ӘКЕМІЗДІ ӘРҚАШАНДА МАҚТАН ЕТЕМІЗ

         Біз де еліміздің барша жұртшылығы сияқты Ұлы Жеңістің-75 жылдық мерей тойын зор құрмет ыстық ықыласпен күткен болатынбыз. Бірақ әлемді дүр сілкіндіріп, алаңдаушылық тудырып тұрған аты жаман індет айтулы мерекегеге  де өзіндік кедергісін жасағаны жанымызды ауыртқаны анық. Соның салдарынан дәстүрге айналған Жеңіс мерекесін бұрынғы жылдардағыдай алаңдарда шерулете, майдангерлердің ерлігіне тағзым жасап, құрметпен еске алудың жайы келмей отырған жайы бар.

       Мен соғыс жылдарынан кейін дүниеге келген ұрпақтар қатарына жатамын.  Соғыстан аман қайтып, одан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының қиыншылықтарын басынан өткерген жеңімпаз әкелердің ұрпағымыз. Сол бір қорқынышты соғыс жылдары  жадымыздан өшпес үшін кейінгі куәгерлері ретінде бүгінгі еліміздің тарихын өзгертпекші, ескерткіштерді жоймақшы болғандардың есіне салуды өзіме борыш  санаймын. Біздің халқымыздың Ұлы Жеңіске байланысты ерліктері,  мәңгілік шынайы құндылықтары,  жалпыадамдық негізгі мақсаты– ол болашақ ұрпақ  жер бетінде  бейбіт өмір кешуі.  Болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін  жауынгерлер- біздің әкелеріміз бен ағаларымыз зұлым жаумен жанын беріп шайқасты. Солардың бірі-менің әкем  Рақымжан Мақашев. Әкемнің білім-білігі де, мәдениеті де жоғары және жұмысқа деген таңқаларлық құштарлығы айрықша болатын. Ол кісі ерте тұрып, өз атына келген хаттарды мұқият қарап шығып,еңбек күнінің  бос уақытын қалдырмай  жоспарлайтын. Әкем 1973 жылы дүниеден өтті. Қазақта әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін  деуші еді. Әкемді көрген адамдар ол кісінің адамгершілігі мол, әділ, шыншыл болғанын айтады. Әкем «Адалдық, Адамгершілік, Азаматтық» деген ұлағатты ұғымды өзіне ұран ете ұстанып,айнымас серігі ете білді. Әкемнің   ержүректігі мен өмірге деген құштарлығы арқасында соғыс жылдарындағы  қиындықтарды еңсеруге және Манчжуриядан келген соң, өзін халық игілігі үшін қызмет жасау мүмкіндігіне ие болуына көмектесті. Ол соғыс кезін есіне түсіргенді онша ұната бермейтін. Көп сөзге жоқ, мінезі салмақты, ұстамды болатын. Тек, Жеңіс мерекесі күні ғана майданда  ажалға қасқая қарсы тұрып, ерлік танытқан майдандастарын көңілі құлази отырып,есіне алатын. Мына бір оқиғаны айрықша айтып отырушы еді. Ол-соғыста ауыр жарақаттанғанда майдандасының жамылғысына салып бірнеше күн бойы сүйреп, госпитальға жеткізген, алған жарақатынан кесетін аяғын медицина ғылымы мен мол тәжірибеге, асқан шеберлікке сүйене ота жасап, аман алып қалған   дәрігері  еді.  Соғыстан кейін бірнеше рет өмірін сақтап қалған жандарға  алғысын айтпақ болып іздеуі өкінішке орай сәтсіз болды. Жеңіс күні ол үшін қасиетті, екінші туған күні болатын. Әдетте 9- мамыр күні  жанына бізді жинап алып, алдағы күннің жарқын, болашақ ұрпақтың бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешуін тілейтін. Әр қайсысымыздың өзінің жүрегінде  ерекше орын алатынымызды асқақ сезіммен,құштарлықпен  айтатын. Осыған қарап, өлімді жеңіп, өмірін біз арқылы жалғастырғысы келетінін түсінетінбіз. Ұлы Жеңістің қарсаңында әкеміздің өмірі жайлы 1952 жылы мамыр  айында 3-бөлімнің начальнигі подполковник Васильевтың қолымен расталған қысқаша жазған өмірбаянымен таныстыруды жөн санап отырмын.

