұмысбасты болса да тәрбиесіне уақыт тауып, ұлдарының ұғымды, қыздарының қылықты болып өсуіне барын салды. Бір қызы өз күшімен Американың мықты оқу орындарының біріне түсіп, өте жақсы деген бағамен тамамдап шықты. Одан кейін сол жерде қызмет атқарады. Талабы мен білімін көрсетіп үлкен-үлкен компанияларға шақырту алады. Солардың бірі  Лондон қаласында орналасқан әлемнің түкпір-түкпіріне ақпарат тарататын дүние жүзіндегі ең беделді BBС арнасы. Аптасына әлемдік аудиторияға 643 сағат, 39 тілде хабар таратады. Жылдық қаржы айналымы 6 миллиард еуродан асып жығылады. Әлемдегі ең мықты журналистердің арманы болған  арнаға арнайы шақыртумен жаңағы қарындасымыз жұмысқа тұрады. Алты жыл тапжылмай жұмыс жасайды. Білімі мен білігін танытып қызметте жоғарылайды. Осы уақытта Қазақстаннан әкесі хабарласып « қызым, қандай беделді қызметте отырсаң да еліңе қайт, тұрмысқа шығатын уақытың болды» деп қысқа қайырады. Мұндай беделді қызметті, мұндай биік мансапты тастап кету оңай болмаған шығар, алайда қарындасымыз әкесінің бір ауыз сөзін жерге тастамай, тіпті қарсы сөз де айтпай жұмыстан шығып, елге оралады.

   Жақында сол қыздың ұзату тойына барып келдім. Өзінің кластасы, Шымкенттің қарапайым жігітіне тұрмысқа шықты. Сол тойға BBC арнасынан бір топ әріптестері келді. Шетелден келген қонақтарды сөзге шақырғанда олар қазақ қызының даналығына қайран қалып «мұндай үлкен лауазымды тастап, әкесінің сөзін екі етпей тіпті, қарсы жауап та айтпай жұмыстан шығам, елге қайтам дегенде, біз қатты таң қалдық. Сіздер біз жоғалтып алған мәдениетті, тәрбиені әлі жоғалтпаған екенсіздер. Мұнда тұрып әкеге деген құрметті көріп көзімізге жас келді. Жүрегімізді елжіретіп, көңілімізді босатты. Не деген бақытты халықсыздар! Тәрбиенің ең нәзік қылдарын үзбеген бауырмал, әдептіліктің озық үлгісін көрсеткен қазақ халқын көріп таң-тамаша болып тұрмыз. Әкенің бір ауыз сөзін – әлемнің байлығынан артық көретін қазақ қыздарының ұғымы тым тереңде екен. Сіздерде кез-келген патшаның қазынасынан артық байлық бар екен, ол – осы тұп-тұнық тәрбиелеріңіз. Бұл мәдениеттеріңізді адамзат баласының алдына шығарып үлгі қылу керек.» деп сөз сөйлеп, өз таңданыстарын білдірді.

  Бір қыздың ары үшін бір қаланы шауып алып жүрген бабаларымыздың парасаты тым биік екен ғой. «Қыз – ұлттың ары» деп сол аталарымыз бекер айтпаған ғой. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде оны қамап ұста деген жоқ, қырық үйден тәрбиесін қорып, қылығын бақ дегені екен. Өйткені, ертең елдің жүгін арқалап, жол көрсететін атқа мінер азаматты – арлы ана ғана тәрбиелей алмақ!

Айбек Ережеп

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password