Ұстаздар марапатталды

       Ұстаз – ұлы тұлға. Мектеп сенің екінші үйің болса, ұстаз – сенің ата-анаң, сырлас досың, қамқорың. Оған артылар салмақ пен жауапкершіліктің жүгі де жеңіл емес. Сол себептен де қай саланың тізгінін ұстаған әрбір жан болмасын мұғалімнің алдынан өтетіндігі сөзсіз.

  Ағымдағы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай мұғалімдерді қабылдады. Жиынға барлық ауылдық округтерден 30-ға жуық мұғалімдер қатысты. Шара шымылдығын аудандық білім бөлімінің басшысы С.Үмбеталиев ашып, білім саласындағы бірқатар мәселені көтеріп, аудан мұғалімдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

       Салтанатты шарада аудан басшысы мереке иелеріне ақжарма тілегін арнап, Педагог мәртебесі туралы заңның маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ұстаздардың еселі еңбектері мен мінсіз міндеттерін тілге тиек етіп, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамоталары мен облыс әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті. Құрмет құшағына бөленген жандардың қатарында ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері белгісімен К.Байшығанұлы атындағы орта мектептің директоры Миятжан Сақанұлы марапатталса, ұстаз Сәулемхан Мұқашқызы Алматы облысы әкімінің Алғыс хатын иеленді. Б.Соқпақбаев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Ібітанова мен Т.Жанұзақов атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Халзия Атейбековаға Құрмет Грамотасы табысталды. Ал Сарыжаз орта мектебінің директоры Айдос Иманбаев пен Жаңа Текес негізгі мектебінің бастауыш пәнінің мұғалімі Назерке Байтоқова Алғыс хат алды.

Елдос Ахметжан,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password