Ұмытылмас есімдер

Нарынқол ауданы 1936 жылы аудан болып құрылған жылдан бастап аудан азаматтары әр түрлі салада қызмет істеп ел экономикасын дамытуға бар күштерін салды. 1941 жылғы  басқыншылық соғыс  елімізге қасірет әкеліп қана қоймай, қайғы әкелді. Жасы 18 ге толған азаматтарды соғысқа ала бастады.  Кейбір жастар соғысқа өздері сұранып та кетіп жатты.  Соғыс аяқталғаннан бері 73 жыл өтті. Уақыт өте келе бұрынғы окоптардың орны білінбей де қалды, шайқастар өткен далада қазіргі таңда егістік алқаптары жайқалып тұр, фашистер талқандаған қалалар мен ауылдар қайта тұрғызылды. Соғыс іздері жер бетінен өшіп қалғандай, әйтсе де, жаңғырығы әр адамның жадында сақталуда. Бүгіндері  Отан үшін кеудесін оққа төсеген, ел қорғаған ерлеріміз, көнегөз қарияларымыз,соғыс ардагерлерінің біршама сиреп қалуы көңілге қаяу салады. Біздің оқушы кезімізде 9 май күні соғысқа қатысқан ағаларымызға гүл шоқтарын беріп, қошемет жасаушы едік. Ал қазір аудан бойынша саусақпен санаулы ғана ардагерлер қалды. Соғыстан қайтқан ағаларымыз ауданымыздың барлық саласында еңбек еткен.   Солардың бірі – Әділ Ысқақұлы.  Ең бір өкініштісі, ардагер атамыз, қазір арамызда жоқ.  Қалай десек те, дәл қазір маған 83 жыл ғұмыр кешкен қарияның мәңгіліктің жер бетіндегі нұры шалқып жатқандай елестейді. Тағдыр осындай ұзақ ғұмыр бергенмен Әділ ағайды өмір ерте есейтіпті. Жалындаған жастығы соғыс кезіне тура келген. Бұл фашистік Германияның елімізді басып кірген соғыстың сұрапыл кезеңіне тұспа-тұс уақыт еді. Көп ұзамай 1943 жылы 17 жасар бозбала өз еркімен майданға аттанады. Балтық жағалауында фашистерге қарсы соғысып, сан мәрте жараланып, қанды ұрыста көрсеткен ерлігі үшін, «Жеңіс» орденімен, «Ерлігі үшін», Кеңестер Одағының маршалы Г.К.Жуковтың және тағы көптеген медальдарымен наградталған. Ол соғыста жүріп, «Ел мен Жер» деген толғау өлеңін шығарған. Өлеңі қаруластарына аласапыран қанды соғыс кезінде рух берген. 1945 жылы Жеңіс туын желбіретіп, елге аман-есен оралады.

Соғыстан кейінгі жылдары да еліне, жеріне адал қызмет етіп, халық арасында беделді болған жан. Ағамыз еңбек жолын 1947-1955 жылдары Нарынқол аудандық өндіріс комбинатында қойма меңгерушісінен бастады. Жұмысқа деген ынтасы мен ұйымдастыру қабілетін байқаған аудан басшылары Әділді 1956 жылы аудандық қамсыздандыру мекемесінің бастығы етіп, ал 1962  тұрмыс қажет өтеу комбинатының директорлығына тағайындады. Жұмыстарын жолға қоя білген оны 1969 жылы аудандық тұтыну қоғамының төрағалығына қызметіне қойды. Осы жұмыстарды істей жүріп, аудан шаруашылықтарының төл алу, астық жинау және мал азығын даярлай жұмыстарына үнемі көмек жасап отырды. Осы қызметтерде жүріп бірненше рет селолық және аудандық советтің депутататы болып сайланды. Қызмет бабымен 1974-1976 жылдары Тұйықтағы Қарасай орман шаруашылығының директоры, 1977-1990 жылдар аралығында кірпіш заводының директоры, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің, аудандық автостанциясының бастығы қызметін абыроймен атқара жүріп, құрметті демалысқа шыққан. Еңбек демалысына шыққан соң 2006 жылы Іле ауданына көшіп келген. Немерелерінің оқуы мен тәрбиесін жақсартуды қолға алған Әділ ағай 26 ақпан 2009 жылы дүниеден озды. Қай жерде жүрмесін, қандай қызмет атқармасын, үлкенге деген ілтипат, кішіге қамқорлық сияқты абзал адамгершілік қасиеттерінен, адалдық пен әділдік сияқты өмірлік қағидаларынан айнымаған жан. Ұлын ұяға,  қызын қияға қондырған ұлағатты әке.  Ұлы Сапар спортпен айналысы жүріп көп жыл ауданда дәрігер болып аброймен қызмет жасады. Атасына тартқан немересі Рүстем ішкі істер басқармасында қызмет жасаса, келіні Лашын өнерімен елге танымал әнші.

«Ерлік ерге мұра, ұрпаққа ұран», — деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде Әділ сынды ардагердің ерлігі де үлгі болары сөзсіз. Ұлы Жеңіске үлес қосқан ардагер қариямыздың есімі ұмтылмақ емес, ұмтылмайды да. Өмірден озған Әділ ағамыз бен ұлы Сапардың иманы жолдас болсын! Алла елімізге тыныштық берсін деген тілектеміз.

                             Әкебаев Беркін.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password