   «Мен 1910 жылы 15 желтоқсанда Қарағанды облысы, Шет ауданында №4 ауылдық советте дүниеге келгенмін. Шет ауданында 1928 жылға дейін тұрдым. Әкем Адалов Мақаш, анам  Адалова Жұмаш.  Ата-анам Октябрь революциясына дейін де, кейін де  егістікпен айналысты. Ал, 1930 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысы, Шет ауданының «Жұмыскер» колхозының мүшелері болды. 1928 жылы Алматы облысына көштім. 1929 жылы Алматы ауылшаруашылық техникумына түсіп, 1934 жылы 1 қаңтарда аяқтадым. 1934 жылы қаңтар айынан қыркүйек айына дейін Талдықорған қант техникумында оқытушы болып жұмыс істедім.  1934 жылы қыркүйек айынан бастап 1940 жылғы 20 қарашаға дейін Талғар ауылшаруашылық техникумында оқытушылық  жұмысымды жалғастырдым. 1942 жылы ақпанда  Іле аудандық военкоматынан Қызыл Армия қатарына шақыртылдым. 1942 жылы ақпаннан мамырға дейін Ташкент қаласында Харковь әскери-саяси училищесінде оқыдым. Оқуды аяқтаған соң 1942 жылы мамыр айынан 1943 жылы тамыз айына дейін Челябинск облысының Оралдық әскери округінің қосымша атқыштар бригадасының 2-ротасының саяси басшысы қызметін атқардым. 1943 жылы 8 тамыздан 1944 жылы 15 мамырға дейін Молотов облысының Молотов қаласында Урюпин жаяу-әскери училищесінде оқыдым. 1944 жылы мамыр айынан шілде айына дейін  3-ші Беларус  майданындағы  5-ші атқыштар корпусының 48-ші  атқыштар ротасының командирі болдым. Соғыста алған жарақатымнан 1944 жылы шілде айынан  16 қазанға дейін   Казань қаласында госпитальда емделдім. 1944 жылы қазан айынан 1945 жылы мамыр айына дейін  2-ші Украина майданында 53-атқыштар әскерінің 18-ші корпусы, Гвардиялық әуе-десанттық девизиясының 1-ші атқыштар ротасының  командирі. 1945 жылы мамыр-желтоқсан айларында Забайкал майданындағы 53-атқыштар әскерінің 18-ші корпусы Гвардиялық атқыштар девизиясының 109-атқыштар ротасының командирі қызметерін атқардым. Жан алысып, жан беріскен қызыл қырғынның бірінде 1944 жылы 20 маусымда  жеңіл жарақат алдым, 1944 жылы 28 маусымда ауыр жарақаттандым және 1945 жылы 3 наурызда жеңіл контузия алдым. Ұлы Отан соғысы жылдарында — 1944 жылдың қараша айынан 1945 жылдың желтоқсан айына дейін 2-ші Украиналық және Забайкалье майдандарында Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия, Германия, Монголия, Манчжурия сияқты шет елдерде болдым.  1945 жылы сәуірде Ұлы Отан соғысының 2-ші Украина майданында 53-ші атқыштар әскерінің  Отан соғысының 2-ші дәрежелі  орденімен және СССР Жоғарғы Совет Президиумының Жарлығымен «За победу над Германией», «За победу над Японией», «За взятие Будапешта», «За взятие Вены», «За освобождение Праги», «За освобождение Белграда» медальдарымен марапатталдым. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Қарулы күштері  Жоғарғы бас қолбасшысынан  қалаларды азат етуге қатысқаным үшін 13 мәрте Алғыс хатпен марапатталдым. Менің інім Мақашеа Сәмен 1912 жылы дүниеге келген. 1943 жылдан бері Совет Армиясында борышын өтеуде. Әскери мамандығы үлкен командалық құрамның әскери дәрігері. Інім 1945 жылдан 1950 жылға дейін Берлинде кәсіптік әскерлер құрамында шет елде болды»-деп аяқталады өмірбаян. Осынау өмірбаян  жолдарынан ағайындылар үшін  соғыс  1945 жылы  мамыр айында аяқталмай, біреуі Манчжурияда болса, екіншісі Германияда болғанын көріп отырмыз.

