ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

        «Дені саудың – жаны сау» демекші, спорт саласы – әр елдің стратегиялық жобаларының алдыңғы қатарынан табылатыны сөзсіз. Бұқаралық спорт күллі ұлт денсаулығының кепілі. Елімізде спорт саласын дамыту мақсатында Елбасымыздың бастауымен қыруар жұмыстар атқарылуда. Қалалар мен аудандарда, тіпті ауылдарда спортқа баса назар аударылып, түрлі үйірмелер мен жаттығу залдары, шағын алаңдардың құрылысы қызу жүріп, көптеп салынуда.

    Осы орайда Қаратоған ауылы, Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектептің әр жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен, шағын футболдан эстафеталық жарыс өз бастауын алған болатын.

  Маусым айында эстафета тұсаукесерін өткізіп, көлемді жарысқа ұласуына себепкер болған 1990 жылғы түлектер, атап айтсам, Олжас Сәлімов, Мәрлен Күрішбаев, Айбар Абдраманов бастаған жігіттер болды. Жүлделі орын алған командаларға, ақшалай сыйлық, кубок, медаль мен мақтау қағаздары табысталды.

   Шілде айының ортасында, ізін суытпастан келесі жарысты ұйымдастыруды 1983 жылғы түлектер алған болатын. Алмат Молдабаев, Нұрбол Мәжеев, Есбол Салимов ағаларымыз бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып, көптің көңілінен шыққан сайысты абыроймен өткізді.

     Аға буыннан кейін жарыс өткізу кезегін 1988 жылғы түлектер алды. Қыркүйек айының 18 жұлдызында, Талғар ауданынына қарасты Гүлдала елді-мекеніндегі шағын футбол алаңында өтті. Доп додасының бұл жолғы ерекшелігі ардагерлер командасының қатысуы болды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуін қадағалаған, ұйымдастырушылар, Дархан Батанов, Бақыт Шынжырбаев пен Жасұлан Шоңбасов ағаларымыз болды.

  Көрермендерді керемет ойын өрнегімен тәнті еткен, Сатыбалдиев Асхат ағамыздың бастауымен құрылған «Ардагерлер» құрама командасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, бірінші орын иегерлері атанды.

 Команда сапында, Асхат Сатыбалдиев, Қайнар Бөлекбаев, Сабыржан Молдабаев, Мерей Тобайұлы, Думан Сатыбалдиевтер өнер көрсетті. Команда капитаны, жарыстың үздік ойыншысы Асхат Сатыбалдиев ағамыздың өнеріне тәнті болдық. Ағамыз жастарға футбол ойынының қыр-сырын шеберлікпен көрсетті.

    Ал жарыста екінші орынды 1996 жылғы түлектер, үшінші орынды 1998 жылғы түлектер иеленді. Осындай жарыстар жастардың спортқа деген құштарлығын оятып, салауатты өмір салтын ұстануға өз ықпалын тигізері анық.

  “Ынтымақ жүрген жерде, ырыс жүреді”, — демекші жарыстың басты мақсаты ауыл жастарын спортқа баулумен қатар ауыл халқының бірлігін нығайту болып табылады. “Тату елдің тамағы таусылмайды” дей келе бірлікпен басталған бастама өз жалғасын таба берсін деп тілек білдіргім келеді.

Дастан ҚАНАТҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті журналистика

факультетінің 4 курс студенті.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password