ҰМЫТЫЛМАС  ЕСІМДЕР

  Ауданымызда алғашқы колхоздастыру кезінде шаруашылықты басқарып, ауданның қалыптасуына зор үлес қосқандар қатарында Тұрықбаев Рақымжанның еңбегі бір төбе. Заманның қиын кезінде халықты ұйымдастыра отырып шаруашылықтарды басқаруда басқаларға үлгі бола білген.                                              Тұрықбаев Рақымжан 1912 жылы Қақпақ ауылында туған. Жасынан қиыншылық көре жүріп сауатын ашқан. Елімізде колхоздастыру науқаны жүріп жатқан 1931 жылы Тяньшань колхозын құруға атсалыса отырып, еңбек жолын қойма меңгерушісі болып бастаған. 1939 жылы колхозшылардың жалпы жиналысында Рекеңді колхоздың басшылығына сайлаған.  1941 жылы елімізде Ұлы Отан Соғысы басталған кезде әскер қатарына шақырылып, Кузбастағы әскери қару-жарақ жасайтын заводта жұмыс істеген. Соғыстың беті бері қараған 1944 жылы күзде елге аман-есен оралған. Сауаты бар әрі кезінде колхоз басқарған Тұрықбаев Рақымжанды 1945 жылы аудан басшылары Сүмбе ауылындағы ауылдық Советті басқаруға жіберген. Ауылдық советте екі жыл істеген Рекеңді  1947 жылы  аудандық су бөліміне басшылыққа тағайындаған. Сол жылдың соңында өзі істеген Тяньшань колхозы Крупская атындағы колхоз болып аты ауысқан кезде колхозға председатель етіп жіберген. Колхоздың  шаруашылық жұмыстарын жақсы білетін басшы колхоздың мал басын көбейту, егін саласындағы тағы басқа жұмыстарды жолға қоя білген.  Аудандағы колхоздар ірілендіріліп жатқан  1952 жылы  Рекеңді  Жамбыл ауыл советіне қарасты Абай атындағы және Жамбыл атындағы колхоздар бірігіп 19-партия съезі атындағы колхоз болғанда сол шаруашылыққа жіберген. 84 колхозшы қатысқан жалпы жиналысқа (Протокол№7) аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Ахмедияров қатысқан. Жалпы жиналыстың қаулысымен Тұрықбаев Рақымжан 19-партия съезі атындағы колхозға төраға болып сайланған. Басқарма мүшелері болып Шакиров Қылыш, Бұғыбаев, Жақсылықова, Н.Жансеріков пен А.Ташметовтар сайланып, бухгалтер Көкенов болған.                                (АОМ.қор-1266.тізім-1,іс18).                                                  Тұрықбаев Рақымжан басшы болып тұрған жылдары Даратының көп жерін, Қасқабұлақ, Өтебай, Шандыр сайлары мен Ізбөшкені колхоздың қарамағына қостырып, жер мәселесін қалыпқа келтірген. Сонымен қатар ауылға 250 орындық клуб пен 320 балалық мектеп және медпункт, нефтебаза гараж салдырған. Мал басын өсіруде айтарлықтай жұмыс жүргізіп, қой-ешкі санын 41 мыңға, жылқыны 1100 басқа ал ірі-қараны 1500 басқа жеткізген. 1964 жылы жұмысын жастарға өткізіп беріп 1970 жылға дейін осы колхозда бөлімше бастығы болып істеген. Жұмыс істеп жүрген жылдары Лениннің 100 жылдығы және басқа көптеген орден медальдармен марапатталып,«Құрметті колхозшы» атағына ие болған.   Рекең Райымбек ауданының «Құрметті азаматы». Тұрықбаев Рақымжандай абзал, ел басқарған азаматтарымызды ұмытпай, жастарға жеткізіп отыру бүгінгі Рухани жаңғыру бағдарламасының негізі  болып табылады. Шаруашылықты 13 жылдан аса уақыт басқарған іскер басшы ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 90 жасында дүниеден озған. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

                         Әкебаев  Беркін.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password