         Соғыстан оралған соң әкем екінші майдан-еңбек майданына сүңгіп кетті. Ол уақытта қираған елді қайта қалпына келтіру қажет болды.  Соғыстан кейін еңбек жолын нұсқаушы болып бастады. Кейіннен еңбек жолын Алма-Ата обком партиясының ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, райисполком хатшысы, райком партиясының бірінші хатшысы қызметінде жалғастырды. Жалпы кез-келген адаммен тіл табыса білетін туа біткен ұстаз еді. Оның білімділігі, ой өрісінің жоғарылығы, ұстаздық тәжірибесінің көптігі  адамдарды соңынан ілестіре білуге, ұйымдастырушылыққа көп септігін тигізді. Қабілетті  ұйымдастырушы болуымен қатар өз ортасында сыйлы бола білді. Қызметінің ел өмірімен, ауылшаруашылы жұмыстарымен тікелей байланысты  жылдары Нарынқол, Қаскелең аудандарында өтті. Осы аудандарда  басшылық дарыны толық көлемде ашылды. Жалпы еңбек нәтижесі басшыға байланысты. 1953 жылдан 1962 жылдар аралығында Нарынқол ауданы барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы орында болды. Бұл шақта колхоз, совхоздар экономикалық жақтан дамып, ауыл еңбеккерлерінің тұрмыстары  жақсара бастады. Сонымен қатар, ауданның мәдениетінің көтерілуінде де біршама іргерілушілік аңғарылды. Көптеген бала-бақшалар, мектептер, ауруханалар, клубтар, кітапханалар салынды. Шекаралық  аймақ  болғандықтан стратегиялық маңызды аудан ретінде кішігірім әуежайы да болған еді. Нарынқолдық ақсақалдар әкемді жауапкершілігі жоғары, кішіпейіл адам ретінде естеріне алады. Әкем әр саладағы ас кадрларға да кеңінен қолдау білдіріп, олардың тәжірибе жинақтауына, қызметте сатылап өсіуіне қамқорлық жасаудан танған жоқ. Ауданға арнайы жолдамамен жоғары білімді дәрігерлер, агрономдар, педагогтар, мал дәрігерлері, зоотехник сияқты  жас мамандары  келгенде ерекше қуанатын. Уақытының тығыз болуына қарамастан олардың жағдайларына да баса назар аударып отыратын. Одан,  бері талай уақыт өтті ғой. Солардың арасынан есімде қалғаны ерлі-зайыпты дәрігерлер- Маскеевтер отбасы ғана. Қуаныш пен Клара кейін Республикамызда ғылым  докторы атағына ие болды.

Майдангер Сарыарқа тумасының   Жетісу өңіріне сіңірген  еңбегіне алғыс ретінде қаза тапқан батырларды есте мәңгі сақтау мақсатында Алматы облысының  Қаскелен, Нарынқол, Абай ауылдарында көше атаулары  әкемнің атымен аталған. Біз,отбасымызбен Нарынқол ауданы  (қазіргі Райымбек ауданының)  ақ пейіл ел-жұртына әкеміздің атын зор құрметпен есте сақтағандарыңыз үшін  шексіз алғыс білдіреміз.

