Ұлағатты ұрпақ – қоғам жемісі

Ұлттың бүгіні де, ертеңі де тәрбиелі, білімді ұрпаққа байланысты. Қазақта «Болайын деген баланың, бетін қақпа белін бу», — деген аталы сөз бар. Жастардың сана-сезімін, ұлттық психологиясын ата-бабаларымыздың салт-дәстүрімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу аса маңызды.  Осы бағытты мақсат еткен «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қоры біраз игілікті шаралардың басын қайырып жүргені аудан жұртшылығына аян. Оқу жылының әр тоқсанны аяқталғанда оқушылар мен ұстаздарға  шәкіртақы үлестіріп, алғыс хаттармен марапаттауды  дәстүрге  айналдырған.

Биылғы жылы да «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қоры дәстүрлі үрдісінен айнымай  бойында  білімі мен тәрбиесі бар, өнерлі, салауатты өмір салтын  ұстанып, көшбасшылыққа ұмтылатын зерделі жастарымызды ынталандыру  мақсатында ауданымыздағы бірқатар білім ордаларын аралап, оқушыларға  шәкіртақы таратты. Атап айтар болсақ, Абай орта мектебінен 15 оқушы 34 мың, Б. Соқпақбаев орта мектебінен  9 оқушы  20 мың, Қайнар орта мектебінен 6 оқушы 12 мың, С.Сауранбаев орта мектебінен 14 оқушы  42 мың, А.Барманбекұлы орта мектебінен 10 оқушы 20 мың, М.МАқатаев орта мектебінен 54 оқушы 56 мың, Т.Жанұзақов орта мектебінен 6 оқушы 12 мың, О. Жандосов орта мектебінен 5 оқушы 11 мың, Жаңа Текес орталау мектебінен 8 оқушы 14 мың, Сарыжаз орта мектебінен 10 оқушы 50 мың, Қ. Шорманов орта мектебінен 10 оқушы 10 мың, Көксай орта мектебінен 15 оқушы 36 мың, С.Әшімбаев орта мектебінен 4 оқушы 8 мың, Н. Өмірзақов орта мектебінен 4 оқушы 8 мың, Шалкөде орта мектебінен 10 оқушы 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы алды. Қоғамдық қордың ұйымдастырушыларына  халық та, оқушылар да дән риза. Оны балғын бүлдіршіндердің қуаныштан бал-бұл жайнаған жүздерімен, үміттері үкіленген ұлағатты ұстаздардың мақтаныш сезімімен, кең көңілдері аңғартады.

Кешегі бабаларымыз бен даналарымыз сенім артқан, көздерінде от, сөздерінде жалын бар, ары жанынан қымбат жастарымыздың қатары күн санап көбейіп келе жатқаны жүрекке жылу ұялатады. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, бүгінде осы даналық сөзді ұран етіп ұстанған «Ұлағатты ұрпақ» ҚҚ-ның басты мұраты жастарды жігерлендіру, ұлағатты ұрпақ етіп тәрбиелеу.

Одан бөлек, қоғамдық қор болашақ ұрпаққа үлгі болып қаларлық игі шараларды ұйымдастырумен, мұқтаж жандарға қол ұшын берумен айналысады.

«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры төмендегідей ұстанымдарды басты мақсат етіп жұмыс жасауда:

  • жас ұрпақты елін, жерін сүюге, тілін, дінін, ата-анасын құрметтеуге баулу;
  • жастарды адамгершілік, имандылық қасиеттеріне тәрбилеу;
  • өнер-білімге құштарлығын және спорттық қабілеттерін арттыруға ықпал ету;
  • рухани құндылықтарымызды бағалауға насихаттау;
  • қоғамдағы белсенділігін арттыру;
  • қайырымдылық шараларын ұйымдастыру:

Өздеріңіз байқағандай, елінің, жерінің, ұрпағының болашағына алаңдап, ұлттық мүддемізді ұлықтап, салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген осындай ел жанашырлары барда, іздерін жалғастырып, үміттерін ақтайтын ұрпақтарымыздың болмауы мүмкін емес.

Бойында қайраты бар, білімімен оза шапқан, даналығымен дараланған, көшбасшылығымен сараланған, көрегенділік танытып, жан-жақтылығымен көзге түскер жастардың жалындап, келешектерінің кемел болуына ат салысып, рухани азықтандырып, қашанда қолдау білідіріп жүрген «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының мүшелеріне халық атынан алғысымызды білдіреміз. «Қолы ашықтың – жолы ашық» демекші ұрпақ үшін жасаған жақсылықтарыңыз жолдарыңызға шырақ болып жағылсын.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password