 Ауданның жоғары көрсеткіштерге жетуі–қарапайым ауыл еңбеккерлері мен өз ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшылардың бір команда болып жұмыс атқарғандарының нәтижесі деп білем. Олар- әр мезгілде ауданда басшылық қызметте болған райком хатшылары, райисполком  басшылары С.Күренов, Ж.Иманбаева, Х. Бижанов, А.Ақпаев, Қолдасов, А.Байжүнүсов, А.Алпысбаев, бөлім меңгерушісі Н.Измахунов,тәжірибелі колхоз басшылары Н.Әшімбаев, А.Наурызбаев, С.Сатаев, Р.Тұрықбаев, Қ.Әбиев, Жазықбаев, К.Есмолдаев, А.Смагұлов, С. Байгұлов сияқты қажыр-қайратын ел мен жердің өсіп-өркендеуіне арнаған ардақты азаматтар.

        Әкемнің бейбіт өмірдегі еңбегі де лайықты бағаланды. Соғыс марапаттарына еңбек марапаттары қосылды. Үкімет ерен еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалады. Соғыста алған ордендерінмен қатар кеудесінде Ленин ордені жарқырады. 1959 жылы Нарынқол ауданының еңбеккерлері әкемді  Қазақ ССР  Жоғарғы Совет депутатығына сайлады. Нарынқол ауданы  республикалық, облыстық жарыстарда бірнеше рет жоғарғы көрсеткіштерге  ие болып, республиканың ауыспалы  Қызыл туына ие болды. 1962 жылы өндірістік бөлімдердің құрылуына байланысты  Рақымжан Мақашев Қаскелен, Жамбыл, Іле аудандарында обком партиясының  порторгы  сайланды. 1963 жылы қайта құрылуына байланысты әкем ұлттық құрамы, экономика жағынан қиын әрі  ірі кәсіпорындары бар аудан  Қаскелең аудандық партия комиетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Саяси және шаруашылық жұмыстарын жүргізу  оңай болмады. Тәжірибелі, дана басшы ретінде ол әр шаруашылық басшыларының ыңғайын таба білді. Ол көп уақытын колхоздар мен совхоздарға, өндірістік кешендерге бөлді. Қарамағындағылардың жіберген қателіктері, ең алдымен басшының жіберген кемшілігін  сынап, әр адамға жеткілікті түрде талап қоятын. Кадр таңдауға  келгенде тәжірибелі, білімді адамдарға  арқа сүйеді. Аудандағы түрлі буындағы  басшылары арасында, қарапайым өмір сүретін адамдар да аз емес еді. Олардың көпшілігімен жақсы отбасылық қарым-қатынаста болды. Осы ауданда жемісті жұмысының нәтижесі шаруашылық жетістіктерінен көрініп, әкем екінші мәрте ҚазССР Жоғарғы Совет депутаты болып сайланды. Анамыз Зияш Кәмеева әкемізге адал жар ғана емес, қиын-қыстау сәттерде  қолдаушы, ақылшы- кеңесші бола білді. Жастайынан жауапкершілігі мол жұмыстарға көп жегілген анамыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын тұрушы еді. Ол-комсомол жетекшісі, әйелдер кеңесшісі, Талғар қаласындағы тігін фабрикасының жетекші басшыларының бірі болды. Соғыс жылдарында еңбегі үшін шекара маңындағы комсомол комитетінің бірінші хатшысының ұсынысымен Үкіметтік марапаты  «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталғанын мақтанышпен айтамыз.  Анам үлкен кәсіби біліктілікке қол жеткізу қабілеті бола тұра өзінің өмірлік таңдауын отбасына арнағанды жөн санаған. Менің ата-анам жеті бала тәрбиелеп өсірді. Ата-анамыздың арқасында балалылық шағымыз  бақытты өтті. Олардың дүниеден озғанына біраз жылдар өтті.  Бізге берген тәрбиесін бойымызға сіңіріп, әрқайсымыз әртүрлі салада биіктерді бағындырып, қоғамда өз беделімізге ие болдық.  Біз үшін де 9 мамыр- қасиетті күн. Біз Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің ұрпақтары туған елі мен жері, Отаны үшін қасық қанын аямаған ардагерлерді жадымызда мәңгі сақтаймыз.

Ғалия МАҚАШЕВА,

химия ғылымының докторы, профессор,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password